Банкке қарыз адамдар саны біржарым есеге өсті

0
290

Тағы да несие. Елімізде 6 миллионнан аса қазақстандық банк алдында қарыз. Бұл көрсеткіш былтырғыға қарағанда біржарым есеге көп. Ал жалпы халықтың банк алдындағы берешегі 8,9 трлн. теңгеге жеткен.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер енгізілгенін хабарлады Ақорда. Яғни заңға сәйкес несиесі бар адам қайтадан несие рәсімдей алмайды. Сонымен қатар несие бюросына берілген қарыз жайлы ақпаратты жеткізу уақыты 15 жұмыс күнінен 1 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Ал микронесиелер бойынша сыйақы мөлшері мен айыппұл көлемі азайтылды. Дей тұрғанмен қандай амалдар мен өзгертулер енгізілгенімен халықтың қарызы азаяр емес. Еске салсақ осыдан үш жыл бұрын осы мәселе төңірегінде біраз заңнамалық шешімдер қабылданған. Яғни 2019 жылы  жалпы қарызы 3 млн. теңгеден аспайтын әлеуметтік аз қамтылған топ өкілдерінің 300 мың теңгеге дейінгі банк алдындағы берешегі кешірілген. 2020 жылы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыз беруге шектеу қойылған. Ал биылғы жылы 30 жылдан астам несие төлемей жүрген кәсіпорын иелері табылмаса, онда оның қарызы жойылмақ.  Бірақ  несие алушылар саны азайған емес. 6 миллионға жеткен қарыз санының 48 пайызы тұтынушылық несие, 31 пайызы ипотека, 10 пайызы  автонесие, 6 пайызға жуық кепілге алынған несие болса, қалған 3 пайыздан астамы кредиттік карта қарызы. Ал осындай қарызға кірушілердің 18 пайызы несие төлеу мерзімін 90 күннен асырып, қарыздарын қайтара алмай жүр. Бұл тұрғыда «төлей алмаса неге несие алады?» деген сұрақ туады.  Дегенмен, қиналса несиеге жүгінуі қазіргінің әдеті. Алмасқа амал жоқ… Қымбатшылық заманда «кімнен аламын?», «қайда барамын?» деп сабылатындықтан соңғы амалы да осы болып шығады.

Заңнамада несие алуға қандай шектеулер қойылса да амалын тапқан банктер халыққа түрлі жеңілдетілген несиелерін ұсынып, ұялы телефондарына  смс хабарламалар жіберуін тоқтатар емес. Онсызда қарызы бар халыққа қоңырау шалып, өздерінің жеке ұсыныстарын айтып жатқандар да аз емес. «Тым болмаса ай сайынға төлейтін несием азайсын» деген ниетпен қайта қаржыландыру (рефинансирование) рәсімдеп, жылдық қарызы көбейіп жатқандар да бар. Сонда, мемлекет басшысының халықтың қарызын азайту мақсатында қабылдап жатқан заңдар  мен  шешімдер не үшін, кім үшін? Жылдан-жылға саны артып келетін  несие  мен қарыз алушылар саны азаяды ма? Үлкен-кішілі микронесиелік ұйымдар, банктер қарызға онсызда белшесінен батқан халықты қайта несие рәсімдеуге жан дүниелерін салып көндіреді, заңға бағына отырып, несие берудің жаңа амалдарын ойлап табады. Неге?  

А. БЕКМОЛДИНА.


ПІКІР ЖАЗУ