Қаңтардың қасап күндері

0
1117

Қазақ халқының бір жақсы қасиеті өткен жылдардың қиындығы, ел-жұртқа жайлылығы жөнінде неше түрлі сараптама жасап, аяғын жақсылыққа әкеп тірейтіндігінде.2021 сиыр жылы қазақстан халқын  ғана емес, әлем  жұртшылығын  әбігерге салған ауыр жыл болды. «Тәжтажалдан» елімізге белгілі зиялы қауым өкілдері мен қазақтың небір асыл ұл-қыздары  келмеске кетті. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады» демекші, табиғи қуаңшылық пен егістіктерге су жетіспеушілігі, алыпсатар делдалдардың жымысқы әрекеттері, қымбаттаған түрлі дүниелер елімізді тығырыққа тіреді.

Осының бәріне шыдаған халқымыз жыл соңында егемендігіміздің отыз жылдығын ел боп атап өтіп, болған іске бекем болудың үлгісін көрсете білді. Ұшар басынан етегіне дейін ақ ұлпа қарға малынып, күмістей жарқырап жататын Алатаудың маңайында биыл қар аз. Жер беті қоңырқошқылданып, сүреңсіздеу кейіпте жатыр. 2022-ші барыс жылы басталғанда да күн бұлыңғырланып, зеңгір көкті тарғыл бұлт бүркеп, ел еңсесін ауыртпалық басқандай болып тұрды. Өткен жылдың соңында қара басының қамын ғана ойлайтын монополистер мен алыпсатарлардың өзара ымыраласуынан табан астынан 60 теңгенің сұйық газы 120 теңгеге көтеріліп, «шықпа жаным шықпа» деп отырған халық, наразылығы инстаграм, фейсбук беттеріне шыға бастады. Ашкөз тойымсыздардың бұл қылықтарын сынға алғандардың «бұл тоқтатылсын» деген өтініш арыздары айтылып та, жазылып та жатты. «Аға деп барсаң ағаға, ағаның көңілі көкте жүр, бауыр деп барсаң бауырға, бауыры оның көк темір» деп Есенқұл ақын айтпақшы,  «тәжтажал», құрғақшылық пен қымбатшылықтан жапа шеккен халық биылғы барыс жылынан үмітті еді. Қаңтардың екінші жұлдызы Алматы аспанын сұрғылт тұман басып, түтін бүркіп тұрды. Ауырлықты сезгендей елдің де еңсесі көтерілетін түрі жоқ. Сұйық газдың бағасының жоғарылауы Жаңаөзен, Атырау халқының наразылығын күшейтіп, ереуілге шығуға әкеп тіреді. Президентіміздің тапсырмасымен онда барған өкімет өкілдері бұрын оны байқамағандай, жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты сезбегендей кейіп танытып, бейбіт шерушілермен мәмілеге келген болып, бағаны амалсыздан бұрынғы қалпына келтіруге мәжбүр болды. Біздің шен шекпенділеріміз әр сөздерінде үлгі жасап жүретін АҚШ-тың бұрынғы Президенті Ф. Рузвельт «Бизнесменнен мемлекет қайраткері шықпайды, өйткені ол өз қалтасын ғана ойлайды» деген екен заманында. Ол өз ұлтының тілі, ділі, әдебиеті мен мәдениеті, салт-дәстүрінің ақшаға айырбасталып кетпесін дегенді меңзесе керек. «Ар жазасы, бар жазадан ауыр» дейді дана халқымыз. Жан-жақтан қымбатшылық қысып, азық-түліктің бағасы шарықтап тұрғаны жанына батқан халық, 4 қаңтар күні таңертең Алматыда  алаңға шығып, бейбіт шерушілер бұл жағдайдың барлық жерде белең алып тұрғанын, мемлекет басшыларының құлағына жеткізбекке бел буды. Іздегенге сұраған Құланның қасуына – мылтықтың басуы» дегендей, халықтың бейбіт бас көтеруін өз пайдасына асыруға ниетті сыртқы, ішкі бұзық ойлы саясаткер, лаңкестер отқа май құйып шыға келді. 5-ші қаңтарда басталған  шеру бір мезетте Алматы, Тараз, Талдықорған, Шымкент, Қызылорда, Семей, Ақтау, Атыраудан жалғасын таба бастады. Қасым-Жомарт Тоқаев сол күні қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, әрі Президент ретінде теледидардан үндеу жасап,  ұйымдастырушылардан келеңсіздікті тоқтатуын қайта-қайта өтінді. Қала ғимараттарын қирату, тонау орын ала бастады. Бұл қазақ халқына тән қасиет емес еді. Мемлекетке қорған болып, халықтың қауіпсіздігін қорғайтын құзырлы мекеме  қызметкерлері ғимараттарын бос қалдырып, табанын жалтыратып тайып отырды. Істің соңы күрделеніп, мемлекет төңкерісіне бағыт ала бастағандай. Қазақстан халқының қауіпсіздігі мен егемендігіне нұқсан келмесі үшін Президент шұғыл шаралар қабылдап, (ОДКБ) ҰҚШҰ ұйымынан көмекке күш сұрайтынын жария етіп, лаңкес, терроршылар Отанымызға басып кіргенін мәлімдеп, шарасыздықтан оларға қатаң жаза қолданатынын айтып, соңғы шараларға баруға мәжбүр болды. Барлық қалаларда коменданттық сағаттар орын алды. Бейбіт шерудің арты мазарға сүйек көтертті, бас көтерушілерді жаппай темір торға тоғыта бастады.

