Аралас мектептен арылатын уақыт жетті

5
1759

Атам қазақтың аса бір жағымсыз, жайсыз хабарды естігенде: «Ой, Алла-ай, жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты», – деген ықылым заманнан бері айтылып келетін  қағидаға бергісіз қанатты сөз бар. Алайда ай мен күннің аманында бұл қанатты сөзді жарияға жар салып тағы да бір қайталауымызға тура келіп отыр.

Оған не себеп болды десеңіз, әлеуметтік желідегі желдей есіп, елді дүрліктіріп жүрген Талғар қаласының жоғары тау жақ беткейіндегі (Инкубатор) шағын ауданында салынған жаңа мектепті аралас мектеп етіп ашамыз деген айғай-шуы қарапайым халықтың ашу-ызасын туғызды. Жалпы осы аралас мектеп деген кімге керек? Соның астарына тереңірек үңіліп көріңіздерші. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді басты назарда ұстау қажеттігіне баса назар аудара келіп: «Біз мемлекеттік  тілдің  мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз», – деп соқырға таяқ ұстатқандай нақты айтып, тапсырма да берген еді. Сонымен бірге Мемлекет басшысы өзінің дәстүрлі Жолдауында: «Ата заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі. Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Бұл отаншылдықтың басты белгісі болып табылады», – деп тағы да қазақ тілін білу баршамызға ортақ міндет екенін ескертті. Ел Президенті осындай қолдау көрсетіп отырғанда, мемлекеттік тіліміздің өркендеуіне балта шабатын шешімге жол беріп отырғандардың өрескел қылығына қалай ғана күйінбейсің? Сонда жергілікті билік пен білім басқармасы Мемлекет басшысының   сөзін аяқасты еткені ме? Қолдамақ түгілі құлаққа да ілмегені ме? Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқан «Жаңа Қазақстанды» құрудың асыл діңгегі қазақ тілінің мәртебесін көтеруден басталатынын ұмытпайық.  Аралас мектептен арылмайынша, ұрпағымызға ана тілінде толыққанды тәрбие бере алмаймыз, Тәуелсіздіктің тұғырын биіктету де мүмкін  емес. Аралас мектеп деген бұл – дерт. Ұлтымыздың жазылмас жарасы. Тілімізді шұбарлап, бізді шүршіт жасаудың ең тиімді әрі төте жолы. Қаншалықты ақымақ болсақ та бұл үрдістің кешегі кеңес үкіметінің кезінен келетін кесел екеніне көз жеткізетін уақыт жетті ғой.

Ал еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі отыз жылда осы олқылықтың орнын толтырып, аралас мектептердің санын азайтамыз ба десек, керісінше тағы да бір мектепті аралас етіп ашамыз деу ел намысын аяққа таптап, ұлттың болашағынан үмітін үзу деген сөз. Ұлттың үнін, ұлттың мұңын түсінетін адамға бұдан асқан қорлық, бұдан асқан сорлылық жоқ. Талғардағы жаңадан салынған мектептің аралас болуын жан тәнімен қалаған билік басындағы құзыретті тұлғалар  әлі де болса ойланыңдар.  Мектеп –  ұлттың келешегі, келбеті, бет-бейнесі мен беделі. Білімнің бастау бұлағы, ұлтымыздың жанар шырағы, негізгі қайнар көзі.

