ТАНЫҒЫҢ КЕЛСЕ ДӘНЕШТІ, ЖАНТАЙЫП ЖАТЫП ӘН ЕСТІ

0
26

Ән арқылы өзге адамның жан сезімін оятып, жүрегінің нәзік қылын қозғау — әншіліктің көркем шеберінің ғана қолынан келеді. «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар, әннің тәтті оралған мәні оятар», — деп Ұлы Абай әннің орындалуына, әншінің шеберлігі мен ерекшелігіне үлкен мән берген. «Құлақтан кіріп бойды алар» өнердің бір саласы әсем әнді бойына серік еткен, халықтың ойынан кетпейтін, санасынан өшпейтін, атақты да ардақты әншілеріміз аз емес. Әр әншінің өз ерекшелігі мен өз өрнегі бар. Сондай дарын иелері Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Байғабыл Жылқыбаев сияқты ән өнерінің кемеңгерлері тарихта аз болған жоқ. Ұлықтауға лайық дара тұлға. Дарыны дархан. Өзіндік өрнегі, қайталанбас мақпал үнді, орындаушылық тәсілі мен бұлбұлдай ерекше нақышы бар, халықтық өнердің інжу-маржанын бойына терең сіңірген, тыңдаушысының құлақ құрышын қандыратын жоғары талант иесі Дәнеш Рақышев жайында ой өрбітпекпіз.

Қазақ халқының басынан небір алапат, нәубет, зұлматты қилы кезеңдер өтті емес пе? 1930 жылдардағы қуғын-сүргін, ашаршылық қазақ елінің көбі жан сақтап қалу үшін шет елдерге босып көшті. Қытай шекарасына жақын орналасқан Райымбек, Жаркент, Алакөл, Алтай өңіріндегі қазақтар жаппай қытай жеріне (Шығыс Түркістанға) көшіп барып жан сауғалады. Солардың қатарында барған Рақыш та Сайрам көлінің маңайында Тұңзы деген бай дүнгеннің малын бағады. Домбырасын қолынан тастамай алып жүретін Рақыш әнші, салған жерден айтысып кететін бойына біткен жан-жақты өнері бар адам екен. Дүние есігін ашар-ашпастан әке-шешесімен Қытай жеріне келіп, балалық кезі, жастық шағы сол жақта өтеді. Сол қытай жеріндегі Жарсу, Қаратас мектептерінде оқып есейеді. Өскен ортасынан шыққан Әбіләкім молда, Төрехан ақын, Күләй ақын, әнші, домбырашы Әпірейім молда, әнші скрипкашы Байбазар сияқты мұғалімдердің өнерінен сусындап өседі. Дәнеш әкесіне де еліктеп жастайынан домбыра ұстап, ән салып жүреді. Дәнешті 14-15 жасқа келгенде қазақ дүлдүлдерінің бірі Әсет Найманбайұлының мектебінен өткен Қалибек, Қадрихан, Мәмет сияқты әнші сал-серілердің қасына әкесі қосып жібереді. Осы өнерпаз әншілердің қатарында жүріп Дәнеш әншіліктің қыр-сырын үйреніп, нағыз әнші болып қалыптасады. Әсеттің «Інжу-маржан», «Қоңырқаз», «Қисмет», «Ардақ» сияқты көптеген әндерін үйреніп айтып көпшілік көңілінен шыға біледі. Үлкен өнер табалдырығын тума талантымен аттаған Дәнеш Құлжа қаласындағы «Дәулет тобы» деген ұйғыр-қазақ театры ашылып, ел ішінде жүрген дарынды өнерпаздарды осы ұжымға шақырады. Дәнеш Рақышұлы алғашқылардың бірі болып сол театрға қабылданады. Сол театрда Қайыпбек Байтасұлы деген үлкен әншімен қатар жүріп, одан да өзіне керек нәрселерді үйреніп, ұстаз тұтады. 1954 жылы Іле-Қазақ облысы құрылғанда «Қазақ облыстық театры» құрылып, Дәнеш әнші сол театрды 1959 жылға дейін басқарады. Осы жылдар аралығында Пекин, Шанхай, Ханжу, Харбин, Пенжим сияқты Қытайдың үлкен қалаларында, Моңғолияның көптеген елдерін аралап, өнер көрсетеді. Талантына риза болған халық оны қашанда жылы қарсы алып, әнін сағынумен болатын.
