Өмірбек Мұстафаұлы жайлы бір үзік сыр

0
21

Барша мағналы өмірін бір салада тұрақты жұмыс істеуге арнау екінің біріне бұйыра бермейтін бақыт деуге болар. Меңгерген мамандығының қыр-сырына жете қаныққан, кәсібінің шынайы шебері атанған, бойындағы бар махаббаты мен мейірін осы бағытқа жұмсай білгендер ғана арман-мұратына жететіні анық. Бұл тұрғыдан алғанда Балқаш ауданына қарасты Құйған ауылында туып-өскен Өмірбек Мұстафаұлының атқарған қызметі осынан лайықты деуге болады. Ол саналы ғұмырын толықтай банк жүйесінің қызметіне бағыштаған ақиық азамат. Бұрынғы Күрті аудандық банктің қызметкері болудан еңбек жолын бастаған Өмірбек осы банкті отыз жылдан астам уақыт басқарды. Өзіне көрсетілген сенімді ақтады. Шәкірттерін баулыды. Абыройы артып, беделі биіктеді. Тәлімді тәжірибе жинақтады.
Зейнеткерлік демалысқа шыққанымен әлі күнге дейін банк қызметінен қол үзбей, сүйікті кәсібін жалғастырғаны және белгілі. Бүгінде сексен жылдық мерейтойын атап өткелі отырған Өмірбек Мұстафаұлын туған күнімен құттықтай отырып, мерейтой иесінің өмір жолын өрнектнйтін жыр-дастанды «Алатау» газетінің оқырмандарына ұсынып отырмыз.

Сексенің құтты болсын желіп жеткен,
Кемелдендің өзің де көріп көптен.
Қатар жүрдің иықтасып
жайсаңдармен,
Көңіліңді марқайтып, көрікті еткен.

Заңғар көктей сексеннің
қыр асқандай,
Сергектікпен келесің құлаш талмай,
Сілтей бергін, құлшынып алға қарай,
Күш-жігерің жастыққа ұласқандай.

Аралтөбе құмында асыр салған,
Ұяң ұл ең әкеден бәсіре алған.
Талаптанып оқуға, білім қудың,
Күткендей-ақ өзіңді ғасыр алдан.

Демеу күткен бір Алла-жаратқаннан,
Өршіл едің тек өрге талаптанған.
Күш-жігерді еліңе жұмсағын деп,
Жетеледі биікке қанатты арман.

. . . Қарлы қыста, ұйтқыған борасында,
Қасқыр ұлып қоятын арасында.
Мұстафа әкең бағатын қоралы қой
Күйіс қайырып жататын қорасында.

Белес-белес шағыл құм төбесінде,
Тербегендей кең дала кемесінде,
Тұла бойды тылсым күш билегенде,
Құлақ түріп қоятын елес үнге.
Ақпандағы қаталдау қыстың кәрін,
Сипап тастап бетті ұрған ұшқын
қарын,
Сауғалайтын бүк таппай ықтасынды,
Қыста тысқа түнеген үш күн жарым.

Бастан кешіп тіршілік қарбаласын,
Мекен етіп аймақтың Ақдаласын,
Ұзақ жылдар қоғамның қойын бағып,
Мұстафа әкең өсірді бар баласын.

Мұстафаны ер десіп дана-сынды,
Мейір төккен Мәкендей анашыңды
Ел сыйлайтын текті деп көпті көрген,
Пейілдері кең дейтін дала-сынды.

Өмірәлі ағаң да ширақ еді,
Тым елгезек, ақ пейіл, ибалы еді.
Тура атамай атын да, Қалқан десіп,
Құрмет тұтты, ардақтап, сыйлап елі.

Дәнипа әпкең жан еді қабағы ашық,
Ел-жұртымен жүретін араласып.
Дәстүр-салтын қазақтың берік сақтап,
Нық жүретін қадамын сара басып.

Өмірәлі, Дәнипа – ізгі жан-ды,
Өзі беріп құдайдың өзі алды.
Озғанымен өмірден олар мәңгі,
Ататегін жалғайтын ізі қалды.
Өмір қатал. Жазмышқа бағынасың,
Құлатқанмен сұм ажал тағын-тасын,
Жадыраған жандарды жаз күніндей,
Бүгін ойлап, бейнесін сағынасың.

