Тарихқа тағзым – бабаларға тағзым

0
25

Ел үшін туған ер,
Ұрпаққа үлгі болған дана батыр

           Ұлы дала төсіндегі ұлы көшті даналықпен басқарып, кемелдікпен келешектің жолына салған бабаларымыз жетерлік. Байтақ қазақ даласын айтпағанның өзінде жер жәннаты аталатын Жетісу жерінен қаншама сөз бастаған шешендеріміз бен ел бастаған көсемдеріміз шыққан! Олардың әрқайсысының өмірі біз үшін өнеге, ұрпақ үшін сарқылмас қазынаға айналған. Біздің, яғни аға буынның мақсаты – сол бабаларымыздың сара да дара жолын ұрпаққа жеткізу. Өзендермен өрнектелген өлкеде Қаратал және Іле өзендерінің бойына қазығын қағып, қазан көтеріп, келер ұрпағының қасиетті қонысына айналдырған Қаблиса, Ескелді, Балпық аталарымыздың тарихтан алар орны ерекше.
Балпық би Дәріпсалұлы (1694–1784) — Жетісу өңірін жоңғар басқыншыларынан азат етуге қатысқан өте қадірлі би, қолбасшы, шешен әрі көзі тірісінде әулие атанған біртуар тұлға.

 

Ол Ескелді би, Қабылиса (Қабан) ақынмен бірге көзі тірісінде-ақ әулие саналған, 1694 жылы дүниеге келіп, Қаратал, Көксу бойында 1784 жылы қайтыс болса керек. Балпық он екі ата Жалайырдың ең үлкені Андас тармағына жатады. Бұрын Жалайыр елінде әрі көсем, әрі шешен, әрі би, әрі қол бастаған батыр атанған Балпықтың тарихи еңбегі ерекше. Қай жерде, қандай жағдайда болмасын өзінен екі жас үлкен Ескелді бимен аты қатар аталған. Жүздеген жылдар бойы үздіксіз шапқын жасап тұрған Жоңғар қалмақтарынан ығысып, Сыр бойын, Шу бойын паналап жүрген Жалайырлардың басын құрап, Ескелді би, Қабан ақын, Орақ батырлармен бірге жаудан босаған Жетісу өлкесіне көшіріп әкеліп, қоныстандырған еңбегі ел аузында ерекше айтылады. Бұл жөнінде мынадай жыр жолдары сақталған:
Сырдарияның бойында,
Қазалының ойында,
Халқын түгел жинаған.
Қараталдың бойына,
Текелінің ойына,
Қоныстанып тойлаған.
Нақтылы деректерге сүйенсек, Балпық, Ескелді, Орақты батыр Аңырақай шайқасында Жалайырлардың қолын бастап, қалмақтарды Іле дариясына тоғытқан. Жаудың негізгі күші Талдықорған жаққа қашқанда үлкен бір тобы қасқа жолдан шалғайда жатқан Іле, Балқаш, Қамау жақты паналамақ болады. Ұлы қолбасшылар Кіші жүздің ханы Әбілқайыр, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Жаныс Өтеген, суан Сатай, Албан Райымбектер қалмақтарды күншығыс жаққа түре қуғанда, артта, қапталда қалған жау тобын жайратуды Ескелді, Балпық, Орақ батырлардың жасағына тапсырса керек. Қапшағайдан Балқашқа дейінгі 500 шақырымдай ұзақ жолда олар жүргізген жойқын жорық жайында ел аузында аңыз, әңгіме көп. Осы күнге дейін Іле, Жиделінің құйылысында, Балқаш көліне жақындау аймақта «Үш қалмақ» деген шұрайлы жер бар. Сол үшеуі өз еркімен жалайырлардың қолбасшыларына тыңшылық қызмет етсе керек, содан соң жер үшеуіне сыйға берілген тәрізді. Мұның бәрін келтіріп отырған себебім – әулие ата-бабаларының рухына өткен ғасырда да, жаңа заманда да ұрпақтары әрдайым сиынып жүргенін айғақтау. XVIII ғасырдың бірінші жартысындағы хандар — Жолбарыс, Әбілмәмбет, Әбілқайырлар, одан кейін Абылай Жалайыр тайпасын жер жаннаты Жетісудың ең шұрайлы өлкесі — Көксу, Қаратал, Іле аймағына қоныстандырғанда, сонау Шыңғыс хан заманынан бермен қарайғы елдің елдігін, азаматтарының ерлігін, үш әулие Ескелді, Балпық, Қабылиса-Қабан сияқты ел басшыларының еңбегін ескерсе керек. Ұлы ақын Сүйінбай өзіне ұстаз тұтқан Қабылиса-Қабан ақын ойлы да терең сөздерімен ел рухын көтерсе, Ескелді мен Балпық әрі қол бастап, әрі әділ билік айтып, күллі Жалайырдың ауызбірлігін сақтай білсе, Орақты сияқты батырлары елін, жерін қорғап, аттары аңызға айналған. Балпық айтты деген шешендік сөздер 1993 жылы жарық көрген ғылым докторы Нысанбек Төреқұловтың «Қазақтың би-шешендері» деген кітабына енген. Әлі де ел аузында жүрген, жиналып-қатталмаған қаншама ұлағатты сөздер бар десеңізші. Өйткені тоқсан жас жасаған әулие қарияның ұрпаққа қалдырған мұрасы ұшан-теңіз екеніне күмән жоқ.