1956 жылы Қытай еліне арнайы іссапармен келген жазушы Сәбит Мұқанов Дәнешті қасына ерте жүріп, оның әншілік өнеріне жоғары баға береді. С.Мұқанов келіп кетісімен сол жылдың қыркүйек айында Дәнеш те Қазақстан мен Орта Азия елдеріне өнер сапарымен келіп қайтады. 1959 жылы Отанға оралған Дәнеш туған жерге деген сағынышын «Туған жер», «Саясында алманың» деген өз әндерімен жеткізеді. Алдымен өзі туған өлкесі Жаркент қаласындағы көркем өнерпаздар қатарында ән салып жүріп, 1960 жылы Алматыдағы Ғылым академиясына барып, белгілі өнертанушы ғалым Б.Ерзаковичпен жолығып, осы жақта белгісіз болып келген 100-ден астам Әсет әндері мен халық әндерін үнтаспаға жаздыртады. Әндері қазақ радиосы арқылы бар қазақ еліне танымал болады.
Қазір біз Дәнеш аға халқымыздың дәстүрлі әншілік өнеріне тың тыныс беріп, халық композиторларының, сал-серілердің шығармашылығына екінші бір өмір сыйлаған өнердегі ұлы тұлға еді деп толық сеніммен айта аламыз. Дәнеш аға 1972 жылдан өмірінің соңына дейін Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласындағы филармонияда қызмет етіп, соңына көптеген шәкірт тәрбиелеп қалдырды. Қазақ ССР халық әртісі, әнші композитор Дәнеш Рақышев биыл, яғни, 2026 жылдың 1 мамырында 100 жасқа толды. Астана, Алматы, Талдықорған, Жаркент т.б. қалаларда Дәнеш ағаның құрметіне концерт беріліп, шәкірттері Дәнеш салған әуезбен әндерін орындап, халықты қуанышқа бөледі. Тыңдаған жұрт Дәнеш Рақышев өлмепті, өлместей артына із қалдырыпты деген ойда тарқасып жатты. Талдықорған қаласында орта мектеп-интернат, үлкен бір көше, Талдықорған қаласындағы Филармония Дәнеш Рақышев атымен аталады. Сол сияқты Талдықорған қаласындағы «Өнер» мектебінде Дәнештің әншілік класы ашылып, оған өзінің төл шәкірті Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, әнші Абылай Қармысов Дәнеш салған ән нақыштарын үйретіп, жастарға ұстаздық қызмет етуде. Қазіргі кездегі жастардың ішінде кейбіреуіне риза боласың, кейбіреуіне қарның ашады. Талдықорған қаласындағы Дәнеш Рақышев көшесімен келе жатқан бір баладан:
— Мына сен жүріп келе жатқан көше қалай аталады?
— Рақышев көшесі.
— Рақышев кім болған?
— Жазушы шығар
Екінші бір ұл мен қыз балаға:
— Дәнеш Рақышев кім болған?
— Дәнеш Рақышев әнші, композитор, осы көше Дәнеш Рақышев атымен аталады және мен оқып бітірген мектеп-интернат та сол кісінің атымен аталады, – деп сайрай жөнелді. Қасындағы қыз бала Талдықорған қаласында Дәнеш Рақышев атындағы филармония бар екенін айтты. Жастардың бірін тыңдап қарнымыз ашып еді, екіншілеріне риза болдық. Сол сияқты құрылыс дүкенінің тұсында тұрған такси жүргізушісінен «Дәнеш Рақышев кім болған?» — деп сұрағанымызда: «Дәнешті білмесең Талдықорғанда қалай жүрсің?» — деп өзімізді ұялтып қойды.
Дәнеш ағаның әншілік, орындаушылық өнеріне қызығып, әр кезеңдерде қасына ілесіп әнін үйренген шәкірттері баршылық. Бұл күнде өмірден озған Ерғали Наймантаев, Зарықбек Рақымжанов, Санақ Әбеуов, Жақсылық Мырқаев, Мырзахмет Мұқаманов сияқты шәкірттері көздері тірі кезінде әрқайсысы ұстаздарының аманатын мүмкіндігінше шамасына қарай орындап өткен әншілер. Бүгінгі күні Абылайхан Қармысов, Серікбол Шыныбаев, Нұржан Жанпейісов сынды шәкірттері Дәнеш ағаның жолын жалғап, жас буынды тәрбиелеп, ұстаздық жолымен әншіліктің қыр-сырын үйретуде.
