КЕШІРІМ СҰРАҒАН «ЖАС АЛАШ», ӨТКЕНІН ҚОЗҒАМАЙТЫН «ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАН»

0
35

Ғаламтор беттерін ақтарып отырып Ұлысмедианың авторы Есдәулет Қызырбекұлының 30.05.2025 жылы жарық көрген мына мақаласына көзім түсті. Автор «Жас алаш» пен «Егемен Қазақстанның» бұрынғы компартия кезіндегі үнпарағы болғанын («Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан»), ал қазір сол кездегі көзқарастары үшін бүгінгі қоғамнан кешірім сұрауы керек деген пікірін оқыдым.

Нақтырақ айтсақ, компартиялық боданнан тәуелсіздік демократиясына өткен Қазақстанның жоғарыда аталған газеттері кешірім сұрауы туралы дау қалай шешілуі керек? Ойлы сұрақ. Төменде осы мақаланың қысқартылған нұсқасын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

«ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАН» ҺӘМ «СОЦИАЛИСТІК ҚАЗАҚСТАН»

Автордың ойынша, 1937-1938 жылдары советтік «репрессия машинасы» қызып тұрған шақта «Социалистік Қазақстан» газеті де үнсіз қалған жоқ. Мысалы, газеттің 1937 жылғы күзіндегі сандарының бірінде Алаш орда лидері Әлихан Бөкейхановты айыптаған материалдар кездеседі. «Алаш орданың лидері, Уақытша үкіметтің Торғай облысындағы комиссары, қанішер Әлихан Бөкейханов 1916 жылғы көтеріліс жасағандарға қарсы, қазақ халқының геройы Амангелді Имановқа қарсы жазалаушы әрекеттер ұйымдастырып, Торғай облысына жіберіп отырды». Сондай-ақ газетте: «алашордашыл Тынышбаев Уақытша үкіметтің Жетісу облысындағы комиссары болып отырған кезінде бай кулактардың халықты қыратын бандыларын құрып отырды, бұл мырзалардың қазақ даласына істеген әрекеттері адам айтқысыз сұмдық, нағыз айуандық еді», — деп жазған басылым. Ulysmedia тілшісі «Егемен Қазақстан» газеті «Социалистік Қазақстанның» ізбасары ретінде репрессия жылдарында Алаш орда қайраткерлерін айыптап жариялаған мақалалар үшін кешірім сұрауы қажет пе? — деп газеттің қазіргі бас редакторы Ғабит Мүсірепке хабарласқанда: – Оны қайтесің… Кешірім сұрап… Ол енді кезінде айтылды ғой. Бауырым, қайтеміз өткенді қозғап, – деп қысқа қайырған Ғабит Мүсіреп.

АЙЫПТАҒАН «ЛЕНИНШІЛ ЖАС», КЕШІРІМ СҰРАҒАН «ЖАС АЛАШ»

«Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газеті де 1937-1938-дегі репрессия жылдарында Алаш орда қайраткерлерін айыптауда аянып қалмаған. 1938 жылы 6 наурыздағы «Құтырған иттер атылсын» деген мақалада НКВД-ны мадақтап, репрессия құрбандарын фашист, итке теңейді.   «Отанымыздың болат семсері – даңқты НКВД орындары оларды қолға түсірді. Адам баласының бұл иттеріне советтің әділ соты фашистік жендет сұмырайлардың көздерін тез жоғалтуды талап етіп отыр», — делінген мақалада. «Жас Алаш» газеті 2011 жылы 90 жылдығын атап өткенде басылымның бас редакторы болған Рысбек Сәрсенбайұлы газетке басылған осы мақалалар үшін оқырманнан кешірім сұраған. «Газеттің өткен тарихындағы, сондағы әріптес ағаларымыздың жіберген қателіктері үшін кінәсіз, жазығы жоқ азаматтарды «халық жауы» деп айыптау кезеңдері бастан өтті ғой… Сол айыптаулары үшін кешірім сұрағанмын. Ең алдымен кешірімді коммунистік партия сұрауы керек еді. «Ал енді оны мойындамау, «өткеннің ісі бізге қатысы жоқ» деу дұрыс болмайды. Тазару керек. Бүгін кешірім сұрауы керек қазіргі билік. Ал онсыз қанпезерлік, жала жабу, азаптау жалғасады», – дейді Рысбек Сәрсенбайұлы.

«ЕКІ МИЛЛИОН ҚҰЖАТ ҚҰПИЯСЫЗДАНДЫРЫЛДЫ»

2020 жылы Қазақстанда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толығымен ақтау жөнінде» мемлекеттік комиссия құрылған. Ол үш жыл жұмыс істеп, 2023 жылы қызметін аяқтаған. Комиссия төрағасы, мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин 2024 жылы желтоқсанда «ARA media» You Tube арнасына берген сұхбатында 2 миллионнан астам құжат пен іс құпиясыздандырылғанын айтқан. «Жеті жүз мың істен тұратын материалдардың қорлары бас прокуратура, ұлттық қауіпсіздік комитеті, ішкі істер министрлігінің жабық қорларынан жинақталған. Енді бұның барлығы тиісті зертеу жұмыстары өткеннен кейін зерттеушілерге, бәріне қол жетімді болады. Құпиясыздандырылды дегеннен кейін олармен танысуға, жұмыс істеуге рұқсат болады», – деді Ерлан Қарин сұхбатта.

Баян ТАҢАТАРОВА