Балпық би кесенесінде

2026 жылы қыркүйек айының 17 жұлдызы Жетісу облысы Қаратал ауданының орталығы Үштөбе қаласына жақын жерде, Түрксіб теміржолының бойынан орын тепкен Балпық би әулие бабаның кесенесінің қақпасы алдына Жетісу өңіріндегі игі жақсылар жиналған ортаға біз де келіп орта толтырдық. Қатардағы топ адамдарға түгел амандасқан бізді ортада тұрған көпті көріп, көңілге түйгені көп, абыз ақсақал Наурыз Қылышбайұлы ағамыз жылы қарсы алды. Бізден кейін де біраз адамдар келіп жатты. Сәл–пәл тұрып көргеніміз — Балпық би атамыздың жатқан орнының айналасының толық абаттандырылғандығы.
Арнайы шақырылған қонақтар алдында жаңарған кесененің ашылу салтанаты жасалынып, қақпа алдында лента қиылды. Лентаны қию рәсімі Жетісу облысының ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ермек Әбілмәжінұлы Келемсейтов, бұрынғы сенат депутаты болған ағамыз Жексенбинов Жомартқали Баясылұлы және Өмірәлі Жалайыри ағаларға құрметпен тапсырылды.
Абаттандыру жұмыстарына қолұшын берген азаматтарға Наурыз аға алғыс білдірді. Сонымен қатар Жетісу өңіріндегі ұлылар мен әулие бабалардың басына орнатылған кесенелердің жобасын жасаған белгілі қазақстандық сәулетші, Қазақстанның құрметті сәулетшісі, ҚР Көркемсурет академиясының академигі және Алматы облысының құрметті азаматы – Баулықов Қаби Баяділұлының еңбегін ерекше атап өтті. Жиналған топқа жол бойына қатар-қатар қойылған тұлғалардың (би, батыр, ақын) тақтасындағы бейнелерді таныстырып отырды. Одан әрі алаңқайға орналастырылған Балпық бидің бейнесі көрсетілген тақта әрі екі жағына тең (симметриялы) түрде ұлағатты сөздері жазылған тақталар ілінген қабырға тұсынан өтіп, Балпық ата жатқан үлкен кесененің ішіне кіріп тәу еттік. Шырақшы молда құран бағыштады. Бәріміз жақсы тілеумен бет сипадық.
Кесенеден шығып жаңағы алаңқайға келіп отырғаннан кейін Наурыз аға осы Жетісу өңіріндегі өмірден өткен тұлғалар туралы кеңінен айтып, болашақтағы жоспарларымен таныстыра келіп, осы істің басында жүрген алқа мүшелеріне тапсырмалар берді. Кесене айналасын абаттандыруды қолдап, істің басында жүріп аяғына дейін жеткізген азаматтар Ермек Келемсейітовке, Рахмет Есдәулетовке құрметпен шапан жауып, «Андас атаның» шежіре кітабын таратты. Келесі сөз Рахимов Алпысбайға беріліп, ол кісі атқарылған жұмыстарға толық мәлімет бере отырып, алдағы межелеген жоспарларға тоқталып өтті.

