«Сағыныштың Мифі»

0
1648

Ана,  сенің мейірің

Күннен нәр алған ба?!

Нұрдан жаралған ба?!

Жүрегің үлкен бе екен

Осынау ғаламнан да?

 Ана, сенің пейілің,

Бұлақтың мөлдіріндей,

Әлемнің кеңдігіндей!

Кешіріп жүрсің мені

бұрқансам желді күндей.

 Ана, сенің қуатың

рух берді ұшарымда,

От берді күш алуға.

Біз сенген Жұмақ, бәлкім

Ол сенің құшағыңда?!

 Жарқын да жайсаңдаймын,

Қату да қайсардаймын.

Сонда да саған мұны

жарқылдап айта алмаймын.

Аман жүрші, Ана!

Иә, Сағыныш ақынның қай өлеңін  оқысаңыз  да   жан   жайланып сала береді. Оның  әр жырында   сағыныштың  лебі   еседі.  Ақын өлеңдері  алапат күйге бөлеп қана  қоймай, кейде  шексіз бір кеңістікке жетелейді.

Жақында  Сағыныш  Намазшамованың   жаңа  кітабы жарық көрді. «Менің мифім» деген атаумен шыққан кітаптағы әр өлеңде  нәзік сезім де, парасатты ой да, азаматтық үн де төгіліп жатыр. Жаңа кітаптың  таныстырылымы Janr Ádebı Klýby-ның   ұйымдыстыруымен  оқылым  форматында өтті.

Бір сағаттық кеште жаңа кітаптың жартысынан жуығы оқылып тасталғанын айтты барғандар. Қалай дейсіз бе,  Janr Ádebı Klýby мүшелерінің оқылымымен. Есболат (А) айтқандай, бұл бір поэзия оқымайтын, оқуға уақыт таппайтын типтер үшін таптырмас формат. Яғни, келесің де отырасың, өзгелер нақышына келтіріп тұрып өлеңді оқып береді. Бұған тағы әсерлі музыканы, сонсын тып-тыныш аудиторияны, қаракөлеңке фонды қосыңыз. Әдеби атмосфера жақсы шығарманың шырайын ашса, тыңдаушыны  құдды бір ғарышқа ұшырып әкеткендей болады.

Бұл  кеште өлең   ғана оқылып  қоймай, ақын жырлары туралы ағалардың ақ жарма  ойлары  айтылды. Солардың бірі филология ғылымдарының кандидаты  Сайлау  Қажыбекұлы бүй деді.

–  «Сағыныштың  мифі»   –   ол   Сағыныштың ішкі жан дүниесі, дүниетанымы. Дүниетаным тек отбасынан ғана емес, жан-жақты, терең оқығаннан  қалыптасады. Ата-бабамыздан келе жатқан  мифтер:  кие,  наным, сенім бар. Оларды  жоққа шығармаймыз. Бірақ,  поэзияда осыны көрсетудің әдіс-тәсілдері бар. Сағыныш  осыған ден қойып, жақсы жеткізген.

Жауын да жеп-жеңіл, бұлт та, тұман да аппақ. Бұрын тұман ішіне кірсек адасып, тұманды  басқа жағынан  бейнелейтін едік. Ал қазір аппақ  тұманның ішінде жүрміз. «Жанарынан жыр саулайды»  –  мұны түсінбеген адам «жанардан жас тамушы еді, қалай жыр саулайды» деп ойлайды. Бұл – Сағыныштың өскені. Оның  мифі әркімге бір ой салары анық. Ал, кез келген өнер – адамға ой тастауы керек. Сағыныштың өлеңдері сана түбіндегі қоламталанып қалған дүниені үрлеп жағады.

Мұнан кейін өзінің сүбелі ойын ортаға салған облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары, ақын  Нүсіпбай  Әбдірахым: «Сағыныш  өлеңге өзінің сағынышымен, құштарлығымен, іңкәрлігімен келді. Мұқағали ақын айтқандай: «Жүрегіңді алдымен жайып таста, кереметтің көкесі сонда болар»  дейді. Сағыныш қай өлеңінде болмасын өзінің жүрегін жайып тастап отырады. Кейбір өлеңдер бар:  ұйқасы, бунағы келіп тұрғанымен  өлеңде сезім болмай жатады. Ал Сағыныштың өлеңдері негізінен сезімге құрылған, сонысымен оқырманын тартады. Жақсы әнді қайталап тыңдай бергің келетіні тәрізді Сағыныштың  өлеңдерін  оқи бергің келеді.  Сондай-ақ,  өлеңдерінде  керемет бір ішкі ырғақ бар.