Бұл оқиға 1986 жылы үш күн ішінде болған желтоқсан көтерілісін көз алдыма айна қатесіз алып келді. Ол шақта институтты бітіргеніме екі жыл болған. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы, Қаракемер ауылында жетекші маман болып жүрген кезім еді. 14 желтоқсан кезекті демалысыма шығып, 15 желтоқсан күні Алматыда ақын інім Әзімбек Жанқұлиев, жезқазғандық күйші Алпысбай Тұрсынбеков үшеуміз жолығып, Байсейітов көшесінің бойындағы қымызханада бас қосып, өткен студенттік күндерімізді еске алып жақсы көңіл күймен тарасқанбыз.

1986 жыл. 16 желтоқсан күні теледидарда кешкі жаңалықтардан диктор Ласкер Сейітов Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Д. Қонаев жұмысынан босатылып, орнына Ресейден Ульянов облысының бірінші хатшысы  Г.Колбиннің келгенін хабарлады. 17 желтоқсан күні сағат ондар шамасында халық көтеріліп, зиялы қауым өкілдері және көбіне жастар алаңға жинала бастады. Бәріміз алаңға бардық. Жиналушылардың негізгі талабы «неге Ресейден басшы келеді, бізден Қазақстанды басқаруға бір қазақ табылмады ма?» деген ұрандар еді. Халықтың  қарасы көбейе бастады. Түс ауа алаңдағы мінберге халықты  тоқтату мақсатында төрт-бес кісі көтерілді. Есімде қалғандары жоғары шенді қызметкерлер З. Камалиденов,  Мирошник,  Н. Назарбаев. Бір кезде шетте тұрған кісі «Мен министрлер кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевпын деп сөз бастап, Орталық комитеттің шығарған шешіміне қарсы келмейік, жастар тараңыздар» деп басу айтты. Оны құлаққа ілген ешкім болмады. Жиналған жұрт басшылық мәселесі шешімін таппай алаңнан тарамайтынын мәлімдеді. Кешкісін апай-топай басталып,  әскер шақырылып, жиналған халыққа көз ашытатын түтінді дәрілер лақтырылып, өрт сөндіретін көліктермен су шаша бастады. Бұл әрине жоғарғы жақтың тапсырмасын орындаушы қауіпсіздік комитеті КГБ қызметкерлерінің құйтырқы әрекеттері еді. Бейбіт шеруге шыққан жазықсыз қаншама адам зардап шекті, еркіндік тілеген алтындай қыздарымыз бен жалындаған жігіттеріміз өлім құшты. Қаншамасы абақтыда зардап шегіп, уыздай бойжеткендеріміз мұзға отырғызылып, сәби көтере алмайтындай дәрежеге жетсе, азаматтарымыздың сағы сынды. Өмірге келетін қазақ халқының қаншама сәбиінің болашағына балта шабылды. Сонда да бейбіт ереуілге шыққан жастарға «басбұзар, нашақорлар» деген айып тағылған еді. Қалай десек те ТМД аумағында Кеңес дәуірінің  қыспағынан елінің бостандығын сұрап, бірінші болып бас көтерген қазақ жастары екені даусыз еді. Оның бәрі бүгінгідей көз алдымда сайрап тұр. Қаңтардың төртінде басталған ереуіл оныншы жұлдызына қарай басылды. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы қаңтардың 11 жұлдызы халыққа үндеу жариялады. Мемлекет қызметкерлері және шексіз байып алған ат төбеліндей алпауыт олигарх, монополистермен халық арасының жер мен көктей болып алшақтауы, елдің кедейленуі,  жастардың жұмыссыздығы, жұрттың жүйкесін жұқартқан жүйенің осы мәселелерге себеп болғандығын басып айтты. Өкімет басшысының бар мәселені уысынан шығарып алғандығын сынға ала отырып,  А. Маминді қызметінен босатты.  Отанымызға лаңкес содырлардың еркін кіргенін, сыртқы, ішкі қауіпсіздікті қадағаламай еліне опасыздық жасаған (кнб) ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовті және орынбасарларын орнынан босатып, абақтыға жапты. Қақтығыста  кәсіпкерлер жапа шегіп, құқық қорғау қызметкерлері мен жазықсыз жастар оққа ұшты. «Кесені қолыма алып қарай бердім, ішінде нақақ көзден жас бар ма?»  деп Сұлтанмахмұт Торайғыров айтпақшы, кінәлілер өз жазасын алар-ау, бірақ бейбіт шеруге шығып, арандатушылардың кесірінен жапа шегіп, он екіде бір гүлі ашылмай кеткендердің аналарының көңіліндегі көгілдір шықтары көз жасы болып тамшылап, кесеге толғаны жүрегіңе салмақ салады. Бұл жазықсыз жастардың қаны, обал сауабы кімнің мойнында екені бір Аллаға аян.