Сынығындай алтынның тұяқтарын
Қамқорлыққа алдың сен жиып бәрін.
Шайқалтпадың ағаңның шаңырағын,
Көрсетпедің таршылық, қиналтпадың.

Ізетіңмен, ізгілік зейініңмен,
Күн нұрындай шуақты мейіріңмен,
Қайғы басқан көңілді сауықтырып,
Қамқор болдың шынайы пейіліңмен.

Отбасының көтеріп ауыр сынын,
Жастайыңнан қатайды қауырсының.
Жаның ашып көген көз бауырыңа,
Буындарын бекіттің буыршынның.

Білім берген әр үйдің еркесіне,
Қызмет еткен туған жер өлкесіне,
Әнияшты ұстаз деп таниды елі,
Түйіп өскен мейірді зердесіне.

Инабат пен ибалық үлгісіндей,
Жүзі жайнап жүретін гүл түсіндей,
Әния да жасынан еңбекқор-ау,
Атқаратын міндетін бір кісідей.
Қамқор болар әулеттің жұратына,
Үлкен сенім жүктелген Мұратыңа,
«Азамат бол ардақты» – деп тілейсің,
Дақ түсіре көр ме деп ұл атына.

Қоныстарың болса да алыс-қашық,
Ынтымақты тілекпен қол ұстасып,
Ошақ отын маздатқан әулетіңде
Сезінесің жатқандай табыс тасып.

Бұл жақсылық нышаны өнегелі,
Адамшылық мейірге кенегені.
Берекесін бірліктің берік ұстап,
Бір ғанибет кең жайған керегені.

Нұрын шашып пейілдің алаулатып,
Дастарқанды кең жайдың танаулатып.
Түзу шықты түндіктен түтінің де,
Әулет даңқын көтердің жалаулатып.

* * *
Бітірді де мектепті − онжылдықты,
Сәті түсіп болды да жолы құтты,
Ата дәстүр салтымен отау тігіп,
Шымылдыққа түсірдің қалыңдықты.

Зухрамен екеуің қосылғанда,
Бақытты өмір тұр еді тосып алда.
Мәкен ана жүгірді шүйіншілеп,
Хабар беріп жақын маң, ауылдасқа.

Келіп жатты толассыз қуанышқа
Ағайын да, туыс та, бауырлас та.
Келін түсіп, той жасап, жыр ойнатып,
Сайран салды бір апта сырнайлатып.
Ақ ниетін, тілегін ақтарған жұрт,
Жүздеріңді жіберді гүл жайнатып.

Зухра да тербетті бесігіңді,
Сәби енді кең ашып есігіңді.
Қыздар өсті. Ұзаттың тойын жасап,
Басқа қонған бақыт бұл — осы күнгі.

Саған қонған бақыттың құсы дерлік,
Зухраң бар пып-пысық, ісі — көрік,
Дархан етіп жайылған дастарқаннан,
Дәм де татқан шалғайдан кісі келіп.

Кешіктім деп жұмыстан жай келетін,
Кезіңде де өзіңді Ай көретін,
Зухраға бір Алла қуат берсін,
Түнде тұрып ерінбей шай беретін.

Қызығына отбасы шаттанасың,
Басиесің ұстаған ноқта басын.
Қызғалдақтай құлпырған
қыздарыңнан,
Ғұмыр бойы баянды бақ табасың.
Үкілеген бір әулет тұлпарысың,
Самғап ұшқан шырқауға сұңқарысың,
Өскен елдің ат жалын тартып мінген.
Сансыз ата, Шолпанқұл ұрпағысың.

Бабаң текті, асылдар тұяғысың,
Тосқауылын елемес қия-құздың.
Зымыранмен жарысқан қиял-құсың,
Тартып туған затыңа – ұялысың.

Арман-оймен барлаған шартарабын,
Ұлан едің тым алғыр нар талабың,
Банктердің меңгеріп тылсым сырын,
Таудай жүгін заманның арқаладың.