Тұлға тану – тарихты білу

Одан әрі Наурыз аға қайтадан сөзді жалғастырып: «Әруақ риза болмай тірі байымайды, өңірдегі әрбір тұлғаның басына осындай абаттандыру жұмыстары жүргізілсе үлкен ұлағатты, тәлімді іс болар еді. Ескелді мен Балпықты ел-жұрт «қос әулие» деп атаған, Ескелді, Балпық, Қаблиса аталар болашақ ұрпақ қамын ойлап өз тұсында үлкен істер атқарды.
Бүгінгі күні біздің осындай шұрайлы, бай өлкеден орын теуіп тұрып жатқанымыз да сол аталардың арқасы», — дей келе, «Тұлға тану туралы тақырыпты жалғастырыңыз», – деп, сөзді ҚР құрметті жазушысы, бірнеше кітаптардың, соның ішінде «Мұқали» туралы кітаптың авторы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әміре Әрінге ұсынды.
Сөз кезегін алған Әміре кеңінен толғап, өткен ата-бабаларды ұлықтау қазіргі ұрпақтың еншісі. Ол дегеніміз сол әулие бабаларға сиыну, басына келіп тәу ету, белгі тас қою, күмбез тұрғызу бізден кейінгі ұрпақтар үшін жасалынған үлгілі, өнегелі іс екендігін жоғары бағалап айтып өтті. Өткен түркі әлеміндегі «Мағол» бабамыздың, одан бергі «Алаша» тұстағы « Шыңғыс қағанаты», «Жошы хан», «Ақсақ темір» төңірегіндегі тарихқа кең молынан тоқталып, қай заман болса да елдің басын біріктіріп, игілікті іс жасауды ұйымдастыру белгілі бір тұлғалардың қолынан келері хақ. Бұдан кейін бүгінгі күні ел басқарып отырған еліміздің президенті Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаевтың даналығы туралы айтып өтті. Қытай елінде елшілікте жүріп, біз білмейтін, жария етуге рұқсат етілмейтін сонау түркі дәуіріндегі тарихты оқып біліп алған. Салихалы саясатты сабырмен жүргізіп, ел болашағын шуақты етуге күндіз-түні дамылсыз жүгіріп тырысуда. Қазіргі ортамыздағы сондай тұлғаның бірі абыз ақсақалымыз Наурыз Қылышбайұлын айта аламыз – деп түйіндеді сөзін Әміре.
Жиналған қауым «Тұлға тану» туралы айтылған Әміренің әңгімесіне үлкен ризашылық білдірді. Одан әрі дастархан басында сөз алып сөйлеген азаматтар Тынышбай Досымбеков, Өмірәлі Жалайыри, Жаркент өңірінен келген Мұрат Әубакіров сынды азаматтар сырттағы әңгімені жалғастыра келіп, «алдағы жоспарланған істерге қосқан үлесіміз» деп, бір жағы күрделі жөндеуден өткізіп толық абаттандырылған Балпық би кесенесіне көрімдік ретінде Тынышбай Досымбеков, Мұрат Әубакіров «көрімдікке» және «Дарабоз ана кесенесіне» деп қомақты қаржы атады.
Сол сияқты басқа да азаматтар қолұшын беретіндіктерін жасырмады. Сыртқа шығып, кесене қақпасының алдында Англиядағы New Clasic Press баспасынан шыққан «ЖАМПОЗ» атты кітап таратылды. Жиналған қауым риза болып қоштасып тарасты.

Автордан: Бүгінгі жиын өткенге құрмет жасай отырып, болашаққа үлгі, тәрбие берердей «Тұлға тану» атты облыстық семинар жұмысына пара-пар, тіпті одан да жоғары дәрежеде өткен іс-шара деуге болады. Меніңше, жиынға қатысқан тыңдарман қауымның ойына жиғаны көп болды әрі міндет арқалап қайтты.

Сембек Солтанұлы

«Алатау»