«Мейірім» орталығының қайырымдылық шарасы

0
1019

Наурыз айының 14 жұлдызында №28 IT мектеп лицейінде «Мейірім» балалар шығармашылық орталығының қайырымдылық жәрмеңкесі өтті.

«Мейірім» орталығы өзінің жұмысын жүргізгеніне бір жылға жуық уақыт болды. Он екі үйірмесі бар орталық  500-ге жуық баланы оқытты. Осы бір жыл ішінде балалардың қолөнерден жасаған заттары қайырымдылық іс-шараның көрмесіне қойылып, қызығушылық танытқан жандарға қолжетімді бағада сатылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шараны өткізуді  көптен бері ойға алған. Тың жоспар көктемнің айтулы мерекесі Көрісу күні мен Ұлыстың ұлы күні қарсаңына тұспа-тұс келді. Орталықтың балалары жасаған қолөнерлерін әкеліп, оны өздері сатып мәз-мейрам болды. Және онымен ғана шектелмей,  сол жерде өз өнерлерін көрсетіп, жиналған көпшілікті таң тамаша етіп, оларға  керемет көңіл-күй сыйлады. Атап өтсек, бір топ балғын суретшілер түрлі картиналарды дәл сол жерде тұрып салса, енді бірі  домбырамен күй шертті, тағы басқасы келген қонақтарға патриоттық өлеңдер оқып берді.

Аталған іс шараның басы-қасында жүрген «Мейірім» орталығының директоры Гүлмира ҚУАНЫШҚЫЗЫ  шараға ортақтасқан көпшілікке алғысын айтып,  ішкі ойын да ортаға  салды.

«Қайырымдылық жасау – сауапты іс. Мәселен, мен балама жеңіл тілмен былай түсіндірдім. Заттарыңды сатсаң сен мүмкін бір балаға көмек бересің. Оның анасы дәрі алып береді немесе керек затымен қамтамасыз етеді. Бір баланың еміне қажет сомманы жинауға атсалысасың. Бұл заттарды сату арқылы бәрің  сондай бүлдіршіндерге  көмектесесіңдер деген болатынмын. Оны түсінген балалар қуана-қуана заттарын алып келді.

Оқушыларымыздың барлығы үйірмені сағынып жүр. «Апай, үйірме қашан ашылады деп қайта-қайта сұраудан жалықпайды. Тіпті, кейбірі бүгінгі ұйымдастырған іс-шараны ашылғанымызға балап, қуаныпты. Оларға әзірге мүмкіндік болмай жатыр деп түсіндіріп жатырмыз. Шыны керек, орталықтың ашылатынына  өзімізде үміттеніп жүрміз. Ұстаздар да балалармен жұмысты сағынды».

Қайырымдылық шарасына балалардың ата-аналары да келіп қатысып, өз үлестерін қосып, перзенттеріне қолдау көрсетті. Осындай  игі істі жасаған орталық директоры мен  ұстаздарына алғыстарын білдірді.

Гүлдәрі ДОСАНОВА :  – «Мейірім» орталығының  әр ұстазына  рахмет айтамын. Сауапты іс жасаумен қатар, балаларға да қуаныш сыйлап жатыр. Балапаным дән риза. Мені «Жетісу», «Қазақстан» телеарналарынан көрсетеді деп төбесі көкке бір елі жетпей жүр. Мен осындай үйірмеге баламды қатыстырғаныма өкінбеймін. Ұстаздарының қарапайымдылықтарына тәнтімін. Жұмыла көтерген жүк жеңіл дегендей, бұл белесті де бәрі бірге еңсерді. Алдағы уақытта орталық бұрынғы қалпына келіп, жұмыстарының нәтижесін шығарып, еңбектерінің еленетініне сенімдімін

Білім ордасында ұйымдастырылған бұл игі істі насихаттауға «Қазақстан» ұлттық телеарнасының шығармашылық тобы Алматыдан арнайы келді. Сонымен қатар өңіріміздің жергілікті «Жетісу» телеарнасының тілшілері де аталған шараға қолдау көрсетті.  Орталық ұжымы барша көмек қолын созған балаларға және ата-аналарына, мектеп ұжымына, ұстаздар  қауымы мен БАҚ өкілдеріне алғысын білдірді.

Шара соңында ұйымдастырушылар атынан № 28 IT мектеп лицейінің директорына Алғыс хат беріліп,  жиналған қаржы табыс етілді.

А. НҰРЖАПАР.


ПІКІР ЖАЗУ