КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ЖАНАЙҚАЙЫ НАЗАРҒА АЛЫНДЫ

0
31

Талдықорған қаласындағы Гауһар ана мен Абай көшелерінің қиылысында орналасқан жаңа базар төңірегіндегі мәселелер тағы да көтерілді. Бұған дейін газетіміздің 9 мамыр күні шыққан №18 санында базардағы азғантай сатушылардың өкпе-назы мен қордаланған мәселелерін «Базар бар, халық жоқ» деген мақалада жазған
болатынбыз.

Осы мақаладан кейін 15 мамыр күні сағат 10:00-де «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» өңірлік даму институты» АҚ басқармасында арнайы жиын өтті. Жиынға базар инвес-торы мен сатушылар қатысып, басқарма төрағасы Асылан ШАЙХАЗИМОВТЫҢ атына ресми арыз тапсырды.
Арызда базар маңында кәсіп жүргізіп отырған тұрғындар мен сатушылар қазіргі таңда туындап отырған өзекті мәселелерді көтерді. Олардың айтуынша, инвестор Саржан Ержұманов халыққа жағдай жасау мақсатында базар салып, кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп келеді. Атап айтқанда, алты ай бойы сатушылардан жалдау ақысы мен салық төлемдерін талап етпей, халықтың жағдайын ескерген. Алайда соған қарамастан, базардың қалыпты жұмыс істеуіне кедергі келтіріп отырған мәселелер әлі күнге дейін шешімін таппаған.
Кәсіпкерлердің айтуынша, бұған дейін қала әкімі базар маңындағы кемшіліктерді түзетемін деп халық алдында уәде берген. Бірақ бүгінгі күнге дейін нақты нәтиже байқалмайды.
Жиында көтерілген негізгі мәселелердің бірі – базар маңында үлкен автотұрақтың жоқтығы. Келушілер көліктерін қоятын орын таппай, базарға кірмей кері қайтуға мәжбүр. Сонымен қатар, жол бойындағы сары жолақтардың алынбауы көлік қозғалысына да, сауда жұмысына да кедергі келтіріп отыр.
Сондай-ақ, тұрғындар бұрын Гауһар ана көшесі бойымен қатынаған №28 және №29 автобус бағыттарының тоқтатылғанына наразылық білдірді. Олардың пікірінше, қоғамдық көліктің азаюы халықтың базарға қатынауын қиындатып жіберген.
Бұдан бөлек, Көксу және Ескелді аудандарынан қатынайтын қоғамдық көліктердің бос келіп, бос қайтып жатқаны да айтылды. Себебі базар маңында халыққа қолайлы жағдай жасалмаған. Жиынға келгендер орталықтағы ГУМ сауда үйінің төңірегіне қоғамдық көліктердің бейберекет тоқтауына шектеу қоятын белгілер орнатуды ұсынды.
Базар әкімшілігі Балпық би ауылына қатынайтын қоғамдық көлік жүргізушілері әлі де сол маңайда тұрып, жолаушылар жинайтынын айтып, арнайы суреттер жолдаған. Олар бұл аумақта қоғамдық көліктердің ретсіз тұруына тыйым салынса деген ұсыныстарын жеткізді.
Осы аталған мәселелердің салдарынан базарға адам аз келеді, сауда тоқырап, кәсіп иелері шығынға батып жатыр.
Қысқаша айтқанда кәсіп-керлер талабы мынадай:
1. Базар маңынан кең автотұрақ ұйымдастыруды;
2. сары жолақтарға қатысты мәселені шешуді;
3. №28 және №29 автобус бағыттарын қайта іске қосуды;
4. базардың қалыпты жұмыс істеуіне қажетті инфрақұрылымды реттеуді;
5. халыққа берілген уәделердің орындалуын бақылауға алуды сұрады.
Жиын соңында «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» өңірлік даму институты» АҚ басқармасының жауапты мамандары айтылған арыз-шағымдар назарға алынатынын, көтерілген мәселелер қаралып, тиісті шаралар жасалатынына уәде берді.
«Алатау» газеті осы аталған түйінді мәселелердің шешілуін өз назарында ұстап, оқырманға хабарлаймыз.

 

Гүлнұр БАЙМҰХАН