Болса егер балалық шағың қандай,
Дақ түспеген тап-таза арың қардай,
Маңдай терің төгілген бағаланып,
Қаржы жиған Банкте бағың жанды-ай.

Көп жыл банк делбесін ұстадың сен,
Қабілетті іскерлік ұштадың сен.
Көркейтуге қатыстың Күрті ауданын,
Құрылыс сап, жаңарттың
қыстағын сен.

Кіріс табу жолының қиындығын,
Есепшіге ұқтырдың тиын құнын.
Атандың сен банктің ақиығы,
Алдан шықты жақсылық, сыйың бүгін.

Іскерлікпен дөп басып көңілдерін,
Билік жақтың ақтадың сенімдерін.
Әділдікті жақтадың, сол себепті,
Тартыстарда кезіккен жеңілмедің.

Болмаса да мықтырақ тірек-күшің,
Батылдық бар бірбеткей, жүректісің.
Біліміңмен білікті мыңды жығып,
Тепсе темір үзетін білектісің.

Мәрттігің бар, мығымсың елдікке де,
Алаламай қарадың теңдікке де.
Қаржы жетпей қолбайлау
болған кезде,
Жасамадың таршылық кеңдікке де.

Ақша артық жұмсалса, безілдедің,
Ақау шықса бір жерден көз ілмедің.
Қызыл отқа жалынды орансаң да,
Төзіп бақтың, сыр беріп езілмедің.

Қиын-қыстау өмірдің бұлаңынан,
Өтіп жүрдің сыр бермей сынағынан.
Адалдықты көтеріп жалау етіп,
Аулақ жүрдің дұшпанның лаңынан.

Жармаспадың жағаға дөкейсініп,
Еш пендені көрмедің өгейсініп.
Жебе болып қадалдың керек кезде,
Қаймықпадың зәбірден үрейсініп.

Бармадың сен біреуді арбауға да,
Байқаусызда түспедің алдауға да.
Даңғазадан шулаған шеттеу жүрдің,
Айқай-шуға бекіндің бармауға да.

Тығырыққа тұрса да тіреліп те,
Даурықпалы кеудем соқ өр, елікпе,
Бой бермейтін даукестің
мысын басып,
Жүгіндірдің дат айтып төрелікке.

Шайқатпадың ешкімге тұнығыңды,
Білмедің де тайсақтап бұғынуды.
Қол жеткіздің құрметке еңбегіңмен,
Маңайыңа таратып жылуыңды.

Шуақ шашып жүрдің сен бар адамға,
Жәрдемдестің үмітпен қарағанға.
Ет жүрегің елжіреп тұратын-ды,
Жақын келіп жаныңа жанағанға.
Ағайынды сыйладың, елжіредің,
Баурай білдің сөзіңмен ел жүрегін.
Жылы жүзбен достарға құшақ жайып,
Құрақ ұшып үкідей желбіредің.

Елгезексің. Паңдық жоқ жүрісіңде,
Нұр төккендей мейір бар күлісіңде.
Өнеге бар, үлгі бар әр ісіңде,
Тапқырлықтың білесің әдісін де.

Бүкпедің сен көңілдің қалтарысын,
Көп те көрдің өмірдің алпарысын.
Дақ түсірмей ақ сезім айдынына,
Ардақ тұттың адамның ар-намысын.

Қызмет еттің үздіксіз еліңе сен,
Маңдай терді сіңірдің жеріңе сен.
Әділдікті арыңдай биік ұстап,
Құрметіңді көрсеттің бәріне сен.

Найзағайдай от шашып
жарқылдадың.
Бір сәтке де еңбектен тартынбадың.
Нық отырдың банктің кеңсесінде,
Иеленіп меншіктей бастық тағын.

Мұқалмадың мойылып, сағың сынып,
Басқа қонған бұлдағы бағың тұнық.
Білгірлікпен атқарған ісің үшін,
Жұрт сыйлады, адами жаныңды ұғып.

Береріңді бердің сен өз еліңе,
Аларыңды алдың сен кезегінде.
Өкпең де жоқ бір мысқал жаратқанға,
Дәуірледің дәуірдің кезеңінде.