Дәнеш ағамен тіршілігінде бірге жүріп, әуездері құлағына әбден сіңімді болған шәкірттерінің бірі Абылайхан Қармысовпен сұхбаттасудың сәті түсті.
— Абеке, сіз Дәнеш ағаның көзін көріп, әншілігін тікелей өзінен үйреніп, тәлімін алған шәкіртісіз. Дәнеш ағаны алғаш қайда жолықтырып, назарына қалай іліктіңіз?
— Дәнеш аға халық әртісі атағын алғаннан кейін 1986 жылы күз айында Жаркент өңірін аралаған сапарында достарына, бауырларына шәкірт іздеп жүрмін, осында әншілік өнерге бейімі бар жастар болса қарастыра жүріңдер, — деген екен. Дәнеш ағаның көптеген әндеріне өлең жазған ақын Тоқпай Исабеков ағамызбен бір ауылда тұрдық. Менің ән айтатынымды талай рет көрген еді. Сол сапарда Тоқпай аға мені шақыртты. Дәнеш аға мен Таңатар Алшабеков және басқа да ағалардың алдында ән салдырып, тыңдап көріп, әнші ретінде жұмысқа қабылдады.
— Сіз Дәнеш ағаны жолықтырғанға дейін де Дәнеш аға нақышындағы әндерді айтып жүрген боларсыз. Сонда да болса тума таланттың өзінен тікелей әннің қыр-сырын үйрене жүріп, бұрынғы өзіңіздің байқамай жүрген олқылықтарыңыз болса толтырдыңыз ғой. Қандай жолдармен үйрендіңіз, сіздерге қалай, қандай әдістермен (методикамен) үйретті?
— Сол кездегі халықтың сұранысына орай, ішінде әзіл-сықаққа толы көріністер көрсететін Білісбек аға, Күләш тәте, Төлепбай аға, домбырашы-күйші Бақберген Асқарбеков ағамыз және мен бар көктемнің орта шенінен бастап, сонау күздің аяғына дейін гастрольдік сапармен ел-жұртты аралап концерт қоямыз. Концерттің басында мен 2-3 әнімді айтып болғаннан кейін, сыртқа шығып залдың артқы есігінен кіріп, концерттің орта шенінде сахнаға шығатын Дәнеш ағаның әнін тыңдайтынмын. Ертесі күні кешкі концертке дейін бос кезімізде кешегі айтқан әнін талдап, тыңдап не ұққанымды сұрап, кейбір иірімдерді былай айт деп нұсқау береді. Келесі күні де солай қайталанады. Бір айдың ішінде 30 концерт қойсақ, репертуарына күнде бір не екі ән қосып, таныстырып отырады. Әсіресе концерттен кейін басшылар үйге апарып арнайы дастархан жайып құрметтеп қонақ жасайды. Аға сондай кезде шабыттанып әңгімесін айта отырып, 10-15-ке жуық ән айтады. Дәнеш аға қай кезде болса да әнді ұшар шыңына жеткізе орындайтын. Шәкірт етіп ертіп жүргеннен кейін, нағыз ән орындаушылықтың құдіретін сезінсін деп, өзі де барын салып, үлкен шабытпен орындап үлгі көрсететін. Әнді талқылау кезінде байқамай қалған жеріміз болса ескерту жасап қайта көрсететін еді. Жоғары оқу орнындағы студенттер аудиторияда отырып білім алса мен үшін Дәнеш ағаның әрбір ән салған орны үлкен аудитория еді. Қазақтың бұрынғы дала дәстүрі бойынша өзі ұстаздарынан қалай әншілікке машықтанса, мені де солай әншіліктің қыры мен сырына қанықтырып, баулып тәрбиеледі.
— Ұстазыңыздың аманатын қалай орындап келесіз?