Осы жағдайды қарап отырып, біз  әркез аттаншылдыққа салып ұрандата бермей, неге ақтабан ат мініп, қара сойыл сүйреткен өткен тарихымыздан сабақ алмадық екен деген ой келеді.  ХY ғасырдың екінші жартысында 1460 жылдардың орта шені мен 70  жылдардың бас кезінде Алтын Ордадан бөлінген Ақ Орда хандарының ұрпақтары Жәнібек пен Керей Қазақ хандығын  құрған мезеттен бастап,  қазақ халқына тыныштық болмағанын тарихтан білеміз. 1640 жылы қазақ жеріне алғаш жорығын бастаған Жоңғар шапқыншылығы 1760 жылдарға қарсы аяқтала бастады. Жүз жылдан аса қазақ жеріне шапқыншылық болғаны, қаншама халқымыз осыдан зардап шегіп, жойылып кеткені тарихымыздың қаралы беттерінде тасқа таңба басқандай болып, үлкен әріптермен жазулы тұр. Осы кезеңдердердегі би, хан, батырларымыздың ерлігі туралы Қазақ радиосында қаншама хабарлар жасап өткіздім. Оны біреу тыңдаса, ал күйбең тіршілікпен жанын әрең бағып, базарда арба сүйреп жүрген қарапайым халықтың тыңдауға уақыты да болмаған шығар. Ал егемендік алған отыз жылда мемлекеттің, халықтың несібесінен байығандарға ұлттық құндылықтың қажеті шамалы болса керек. Елім, жерім деп еңіреп өткен халқының тарихында алтын әріптермен өрнектеліп жазылып қалған қасқа жолды Қасым хан  (1511-1523)  ескі жолды Есім хан (1598-1645) одан бергі Тәуке (1680-1718) ХYІІ-ХYІІІ ғасырларда қазақ даласын жоңғар шапқыншылығынан қорғап, саптыаяққа ас құйып, сабына қарауыл қойып ас ішкен Абылай хан, Бөгенбай,  Қабанбай, Наурызбай,  Райымбек және Қойгелді батырлар, Төле, Қазыбек, Әйтеке, Жолбарыс билер халқының мәңгі есінде. 1723 жылы Шығысымыздан сексен мың әскермен лап қойған жоңғар шапқыншылығы кезінде қираған ауыл, тоналған елде есеп болмай, оған қарсы соғысқан қазақ жасақтарының басым бөлігінен көбі қырылып, қазақ елі босқынға ұшырап,

Қаратаудың басынан көш келеді,

Келген сайын бір тайлақ бос келеді,

Ел-жұртынан айырылған жаман екен,

Қара көзге мөлтілдеп жас келеді – деп боздаған еді.

Екпіні қатты жоңғарлар Түркістанға ту тіккенде Төле би бабамыз елін, жерін сақтап қалу үшін Қожабек пен Жолан атты екі баласын бірдей кепілдікке беріп, амалсыздан Қалдан Сереннің алдына тізе бүгіп, он бес жылға бодан болып, салық төлеуге келісіп, келісім шарт жасасқанын бар қазақ білсе керек. 1640 жылдан 1760 жылға дейінгі аралықтағы хандарымыз және халқымыздың бәрінің көрген құқайы осылай болды десек өтірік айтқандық емес. 1847 жылы 43 жасында өмірден өткен, халқына темір ноқта кигізбеу үшін он жыл ат үстінен түспей отарлаушылармен шайқасқан соңғы ханымыз Кенесары, Ағыбай, Бұғыбай,  Бұқарбай, Сұраншы, Саурық батырлар елінің егемендігі үшін күресіп, Қоқан лашкерлерінің бұйрығымен үш зеңбіректің ұңғысына тірідей байланып атылған Байзақ датқа, кешегі біз бес күн бойы зәреміз зәр түбіне кетіп,  жанымызды қоярға жер таппай шүберекке түйіп шырылдап, тыпырлаған сағаттарды олар бар ғұмырларында бастарынан өткізіп келген еді.

Міне, кешегі күнгі бейбіт шеруді пайдаланып, сыртқы, ішкі саяси күштердің айдауымен елімізге, егемендігімізге қатер төндірген біздер «лаңкес  содыр, терроршылар» деп баға берген әрекет Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа да сол хандар басынан өткізген қатерлі сағаттарды есіне салып, тура солардың қанды жорықтағы хәлін кештіргендігі хақ. Осыдан мамыражай тыныш күн мен қанды қасап аласапыранның бағасын біле беріңіз. Бабаларымыз ұлтарақтай жер үшін жанын салып, қанын төгіп қорғап, асты-үсті байлыққа толы жерімізді ұрпақтарына аманаттап беріп кеткенін, кеше қолымыздан суси жаздаған тәуелсіздігіміздің құны қаншалықты екенін таразы басына салып бағамдап, әр пенденің білетін кезі келді. «Ауруыңды жасырсаң өлім әшкерелейді» деген сөздің де барын білеміз. Президентіміз қазақ елінің байлығының жартысынан көбін көк серкеше тақымына басқан шынжырбалақ шұбартөс 162 баймен ақшаға құныққан қандыкөз монополистер мен латифундистердің аттарын атамаса да барын айтты. Ашкөздердің сыртқа тыққан ақшаларын елге қайтарып, халық игілігіне жаратуды қолға алуын осы уақытқа дейінгі құпияны ел алдына жайып салуы және елу мың теңгеге жан баққан қарапайым халықтың жағдайын ашына айтуы, халқына жанашырлығы емес дей аласыз ба? Кім білсін, бұл бастама тасбақаның таңдайына жапсырған қасиетті мәриям жапырағын алғаннан да қиын болмасына кім кепіл.

