Мүмкіндігі шектеулі жанның мұңына құлақ түріле ме?

0
1754

«Сөзіме құлақ аспастан  мені  үшінші топқа кіріктіріп,  өмірлік мүгедектік  жәрдемақыға шығарып жіберді.  Одан бері аттай зулап бес жылдай уақыт өтті. Қос балдаққа сүйенгеніммен қоса, басымда баспанам да жоқ. Бір ауылдасымның  қаладағы үйінде  тіркеудемін. Сол мекен-жай бойынша дәрігерге қараламын.  Бірде сау, бірде ауру болып күн кешіп жатқан жайым бар. Басыма түскен жағдайымды айтып, бармаған, баспаған жерім қалмады.   Алайда, менің жайыма жан ауыртып, құлақ асар жан  жоқ»,  – деп ішкі  жанайқайын газет арқылы жеткізуді өтінген Ерлан Шалипбаев «Алатау» газеті редакциясына арнайы келіпті.

Қырықтың қырқасындағы балдаққа сүйенген кейіпкеріміз  жазатайым аяғына оқ тиіп, салдарынан мүгедек болып  қалған.  Ақжазық ауылының тумасына  Кербұлақ ауданындағы орталық ауруханада  ота жасалған. Бір аяғы кесіліп,  мүгедек деп танылды.

«Мұндай жағдайда  үшінші емес,  екінші топ берілуі тиіс еді.  Қазіргі күйім күй емес. Не жұмысқа жарамаймын.  Ал үшінші топқа   берілетін  мүгедектік  жәрдемақы 30 мың теңге.  Мұнымен қатар басымда баспана да жоқ. Осы  мәселені де шешіп берсеңіздер деп қалалық әкімдікке қаншама рет бардым. Кеткені бар,  жаңа келген әкімге де жолықтым.  Алайда,  еш қозғалыс жоқ.  Алдыңғысы  «Красный камень»  саяжайынан үй қарастырып көрейік деп еді, бәрі  нәтижесіз қалды.

Қазір үшінші топ мүгедектігімен  баспананың кезегінде тұрмын. Осы жаздың шілдесінде 6349-шы болып тізімге ендірді.  Бірақ, мына жайымда үшінші емес, екінші топ мүгедектігі берілуі  тиіс қой. Үй мәселесін шешіп беруге  және  мүгедектікті белгілейтін  медицианалық-әлеуметтік сараптама жүрігізетіндерге  жағдайымды айтып 3-ші топтан 2-ші топқа ауыстыруға  көмектесіңіздерші деп «Nur Otan» партиясы Талдықорған  қалалық филиалы  төрағасының бірінші орынбасары Аманжол Жазықбаевтың алдына да  бардым.  Бірақ,  олар бұл іске шамалары жетпей жатқанын айтты. 

Мүгедектікті белгілеуді қайта қарауға қолұшын созыңыздаршы деп    облыстық  денсаулық сақтау басқармасының,  қалалық емхана басшысына да барғанмын.  Денсаулығыма  қатысты қолымда барлық құжаттарым бар. Кейінгі кездері басым да жиі ауырады.  Мұның бәрін  учаскелік дәрігерден бастап  жақсы біледі.  Өкініштісі сол,  мені бәрі  «жынды» санап,  «псих» деп диагноз қойды. Жүйке-психикалық диспансеріне  барып емдел дейді. Бірақ мен саумын, арасында  «приступ» ұстап қала беретіні  болмаса… 

Өмірлік деп берген үшінші топтан  қайта  екінші  топқа ауыстырыңыздар деп Медициналық әлеуметтік сараптама бөліміндегілерге  де бардым. Бірақ олар «қайта құжат жинап алып келіңіз» деп қайтарды. Алайда,  сол  құжат жинау деген сау адамды  ауру қылатынын айтпағанның өзінде мүгедектер үшін, әсересе, мына менің жағдайымда  тым қиын екенін неге олар бағамдамайды деп қапалымын.  Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі адамдар мейірім-шапағатқа сараңдау болып бара ма дейсің»,  – деген  Ерлан  өзінің   ішкі жанайқайына  құлақ түрілер деп сенеді.

PS : Бұл  бір ғана  мүгедектің басындағы  жайт.  Ал, қоғамда  мұндай жандардың қарасы аз емес-ау…  Қалай дегенмен,  балдаққа сүйенген  Ерланды арлы-берлі шапқылатып қойған көріністен бүгінгі ақиқаты жоқ қоғамның шынайы бет-бейнесін  аңғаруға болатындай.

С. ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ.   

 


ПІКІР ЖАЗУ