НЕГЕ ГАЗЕТ ОҚЫМАЙМЫЗ?

0
106

Баспасөзге жазылу науқаны жүріп жатқан кезде көзі ашық,көкірегі ояу бір жақсы танысымнан «газет оқисың ба, қандай газеттер оқисың?» — деп сұрадым. Оның жауабы мынадай болды: ой, сен де қызықсың, қазір кім газет оқып миын ашытып жатады,смартфон бар емес пе, теледидар бар, сол да жетеді – деді. Түсіндім кімнен сұрап жатқанымды…

 

Осы орайда есіме 80-нен асқан қарт тарихшы-өлкетанушы, газет оқымайынша ішкен асы бойына сіңбейтін Нұрқалбайұлы Құлтай түсіп кетті. Әр апта сайын ұзын саны 10-нан астам орысшасы бар, қазақшасы бар газет сатып алып, апта бойы соларды рухани азық ретінде оқып, өзіне керек деректерін қиып алып,сақтап қойып, керек кезде пайдаланатын ағамызға қызықтым.
Одан кейін Көксу ауданының Балпық би кентінің тұрғыны, досымыз, әріптесіміз, Кенжебек Бектемісовтың де газет жаздырып алып оқитынына бір таңқалдым.Қашан барсаң да столдың үстінде үйіліп жатқан газеттерді көресің: облыстық, аудандық газеттердің арасында «Қазақ әдебиеті» газеті жүреді. Ауданда осы газетті жаздырып алатын бірден-бір оқырман осы Кенжекең. –«Қазақ әдебиетіне » жазып жүргеніңіз жоқ, онда неге сонша қызығасыз?» — дегенде айтқаны: -Бұл газет біздің руханиятымыз ғой. Газет біздің ақтаңдақтарымызды айтуға жарады. Өткір мақалалар жарық көрді. Ұлт мәселесін ұдайы жазды. Біздің әдебиетіміздің төрдегі газеті ғой бұл – деген еді.
Оқырманның атын атамай-ақ қояйын, қысылып қалар «неге жаздыңыз?» – деп, біздің өңірде қазақша, орысша газеттермен қатар шетелдік газеттерді, олардың ішінде «Нью-Йорк таймс» газетін жаздырып алып оқитын оқырман бар екен. Қалайша қуанбасқа! Айтайын дегенім, мұндай газет оқырмандары аз емес. Ол дегеніміз баспасөздің, қағаз басылымдарының әлі сұранысы бар екенін байқатады. Ел іздеп жүріп оқитын басылымдар бар. Алайда, интернет өмірімізге енгелі газеттің ролі кемігені рас. Біз де өзгердік. Ақпаратқа деген сұранысымыз да өзгерді. Газет-журнал оқымайтын болдық. Неге?
Жалпы, байқағаным, жасымыз да, қартымыз да жарыса газет – журнал оқитын кезіміз артта қалғандай. Ақпарат көзінің негізі болып табылатын газеттер сияқты басылымдар қазір неге сұранысқа ие болмай қалды? Газетке шұқшиып отырғанша, интернетке кіріп қарап алмаймын ба керегімді дейтін жандарға газет оқудың пайдасы мынада деп айтар едім: біріншіден, газеттен сапалы ақпарат оқисыз, өйткені оны жазған адам жазылған жайларға жауапты адам.Оған қоса сауатты жазылған сөздер көз жанарында қалып,ойлы сөздер санаға сіңіп,рухани сезімің өседі. Екіншіден, тақырыптар алуан түрлі болып келеді. Іздегеніңді табасың. Үшіншіден, газет оқып- түсінуге ыңғайлы,түсінбеген жеріңді қайталап оқуыңа мүмкіндік бар.Төртіншіден, өзекті ақпараттар, өзекті тақырыптар жазылады. Бесіншіден, әртүрлі көзқарастар арқылы берілетін ақпараттар бар.Пікірталасуға мүмкіндік бар. Алтыншыдан, берілетін ақпараттар географиясы да, саласы да жан-жақты. Қайда, не болып жатқанын біліп отырасың. Осы орайда жас тілшіміз Нұрила Нұрболқызының жастармен жүргізген жедел-сұбхатына көңіл аударайық.

Газет оқитындар пікірі: Газетті не үшін оқимын?
Эльмира Смагулова, инклюзивті ақпарат порталы DeFacto корреспонденті
-Газет тексерілген, нақты ақпараттың көзі. Әлеуметтік желіде жалған ақпарат көп, ал газетте журналистердің жауапкершілігі жоғары.

Аманжолқызы Айдана, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің білімгері
Өз елімде, өңірімде болып жатқан маңызды жаңалықтардан хабардар болғым келеді.
Айша Қайырбек, Талдықорған Жоғарғы Политехникалық колледждің білімгері
— Газет тек жаңалық емес, терең талдау, сараптама, пайдалы кеңес. Бұл ойлануға, пікір қалыптастыруға ықпал етеді.
Мадина Ержанқызы, Талдықорған Медициналық колледжде қызметкері
— Үлкендердің тәрбиесімен өскен адам ретінде газет оқу – күнделікті әдетім.
Айым Бекбол, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің білімгері
— Кейде интернет болмаған жағдайда да газет қолжетімді ақпарат құралы.

Газет оқымайтындар пікірі: Неге газет оқымаймын?
Ақерке Берікжан, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің білімгері
— Барлық жаңалықты әлеуметтік желіден, сайттардан тез әрі ыңғайлы түрде аламын.

Арайлым Әзімхан, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің білімгері
— Газет маған ескі формат сияқты көрінеді, заман талабына сай емес деп ойлаймын.
Милана Ертуғанқызы, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің білімгері
— Уақытым тығыз, газет оқуға мүмкіндік болмайды.
Жансая Жанарбекқызы, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің білімгері
— Жастар арасында газет оқу сән емес, сондықтан мен де қызықпаймын.
Амина Ақылбаева, І. Жан-сүгіров атындағы Жетісу университетінің білімгері
— Ақпаратты мобильді қосымшалар мен қысқаша видео арқылы қабылдауға үйреніп қалғанмын.
Редакциядан:
Сонымен, газет оқымайтын қауымға айтарымыз : газет оқисыз ба, оқымайсыз ба — ерік өзіңізде, әрине. Десек те, сөз соңында «Алатау» газетінің тұрақты оқырманы, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны, ауыл ақсақалы, ардагер, әскери оқытушы, ұстаз Әсет Алжанбаевтың сөзімен айтқанда «әлеуметтік желі қалай түрленсе де, бәрібір баспасөздің орнын баса алмайды. Бізге ұлттық идеология керек. Біз — сөз ұғатын, сөзге тоқтаған «Ұлы дала ұрпағымыз», «газет-журналдың сөзі бір күндік, айтары мың күндік» екенін ашық айтқан ел Президенті Тоқаевтың сөзін толық қуаттауымыз керек – деген ой-пікіріне құлақ асуға болады. Сіз қалай ойлайсыз?

 

Баян ТАҢАТАРОВА