Бұлақ пен бастау таза болмаса, одан сусындап өскен ұрпақтың рухы да тазармайды.  Олар да қанаттары қатып, бұғанасы бекімей жатып  өзінің туған ана тілінде сөйлей алмайтын рухани дертпен ауыратын болады. Ал өзіміз қолдан жасап беріп отырған дертті өмір бақи емдеп жаза алмайсың. Қазақ тілінде сөйлемейтін, тіпті сөйлей алмайтын, сөйлесе де немқұрайлы, «басын жарып», «көзін шығарып» тілді бұзып  шұбарлайтын шүршіттердің санын ғана көбейтеміз. Бұны бізге осы күнге дейінгі өмір тәжірибесінің өзі көрсетіп отырған жоқ па? Мұндай кері кеткен керенаулық пен келеңсіздік кімге керек сонда?  Тәуелсіздік алдық дегенімізге 30 жыл болды десек те, әлі есімізді жиып, етегімізді жауып үлгермедік қой. Үш ғасырға жуық жүргізілген орыстың отарлау саясаты мен ұлттың қамын ойлаған Алаш арыстарын «халық жауы» деп жаппай қырғынға ұшыратқан кеңестік жүйенің кесапатын көрген қазағым қашан оянасың? Әлі күнге дейін орысқұлдық саясаттың шырмауынан шыға алмай  шыр-пыр болып жүрген мемлекетті құрушы негізгі ұлт болып саналатын қазақ халқының жанын жегідей жейтін аралас мектеп сияқты сыртын сылап тұрсаң да, ішің жылап, сылағы құлап тұратын санамызға еркімізден тыс зорлап таңған кеңестік интернационализмнің жалған сарқыншағы осы аралас мектеп емес пе? Біз алдыңғы аға буын өкілдері келешек жастар алдында   жауаптымыз. Бүгінге дейінгі ұлтымыз шеккен зардапты болашақ жастар қайталамасын десек, аралас мектептерді ашуға емес, оның түбегейлі жойылуына барынша күш-жігерімізді салуымыз керек. Ұзақ жыл білім беріп, ұрпақ тәрбиелеген ұстаз ретіндегі ұсынысым – Тұрар Рысқұловтай ірі тұлғаның атындағы, бүгінде аядай ғана балабақшаның ескі ғимаратында қысылып, қымтырылып отырған  № 9 қазақ мектебін жаңадан салынған мектепке көшіру керек те, аралас мектеп ашамыз деген айқай шуды басу керек. Оған екі мектептің де орналасқан жері, аумағы, аралары өте жақын. Ескі мектептен жаңа мектепке баратын оқушылардың ыңғайына да өте қолайлы. Бойында қазақтың қаны тулаған, халқы шеккен қасіреттен хабары бар ұлтының намысы мен ұрпағының болашағын ойлайтын ұлтын сүйген ұлықтар болса, осы ескертпелер мен жанайқайымызды түсініп, ұсынысымызды қабылдайды деген сенімдеміз.

 Камнұр ТӘЛІМҰЛЫ, 

ҚР білім беру ісінің үздік қызметкері,

 Талғар ауданының

Құрметті азаматы.

 Сурет  ғаламтордан алынды.

 

 


5 пікір

  1. Маржан Жұмағалиева 7 февраля, 2022 at 16:48 Ответить

    Аралас мектепке қарсымын. Себебі оқушыларды қазақ, орыс және басқа тілде бөліп оқытқанымен аралас мектептің оқушыларының 80-90 пайызы орыс тілді болып шығады. Қазақ тілі көлеңкеде қалып қояды. Баланың тілі өзінің ана тілінде шығуы керек. Орысша, аралас мектепте оқығандар өз балдарының тілін де орысша шығаратыны — күмәнсіз. Бұл тұқым қуалайтын дерт сияқты жайыла береді де, үшінші ұрпақ өзінің қазақ екендігін есіне де алмайды. Мұндай дерттен айығу керек деп ойлаймын.

  2. Аскар Сыбайласов 7 февраля, 2022 at 18:11 Ответить

    Ассаламу алейкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ.
    Өте орынды мәселе көтеріліп отыр. Қазақ мемлекетінде ұлт аралық тіл орыс тілі деген келеңсіздікті жоймай осындай ұлтымыздың тамырына балта шабу тоқталмайды. Қазақ елінде бірғана тіл-қазақ тілі болу керек. Пікірді қолдаймын.

  3. Жанар 8 февраля, 2022 at 19:58 Ответить

    Қазақ мемлекетінде отырып, өз ұлтымызға қызмет етпесек несіне жүрміз осы.
    Аралас мектепке тоятын уақыт болды.Ұлттық тәрбиеден алшақтап бара жатқанымыздың бір ұшы осы аралас мектеп пен өз тілінде сөцлей алмайтындар мен өз тілін менсінбей шүлдірлейтінднрде жатқаны белгілі.
    Қамнұр ұстаздың жанайқайын тыңдап, Талғар ауданын қазақтандыратын таза қазақ мектебін ашатын уақыт жетті.
    Өзгенің сойылын соғып, жағдайын жаспп болдық емес пе?!
    Мен осы мақаланы қолдаймын.

  4. Бірлік 9 февраля, 2022 at 11:24 Ответить

    Қосыламын. Аралас мектептерді азайту керек. Мектептерге кіргенде қазақтың тілімен бірге қазақтың рухы білініп асқақтап тұру керек деп ойлаймын.

  5. Бірлік 9 февраля, 2022 at 11:26 Ответить

    Қосыламын. Өте орынды айтылған. Аралас мектептерді азайту керек. Мектептерге кіргенде қазақтың тілімен бірге қазақтың рухы білініп асқақтап тұру керек деп ойлаймын.