Сағыныштың  өлеңдерін айтқанда, оның аудармасы жайлы да айтпай кетпеске болмас. Мына жаңа кітабында өзім  атын естімеген  ақындардың өлеңдерін жақсы аударғанын көрдім. Сағыныштың  өлеңдері поэзияны   сүйетін әр  адамға  рухани азық болары анық» деп ағынан жарылды.

Алдыңғы толқын ағалар айтқандай, ақынның әр өлеңі философиялық ойға жетелейді.

«Ақын жырды  өзінің жанымен сырласу үшін жазады. Өзінің жанымен сырласқаны басқаның жүрегімен үндесіп, соның жанына сәуле түсіріп, нәр беріп жатса, ой-өресін алға жетелесе  әдебиет деген сол.  Сағыныштың алғашқы кітабын  оқығаннан-ақ оны  ақын деп түйіп қойғанмын», –  деп бастайды сөзін  оқылым форматындағы кештің басты кейіпкері турасында Жетісу» телеарнасының директоры Серік Әбікенұлы.  – Сағыныш  өз  тұңғиығында өмір сүретін ақын. «Менің мифім» атты кітаптың сыртындағы суретке қарасаңыз, бәйтерек тұр. Ал бәйтеректің бәрі әйел силуэтінен жасалған. Бұдан нені байқаймыз? Бұл – Сағыныштың  тереңнен тамыры үзілмеген, бағзы  қазақылық, әдебиет туралы  түсініктен, болмыстан ажырамаған  шығармашылық  адамы  екендігін байқатады.

Мен оның тереңдігіне таң қаламын.  Әлем әдебиетінен хабары бар, бәрін оқығанымен  өз өлеңінде, қазақтың қара өлеңіне ешқашан  эксперимент жасамайды. «Өлең мен ой» эксперимент арқылы емес, өрнек арқылы жетеді. Мәселен, «Менің мифім» кітабында: «Төсек деген табытқа таңып қойып, Құдай менің жанымды күнде алады» – дейді. Қандай  сөз! Ақынның міндеті осындай ой арқылы қоғамды, адамды, өз ұлтын алға  жетелеп отыруы тиіс.

Жалпы әдебиет деген ұлттық сипаттан гөрі адамзаттық сипатқа тән дүние ғой. Егер оның айтқан ойы адамзатқа  тән болса, сол әдебиет озады. 

«Менің мифім» кітабында Сағыныштың кесек-кесек, ер мінезді болмысы тұр. Кітаптың тең жартысы сондай, тең жартысы оның тағдыры… өлеңдерінде қара бояу көп, түн туралы көп айтады.

Сағыныштың өлеңдерінде ешкімге еліктеушілік жоқ. Ол  Талдықорғанда жүріп,  басқалардың тілімен айтқанда, провинцияда жүріп Республикалық ақындарға  «фора» беретін, сондай деңгейге көтерілген ақын. Сағыныш антикалықтан  бастап, қазіргі заманауи, дүниежүзілік  әдебиеттің барлық элементін оқып, жырларында, мақаласында қолданып жүрген  талант иесі. Ал, ақынға абыройды тереңдікпен әкеледі. Сағыныш жан-жақты,  терең  ақын.

