«Наурыз қоржын» тартуы

0
1192

Шығыс  халқының  Жаңа жылы саналатын Ұлыстың  ұлы күні  Әз-Наурызды  мерекелеуде. Ақсу ауданында  түрлі  іс-шаралар өткізу жоспарланған. Сондай  игі  шараның  бірі  Ақсу аудандық  орталық  ауруханасында өткізілді.

Аурухана  директоры Салтанат Мықтыбаева,  «Сенім» кәсіподақ комитетінің төрайымы Бағлан  Сейтқожанова, «Ақниет» кәсіподақ ұйымының төрайымы Бақытгүл Бабикова, емхана меңгерушісі  Айгүл Оралбекова, бас медбике  Меруерт  Арғынбаева  бастаған медицина мамандары   ауруханада қызмет еткен, әлі де еңбек етіп жүрген ақ желеңді абзал жандармен қатар,  ауруханада емделіп жатқан,  сондай-ақ,  онко дертіне  шалдыққан  балалардың  үйлеріне арнайы барып,  мерекелік  сый-сияпаттар табыс етті.

Игі  шарада  аурухана  басшысы Салтанат Жексембекқызы ақ тілегін арнады. «Наурыз – ұлтына, дініне қарамастан, барша жұртты ұйыстыратын жалпыұлттық мейрам. Бұл мереке халқымызды береке-бірлік пен ортақ мүддеге жұмылдырады.  Біз әрдайым қиын сәтте бір-бірімізге қол ұшын созып,  қолдау көрсетуге дайынбыз.

Пандемияға айналған  коронавирустың кеңінен таралуынан екі  жыл  қатарынан  Наурыз мейрамын атап өту шаралары тоқтатылған  еді. Ырыс пен ынтымағымыздың арқасында бұл қиын-қыстау кезеңнен де сүрінбей өтіп, биылғы жылда осындай шағын мерекелік шаралармен жалғасын тауып отыр. Аурухана ұжымы  ұйымдастырған  игі  шара соның бір  көрінісі десек  болады. Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке және толайым табыс тілеймін! Әз-Наурыз әр шаңыраққа шаттық пен қуаныш әкелсін!» –  дей келе, ауруханада үздіксіз еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан ардагер дәрігерлерге мерекелік сыйлықтар табыс етіп, құрмет көрсетті.

«Наурыз қоржын» атты  шара  аясында ұжым мүшелері  ауруханадағы балалар  бөлімінде емделіп  жатқан бүлдіршіндерге  де  сый-сияпат тарту  етті. Дәрігерлер  тарапынан  балаларға  көрсеткен  ілтипатқа риясыз қуанған аналар  өздерінің  алғыстарын  да білдірді.

Аурухана  директоры С. Мықтыбаева мұндай  шаралар  алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтты.

Сарби  ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ

АҚСУ АУДАНЫ


ПІКІР ЖАЗУ