— Ұстазымның аманатын орындау үшін кейбір әндерді сол ағаның жоғары шабытпен орындаған кездердегі үлгісіне салуға тырысып бағамын. Ағаның салған әндерінің қалыбын бұзбай, сол аға айтқан тональность пен ритм ерекшеліктерін сақтай отырып, әннің басталуы, ортасы, әннің мінезі, айтар ойы, шарықтау шегіне жеткізіп барып аяқтала келе тұжырымдалуы, бәрін ақыл-ой санаңнан өткізіп барып, жүрегіңе қонақтатып, бойыңа сіңіріп, құдды сол әнді өзің шығарғандай, өзіңнің ішіңнен, көкейіңнен шығып жатқандай дәрежеге жеткенде ғана сахнаға шығып айту керек. Айту барысында халықтың жүрегіне жеткізу үшін бар болмысың, бүкіл дене бітімің, жан дүниеңмен сол әннің ішіне еніп, өзің сол ән болып қалықтап, сол ән болып үздігіп, сол ән болып жылап, қуанып, тебіреніп сол сәтте сол үнмен өмір кешуің керек.
— Дәнеш ағаның сіздерден кейінгі жастарға ұстаздық шарапаты тиді ме?
— Иә ол кісі шәкірт тәрбиелеуде еш тоқтаған емес. Өмірінің соңғы жылдарында қазіргі өзінің атына берілген, қазақ орта мектеп-интернатында ән класын ашып, талапты балаларды әншілікке баулыды. 1991 жылы Талдықорған педагогикалық институты Жетісу мемлекеттік университеті болып қайта құрылды. Оның бірінші ректоры –профессор Жомарт Жапаров және сол кездегі Талдықорған облысының басшылары ақылдаса келіп, әйгілі әншіге университеттің музыка факультетінен өз класын ашып, болашақ әншілерді дайындауға ұсыныс жасайды. Дәнеш аға қуана келісіп студент жастарды әншілікке тәрбиелейді. Өкінішке қарай, Дәнеш аға ойламаған жерден дүниеден өтіп кетті. Ол кісінің бастап кеткен ісін шәкірттері Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі М.Мұқаманов пен маған тапсырды. Бір жылдан кейін тоқырау жылдарының оптимизация (қаржыға байланысты қысқарту) деген келіп, Дәнеш Рақышев класы жабылып қалды. Менен басқа Дәнеш ағаның төл шәкірттері Серікбол Шыныбаев Жетісу университетінде, Нұржан Жанпейісов Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияны оқып бітірген соң Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде және Т.Жүргенов атындағы қазақ Ұлттық өнер академиясындағы дәстүрлік музыка кафедрасында біраз жылдардан бері Дәнеш ағаның ән класын ашып сабақ беріп келеді. Нұржан Жанпейісов ағаның әндерін кәсіптік деңгейде орындап жүрген ең кенже шәкірті.
— Дәнеш ағаның ізін жалғастырып шәкірт дайындау ісінде сіздің қандай үлесіңіз бар?
— Талдықорған қаласында дәстүрлі ән, жыр, терме, күйшілік өнері, айтыс өнері ұрпақтан ұрпаққа жалғассын деп, сол кездегі облыс әкімі Серік Үмбетов «Өнер» мектебін ашып берген болатын. Соңғы 10 жылдан бері сол мектепте ынтасы бар балаларды Дәнеш ағаның ән салу мәнеріне баулып келе жатқан жағдайым бар. Өз бетімен келіп Дәнеш ағаның әншілік мектебінен дәріс алып, оны жақсы меңгерген шәкірттерімнің бірі — Арафат Искаков. Бұл күнде Дәнеш Рақышев атындағы Жетісу облыстық филармониясының әншісі, «Мәдениет саласының үздігі» деген атақтың иегері.
— Бәрекелді, Абылайхан Жұмәділұлы! Ұстазыңыз, Қазақ ССР халық әртісі Дәнеш Рақышев жайындағы салиқалы әңгімеңізге, шынайы ой, пікір бөліскеніңізге үлкен рахмет! Дәнеш ағамыздың әруағы риза болсын!

Автордан:
Дегенмен де Дәнеш Рақышевқа биылғы жылы 100 жылдық мерейлі жасында Талдықорған қаласының бір көрнекті орнына тұғырын биік етіп, ескерткіш тұрғызса үлкен бір ұлағатты іс болар еді. Бұл мәселені облыс басшыларына құлаққағыс етіп жеткізуді жөн көрдім.

 

Сембек ӘБДІ-РАХМАН