Осындай ақ жарма сөздерден кейін  «Сыр сандық» бөлімінде кеш қонағына қатысты жасырылған сауалдар да қойылды.  Сыр сандыққа ақынның ғайыпқа сеніп өмір сүруі, әдебиет төңірегіндегі түрлі сауалдар жасырылыпты. Мәселен, «Әдебиеттің миссиясы қандай?» деген сауалға орай:

Өлең жазғанда  оны көпшілік  оқиды деп жазбайсың, өзің үшін жазасың. Бұл деген, өмірге  әкелген  балаң  сықылды ғой. Балаңды өзің үшін туып, өзің үшін өсіресің, содан кейін барып қоғамға қосасың.  Егер  де сол балаң  қоғамда орны бар азамат болып шықса, ол сен үшін қуаныш. Өлең  де мен үшін дәл сондай. Яғни, жүректен шыққан өлеңің өзгенің жүрегінен орын алып, жол тауып жатса құба-құп қой. Негізінен, о баста дүниеге келгенде  ол сенің ішіңде толған дүниені сыртқа шығару… одан кейін де жаңа бір өріс алып, аудитория жақсы тыңдап жатса, ақын үшін мың мәрте қуаныш   –  дейді Сағыныш ақын.

Осы кешке арнайы қатысып, жылы лебізін жаудырған  облыс әкімінің  баспасөз қызметінің жетекшісі Руслан Ербота дұрыс айтады. «Сағыныштың жанында жүріп,  онымен араласқан біз шынында да бақыттымыз».

Бұл кештің керемет өткені мен  ақынның от түсті көйлек киіп лапылдап жанғаны туралы  Есболат (А)  өзінің Фб парақшасында әдемілеп   жазды.

Сағыныштың өлеңі туралы сан алуан ой қаузаған ағалар сөзі ақын жүрегін жылытпады дей алмаймыз. Ал, ақынның   жұмыстағы жаңа жетекшісі  Руслан Ерботаның  айтқаны   ақынның ғана емес, кештегі  көптің жүрегіне ерекше ой ұялатқандай.

«Мен Сағыныштың есімін сырттай естіп жүргеніммен, көрмеген екенмін. Міне, енді,  екі аптадан бері қызметтес болып жатырмыз. Шынымды айтсам,   таңғалып отырмын. Неге десеңіз, мемлекеттік қызметте, соның ішінде баспасөз саласындағы қауырт жұмыстарды атқара  жүріп  мұндай   өлең жазу деген ғажап… Бұған дейін ақындар не үшін өлең жазатыны туралы ойланып көрмеген екенмін. Бүгінгі кештегі  оқылған ақын  өлеңдерінің  басым бөлігі лирикаға толы болғанымен, ішіндегі бір өлең  қатты таңғалдырды. Бұл өлеңнен саясаттың иісі аңқыды. Мұндай  саяси өлеңді бұрын-соңды Анна Ахматовадан да оқымаппын.  Үндемей жүріп, биязы, қазақи  қалыппен  жазатын Сағыныш ақынның осындай саяси өлеңге қалам тербеуі мені қатты таңқалдырды»  –  деген  ол  ақын өлеңдері оны  сезімге де жетелеп, ойлануға да мүмкіндік бере алғанын айтты.

Бұл жолы ақынның жаңа кітабының тұсауы кесіліп қойған жоқ, клубтың былтыр қолға алған мәнерлеп оқу (читка) жобасы жалғасын тапқанын да айта кетейік. Сонымен қатар  Janr Ádebı Klýbyның бір жылдығы атап өтілді. Бұл клуб былтыр ақпанда Айнұр Төлеудің бастамасы, Марлен Көлбаевтың қолдауымен құрылған болатын. Ал,  алғашқы іс  Мұқағали Мақатаевтың мерейтойына орай жыр эстафетасымен ашылды.  Клуб мүшелері бастаған челленджге бүкіл қаламгерлер, біраз шенеунік, әкім, депутаттар атсалысты.  Онан кейін де ұзын ырғасы оншақты  іс жүзеге асқан. Әдеби кештер,  «Жусан иісі» әңгіме байқауы,  кітап шығару… Мәнерлеп оқу. Өткен жылғы қарашада жазушы Есболат Айдабосынның кеші осы мәнерлеп оқу форматында өткізілді.

Бұл жолғы Сағыныш Намазшамованың «Менің мифім» атты кітаптың тұсаукесері мәнерлеп оқу форматындағы өткізіліп отырған екінші кеш деуге болады. Алдағы уақытта да клуб мүшелерінің ұйымдастырылуындағы мұндай кештер жалғасын таппақ.

С. ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ.


ПІКІР ЖАЗУ