Ауру тағы өршіді
Барыс жылы басталғалы дүние жүзінде де, Қазақстанда да аждаһа індеттің бесінші басы «Омикронның» таралуымен ауру қайта өршіген еді. Әлемнің 200 елінде 300 миллион адам вирус жұқтырды, солардың 5 миллионы ажал құшты. Біздің елде де індеттің қармағына ілініп кетіп, көз жұмғандардың қарасы көп. Вирус ә деп басталғаннан күні бүгінге дейін аурудың барына сенбейтіндердің қатары азаяр емес. «Оны көзбен көргендер бар ма? Ауыз өздеріңдікі болған соң айта бересіңдер. Ажалың жетсе вируссыз-ақ өлесің» деп жайбарақаттық танытатын жақын адамдардың сөзіне қарап ішің қан жылайды-ақ. Аурудың ел ішінде дендеп баратынына коронаның қармағына ілігіп, дертке шалдыққандар ғана сенеді. Осы дерттен көз жұмған жақыныңнан айрылудың қандай қасірет екенін біле тұра «өз ажалынан өлді» дейтіндерді де құлақ естіді. Олар вирустың барына сенгісі жоқ. Мұндай жандарға ешқайда шықпаңыздаршы деуден де қалған адамдар. Себебі пандемияға сенбейді, ол жайында сөз қозғай қалсаң құдды бір ата жауындай жек көріп тұрады. Өкініштісі де сол…
Соңғы уақытта ел бойынша Елорда мен Алматы қаласында ахуал ушыққан. Мұның себебін екі қалаға шетелден келетіндердің көптігімен байланыстырады мамандар. Вирус жұқтырғандардың 78 пайызы Алматыда болып отыр. Жалпы ауырғандардың 80 пайызы вакцина алмаған немесе ревакцинациядан өтпегендер екенін айтқан еді денсаулық сақтау министрі. Дей тұрғанмен Ажар Ғиният вирустың жеңіл өтіп жатқанын да тілге тиек етті. Бүгінгі таңда ауруханаларда жатқан аурулар саны 220 адам болса, соның 11-і өкпені желдету аппаратына жатқызылған.
Мамандар пікірінше, дүниежүзі бойынша коронавирус 3 пайызға өскен. Олар мұны жаз мезгілімен байланыстырады. Яғни, вирус маусымдық сипатқа ие. Әлем елдеріндегідей бізде де вирустың Омикрон түрі белең алды. Сондықтан денсаулық сақтау министрі «енді бетперде таққан жөн» деді. Алматы және Жетісу облыстарында да соңғы күндерде коронавирус қайта өршіді. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, Жетісу және Алматы облыстарында 175 жағдай тіркелген. Алматы облысында індеттің өсу қарқыны соңғы екі аптамен салыстырғанда жоғары. Яғни, сырқаттанушылық 30-дан 119 жағдайға дейін өсті. Жетісу облысында да өсу қарқыны соңғы екі аптамен салыстырғанда 11-ден 56 жағдайға дейін жеткен. Бірақ эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасында екі облыс та әзірге «жасыл аймақта» тұр. Алайда «біз жасыл аймақтамыз» деп селқостыққа салынып жүре берсек, аурудың дендеп кетуі бек мүмкін. Әріптесім Жұлдыз (Ә) фб парақшасында жазғанындай, күрк-күрк жөтеліп жүріп, безілдеп қыдыру әдетінен арылу қажет. Денсаулық бірінші кезекте өзімізге қажет. Мұнымен қатар балаларды да ойлау керекпіз… «Менікі жай тұмау ғой, әйтпесе суық тиіп қалды» демей, маска тағып, жүрісті азайту абзал. Ауырып, артынша «неге бұған жол бердім» деудің амалын бүгіннен ойлайық. Ауру тағы өршіп барады. Неге деп отыра бермей, денсаулыққа мән берейік…
С. ӘЙТЕНОВА.