Ел ішінде дәп саған сезім де ерек,
Сәлем берді талай дөй сөзіңді елеп.
Кемелдікті сендегі ұға біліп,
Бас та иді болған соң өзің зерек.

Оранғандай үлде мен бүлдеге сен,
Таң атырдың шаттанып әр күнде сен.
Тәубә дейсің дара жол тірлігіңе,
Кеткен емес ешкімге мүлде есең.

Қуана бер, шаттанып жүргенге есен!
Самалындай Балқаштың өбіп беттен,
Ықыласын айтатын төгіп көптен,
Достарың бар шындықты сүйетұғын,
Туысқандай бір туған болып кеткен.

Ары таза адамды – алтын құймақ,
Сап түзетіп қатарға алдың жинап.
Адамдармен зиялы бірге жүріп,
Қошеметін көрсетті халқың сыйлап.

Өміріңде көп болды сәтті күнің,
Тасқын селі басылмай шаттығыңның,
Шаңырағың шалқыды тойын жасап,
Жоғары ұстап ақ туын пәктігіңнің.

Берекелі ырысты дәулеттісің,
Ел қатарлы тұрмысты сәулеттісің.
Махаббаттан әкелік қуат алған,
Ынтымағы жарасқан әулеттісің.

Сен осындай бақытты Өмірбексің,
Шапағатын көл-көсір Тәңір төксін.
Алға бастап әулеттің өмір көшін,
Жарқырасын жұлдыздай
көңіл хошың!
Шартарапқа ұшырып көңіл құсын,
Шарлап кетсең туған жер, өңір ішін,
Алаулатқан жаныңның отын үрлеп,
Балатеңіз – киелі Тәңір күшің.

… Уақыт жүйрік, күндерді қуалайды,
Асығып та күтесің туар Айды.
Жылдар өтсе, жасың да ілгерілеп,
Жақынмын деп кәрілік сығалайды.

Ағарғанмен ақ шыңдай
шашың-басың,
Жүрегіңнің жалыны басылмасын.
Ептеп әжім жүзіңді шимайласа,
Ол таңбасы – сыйлаған
жасын-жасың.

Күш-қуатың молайсын екпін дарып,
Кәрілікке бой берме, өткін жарып.
Ұрпағыңа байсалды ата атанып,
Саған Тәңір сыйласын көп күн жарық.

Бата берер атасың бүгін де сен,
Жетіпті-ау деп кәрілік бүгілме сен.
Алдыңда әлі асу бар алқабы кең,
Көтеруге керексің жүгін де сен.

Өмірбексің, баяғы қалыптасың,
Қарлығашы көңілдің қалықтасын.
Атқаратын жұмысты жан-тәніңмен,
Дүйім жұртқа белгілі жалықпасың.

Жалындатып жүректі от өре бер,
Қайраттанып ел жүгін көтере бер.
Шаттықпенен атырып таңдарыңды,
Немереден, бұйырса, шөбере көр.
Бал бөбекті иіскеп, мейір қанып,
Бәйтеректей жайқалып көгере бер.

Ататекті ұрпағың жалғастырып,
Ұлағатты үлгіңді алға астырып,
Сүйсіндіріп ләйім қуандырсын,
Бата беріп төрде отыр малдас құрып.

Аламанға қосқандай құнанды бір,
Өмірбектей ұлықтап ұланды дүр,
Уақыт-бәйге жарысын жалғай бергін,
Биік шырқап, самғасын қыран-ғұмыр!

Айналдырып тоқтаусыз шығырыңды,
Биіктеттің қызметте тұғырыңды.
Білген жоқсың ешқашан кідіруді.
Білмей-ақ қой ілгекке ілінуді.

Бар байлықтан денсаулық,
өмір құнды.
Бұзбай сақтап бір қалып жұмырыңды,
Марқайып жүр, Өмеке, арамызда,
Ұзақ етсін бір Алла ғұмырыңды!

Әли ЫСҚАБАЙ,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері,
Алматы облысы мен Балқаш ауданының Құрметті азаматы.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі