6 МЫҢНАН АСА АДАМ ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛІГІН ЖАПҚАН

Қазақстанда жаңа Салық кодексі аясындағы өзгерістер кәсіпкерлік саласына да әсер ете бастады. Соңғы жарияланған мәліметке сәйкес, ел бойынша 207 мыңнан астам шағын бизнес субъектісі қызметін тоқтатыпты. Оның ішінде Жетісу облысының үлесінде 6095 жұмысын тоқтатқан кәсіпкер бар.
Мамандар бұл көрсеткішті тек бизнестің тоқырауымен байланыстырмайды. Өйткені жаңа кодекс қабылданғаннан кейін салық жүйесі айтарлықтай өзгеріп, бұрынғы 7 түрлі режимнің орнына небәрі 3 негізгі бағыт қана қалдырылған. Соған сәйкес кәсіпкерлер де жаңа талаптарға бейімделіп, жұмыс жүргізудің басқа форматына ауыса бастаған.
Жаңа салық кодексі күшіне енгелі біз ол жайлы мақалаларды тұрақты түрде жазып келеміз. Соңғы көрсеткіштер туралы да Жетісу облыстық кірістер департаментінің мамандарына сауал жолдаған едік.
Жетісу облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті ұсынған мәліметке сүйенсек, өңірде кәсіпкерлік құрылымының өзгеруі анық байқалады. Әсіресе өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар санының артуы осы үрдістің айқын көрінісі.
КӘСІПКЕРЛЕР САНЫ НЕ ҮШІН ҚЫСҚАРДЫ?
Жаңа Салық кодексі күшіне енгеннен кейін Жетісу облысында жеке кәсіпкерлер саны азайғаны байқалады. Ресми мәліметке сәйкес, 2026 жылдың басынан бері өңірде 6095 жеке кәсіпкер қызметін тоқтатқан. Бұл қоғам арасында жаңа салық жүйесінің бизнеске ықпалы туралы түрлі пікірдің қалыптасуына себеп болды.
Дегенмен департамент мамандары бұл жағдайды тек салықтық өзгерістермен байланыстыруға болмайтынын айтады. Олардың сөзінше, жаңа кодекс аясында есеп беру талаптарының күшеюі мен салықтық әкімшілендірудің қатаюы белгілі бір деңгейде әсер еткені рас. Алайда кәсіпкерлер санының азаюына еңбек нарығындағы өзгерістер де ықпал етіп отыр.
Соңғы уақытта азаматтардың бір бөлігі дәстүрлі жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істеуден гөрі, өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлға ретінде қызмет жүргізуге көшкен. Бұл қазіргі экономикалық жағдайға бейімделудің бір тәсілі ретінде қарастырылуда.
Ресми дерек бойынша, жаңа Салық кодексі талқыланғанға дейін Жетісу облысында 59 394 жеке кәсіпкер тіркелген болса, бүгінде олардың саны 54 585-ке дейін төмендеген. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар саны 6773 адамға жеткен.
Мамандар мұны кәсіпкерліктің тоқырауы емес, бизнес жүргізу формасының өзгеруімен байланыстырады.
Сарапшылардың пікірінше, қазір экономиканың жаңа талаптарға бейімделу кезеңі. Соңғы жылдары цифрлық бақылау жүйесінің күшеюі, салықтық ашықтыққа қойылатын талаптардың артуы және көлеңкелі экономиканы азайтуға бағытталған шаралар кәсіпкерлік салаға әсер етуде.
САЛЫҚ ТҮСІМІНДЕ ӨСІМ БАР
Кәсіпкерлер саны азайғанымен, бюджетке түсетін салық көлемі төмендеген жоқ. Керісінше, өткен жылмен салыстырғанда өсім байқалады.
Жетісу облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, мемлекеттік бюджетке түскен түсім көлемі 2,5 пайызға артқан. Мәселен, 2025 жылдың 16 маусымында бюджетке 109,9 млрд. теңге түскен болса, 2026 жылдың 18 мамырындағы көрсеткіш 112,6 млрд. теңгеге жеткен. Яғни өсім көлемі – 2,7 миллиард теңге.
Мамандар бұл көрсеткішті өңірдегі экономикалық белсенділіктің сақталуымен және салықтық тәртіптің күшеюімен байланыстырады.
ЖАҢА САЛЫҚ РЕЖИМДЕРІ ҚАНДАЙ?
Жаңа Салық кодексі аясында салық жүйесін жеңілдету мақсатында бұрынғы 7 режимнің орнына 3 негізгі режим енгізілгенін айтқан едік. Соны естеріңізге сала кетейік.
Бірінші бағыт – өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған. Бұл режим жалдамалы жұмысшысы жоқ әрі жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген азаматтарға бағытталған. Мұнда табыс көлемі 300 айлық есептік көрсеткіштен аспауы керек. Декларация тапсырылмайды, тек табыстың 4 пайызы көлемінде әлеуметтік төлем төленеді. Барлық рәсім e-Salyq Business жүйесі арқылы жүргізіледі.
Екінші режим – оңайлатылған декларация. Бұл шағын және орта бизнеске арналған. Салық мөлшерлемесі 4 пайыз болып бекітілген. Алайда жергілікті мәслихаттар оны 2 мен 6 пайыз аралығында өзгерте алады. Сонымен қатар бұл режимде қосымша құн салығы мен әлеуметтік салық қарастырылмайды.
Ал үшінші бағыт – шаруа және фермер қожалықтарына арналған арнайы режим. Мұнда салық мөлшерлемесі табыстың 0,5 пайызы көлемінде белгіленген. Сондай-ақ фермерлер жер, көлік және әлеуметтік салықтардан босатылады.
Қорытындылай келе, жалпы Жетісу облысындағы кәсіпкерлер санының өзгеруі жаңа салық жүйесіне бейімделу кезеңімен қатар, еңбек нарығындағы жаңа бағыттардың қалыптасып жатқанын көрсетеді. Сонымен бірге салық түсімінің артуы өңір экономикасындағы белсенділіктің сақталғанын аңғартады.
Айта кетерлігі, Жаңа Салық кодексінің ережелерін халыққа жеткізіп түсіндіру жұмыстарын осы мәселеге байланысты мемлекеттік орындар белсендірек жүргізіп отырса деген тілек бар.
Олай дейтін себебіміз – осы тақырыптағы оқырмандар сұрағы газет редакциясына жиі келіп тұрады.
Гүлнұр БАЙМҰХАН