Дүрбелең басыла өз міндетін тиісті атқара алмаған оқалы құндыз омырауға жұлдыз тағынған талай шен шекпенділер өз қызметтерінен босатыла бастады. Елге пайдасы мен зияны бірдей инстаграм, фейсбук парақшаларынан шексіз байлықтың астында қалып шіренген,  ат төбеліндей алпауыттар мен парақор шекпенділердің күре тамырына Президент неге бірден балта шаппады деген қауесет те тарай бастады. Осы орайда дана халқымыздың мына бір қағидаты есіңе түседі. Өзіңіз қараңызшы «бір, екі, үш, төрт, бес әкудің басын кес!» не деген ғажап. Ештеңеден хабарсыз таза, пәк сәбиді үш-бес жасында сүндетке отырғызсаңыз ол сол таза қалпында еш әсерсіз жазылып, бала бәрін ұмытып, риза болып кете барады. Ал көрмегені жоқ, өзі одырайып, тамыры бадырайып тұрған отыз жасар сақа жігітті сүндетке отырғызып көріңіз, қанжоса болып, арты үлкен өкінішке апаруы бек мүмкін. «Бай да мінер бір атқа, кедейде мінер бір атқа, сабыр түбі сары алтын, сарғайған жетер мұратқа» деп даналарымыз босқа айтпаса керек. Сондықтан әр нәрсеге бажайлай қарап, әліптің артын бақпаса болмас.

Мен елінің, жерінің, халқының бостандығы үшін шейіт болған хандарымыз, би-батырларымызды санамай-ақ қояйын. «Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» деген сөзді де бабаларымыз бекер айтпаса керек-ті. Өйткені қалай десек те әр заманның адал ханы – хан, биі – би, ақыны – ақын, батыры – батыр, ұлысы – ұлы,  ұрысы – ұры болып тарихта қалатыны мәлім. Оған жер жәннаты Жетісуды көп жыл билеген, өзін хан дәрежесінде ұстаған Тезек Төре мысал бола алады. Ол да заманында халқының өсіп-өркендеуіне көп еңбек сіңірген, өзінің шешендігі мен қатар ақындығы да бар ерекше тұлға еді. Сүйінбай ақынның мына бір өткір алмастай сөздері оның бар еңбегін паршалап тастады десек болғандай.

Әй Тезек,

Хан емессің күйіксің,

Бүкіл елді айдап жеп,

Төріңе зорға сиыпсың.

Ұры қары залымның,

Қасыңы бәрін жиыпсың.

Қанша жесең тоймайсың,

Түпсіз жатқан ұйықсың.

Қадірің жоқ халқыңа,

Аққан судай сұйықсың.

Ей Тезек,

Қарамысың төремісің,

Жемесең ұрлық малын өлемісің.

Жетім менен жесірдің ақысын жеп,

Ақиретке барғанда беремісің – деуі бір жағынан Сүйінбайдың шындықты шырылдата бетіне басуы болса, екінші жағынан оның күнәқорлығы кейінгілерге өнеге болмасын дегені еді. Ал осы жерде Тезек төренің осындай жағдайға жетуіне өзінің суық қолдылығымен қатар жанындағы жемқор ұрыларының да қосқан үлестері бар десек қателеспейміз. Тезек төре осындай жағымсыз бейне болса,  Бопай мен Жылгелді баукеспе ұры ретінде тарихта қалды.

«Қараша өтірік айтса қасындағылар зардап шегеді, ал хан өтірік айтса, бүкіл халқы зардап шегеді» дегенді де ғұламаларымыз тегін айтпаса керек. Қаншама бай бағландар өз уақытысында жалғанды жалпағынан басса да дүниені үріп ішіп, шайқап төксе де көріне ағаштан ат мініп кететіні белгілі. Асқақ ойлы ғұлама Мұхаммед Хайдар Дулати бабамыз замандасы, ел билеген Ұбайдолла хан жөнінде: «Өзі тақуа, діндар адам, оның тұсында игілік пен әділеттілік самалы әлемді хош иіске бөледі.   Ал оның алақаны – жомарттық теңізінің түбіндегі лағылды дүр тостаған сынды болатын, ақылман билері де баршылық еді»,  – деп жазып қалдырыпты. Недеген парасаттылық десеңізші. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Жаңа Қазақстан құрамыз!» деуінің өзінде үлкен астар, халқының болашағының жарқын болатындығына зор үміт жатқаны байқалады. «Жүк ауырын нар көтерер, іс ауырын ер көтерер, ердің ісі елдің мойнында, елдің ісі ердің қолында» деп бабаларымыз айтпақшы, мұндай кезеңде қуанышың от, арманың күл болмасы үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ел болып ұйысып, бар ауыртпалықты бірлесе көтеру керек дер едім.

Зарлы Қойшығұл (Қошан) Мұстафаұлы,

журналист.


ПІКІР ЖАЗУ