Антына адал жандар

0
431

Ақсу ауданы, Қарасу ауылдық округіне қарасты Кеңжыра ауылы аудан орталығынан солтүстік-шығысқа қарай  33  шақырым  жерде, Сарқан өзенінің жағалауындағы жусан аралас тұқымдас шөптер өскен, қызыл қоңыр топырақты тауалдының құрғақ жазығында орналасыпты. Округке Кеңжырадан бөлек   Тарас және Еңбек  елді мекендері кіреді.  Біз табан тіреген Кеңжыра  дәрігерлік амбулаториясына екі бірдей елді мекеннің фельдшерлік пукті қарайды.

1994 жылдан бері Кеңжыра ауылының дәрігерлік амбулаториясы болып аталған мекеме тарихына үңілсек, алғашқыда, 1952 жылы «Еңбек» ұжымшарында ФАП болып құрылып, фельдшері болып Юрий Пахомович Маслов жұмыс істеген. Сол кезде Кеңжыра ауылында медпункт, 5 төсекті перзентханасы болса,  1971 жылы Ленин кеңшарының орталығынан 35 төсекті учаскелік аурухана ашылған. Алғашқыда медициналық мекеменің бас дәрігері  Кеңес Шыныбеков болса, одан кейін, 1976-80 жылдар аралығында  Әмина Арынова,  Дәулет Даутовтар басқарған. 1981 жылдан бастап бұл мекемені 1-ші санаттағы тәжірибелі дәрігер, аудандық мәслихат депутаты болған Майрагүл  Исаева басқарып келген. Қазіргі таңда дәрігерлік амбулаторияның меңгерушілік қызметін  Алмас Төлеубайұлы атқарып келеді.

БАЛА кезінен ата-әженің тәрбиесін көріп өскен Алмас Төлеубайұлы Сарқан ауданының  тумасы. Қарасу орта мектебінде тоғыз жыл оқып, одан кейін Жансүгіров ауылындағы  ауылшаруашылық лицейінің механизатор мамандығы  бойынша  білім алады. Аталмыш оқу орнын тәмамдаған соң алты жылдай ауылшаруашылық саласында  еңбек етеді. Ал 2009 жылы фельдшерлік  мамандыққа бет бұрып, үш жыл оқып,   диплом алады. Содан бері  осы салада үздіксіз  еңбек етіп келеді.

«Медицинада  жұмыс  істегеніме  он  жыл болды. Фельдшерлік дипломды алған соң  Кеңжырадағы  дәрігерлік амбулаторияда жұмыс істедім, 2018 жылы меңгерушілік қызметті атқардым. 2019 жылы  Ескелді  ауданына қарасты Қарабұлақ ауылында медбрат болып еңбек еттім. Одан кейін Сарқан аудандық ауруханасында істеп,  2020 жылдың жазынан   Кеңжыра  дәрігерлік  амбулаториясының меңгерушісі ретінде  қызметімді жалғастырып келемін.

Кеңжыра дәрігерлік амбулаториясына Еңбек және Тарас ауылдарындағы медициналық пункттер қарайды. Үш ауылды қос-қанда 1552 адам  бар. Оның 478-і  жасөспірім болса, бір жасқа толмаған 28 бала бар. Ұжымда  он тоғыз адам  қызмет етеді. Олардың бәрі  кәсібіне шынайы берілген білікті мамандар.

Фельдшер  –  ең қажетті медициналық мамандықтар қатарына кіреді. Оның бойында жанашырлық таныту, тыңдай алу, ықыластылық, мейірімділік сияқты қасиеттердің болуы маңызды. Ширақтық, ұқыптылық, жауапкершілік, күтпеген жағдайларда тез және тиімді шешім қабылдау қабілеті кәсіби тұрғыда маңызды болып саналады», – деген  Алмас Төлеубайұлы бір қараған адамға, фельдшер, медбибі мамандығы аса қиындықсыз кәсіп көрінуі мүмкін,  шын мәнінде олай емес екенін  айтты.

– Дәрігерлік амбулаторияда алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетуге қажетті барлық жағдайлар жасалған. Тегін дәрі дәрмекпен қамту мәселесі де  жолға қойылған. 2019 жылы жаңа жедел жәрдем көлігі берілді. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша да бес маман келді. Ауылда еңбек етіп жатқан әр маман аудан орталығындағы дәрігерлермен байланысты нығайтқан. Аурудың асқыну белгілері анықталған  жағдайда мамандар науқасқа жол сілтеп, кеңес береді.  Біздің басты міндетіміз  – сапалы қызмет – дейді ол.

1994 жылы дәрігерлік амбулатория болып өзгертілген мекемеде тәжірибелі медбикелер   Ж. Нұрғазиева,  М. Омарова,  Ж. Әбдіқалиева,  жалпы тәжірибелік медбике М. Сатыбаева,  акушер маманы  Н. Мұқашева, тіс дәрігері С. Жаманбаев, фельдшерлер А. Егеубек, Ә. Мырзабеков, А. Иемберген, Еңбек және Тарас ауылдарындағы фельдшерлер   Б.Ибраева, А. Нұралинова,  тазалықшылар  Д.Хасенова,  Б.Байсова,  Л.Шаймерденова,  К.Төңірекова, сонымен қатар жұмысшылар  Ш.Абейбекова, А. Иманбаевалар ауыл медицинасының дамуына сүбелі үлестерін қосып келеді.

Дәрігерлік амбулатория меңгерушісі айтқандай-ақ, ауыл адамы дәрігерді акушер немесе фельдшер деп айырмайды. Олар үшін бәрі бірдей – доғдыр.

* * *

«МЕДБИКЕНІҢ  жұмысы қызық әрі қиын»,  – дейді  Кеңжыра дәрігерлік амбулаториясында жалпы тәжірибелік медбике  қызметін  атқарып келетін Мөлдір  Сатыбаева. Талғар медициналық  колледжін  тәмамдаған  жас маман алғашқы еңбек жолын Сарқан аудандық ауруханасында бастайды. Одан бері аттай зулап он жыл да өте шықты. Бұл аралықта декреттік демалысқа барып келіп,  бүгінде төрт баланың анасы атанған білікті маман  Кеңжыра  дәрігерлік амбулаториясында қызметін  жалғастыруда.

«2020 жылдан бері осы жерде  жалпы тәжірибелік медбике ретінде қызмет атқарудамын. Өз ісім  өзіме ұнайды. Бала кезімнен  медицина  саласының  маманы болуды арман еттім. Мен үшін үлкен яки  кішіге көмек беріп, қол ұшын созып, қызмет жасау, адам денсаулығы жолында аянбай еңбек етуге атсалысудан артық  бақыт  жоқ. Сондықтан мамандығымды мақтаныш етемін. Медицина  деген  білім мен тәжірибені қатар қоятын күрделі сала ғой. Сол себепті, білікті дәрігерлердің ақыл-кеңесі әрбір жас медицина қызметкеріне ауадай қажет деп есептеймін… Мен үшін   медбикелік істің басты философиясы адам өмірін сақтау, жеке тұлғаның құқығы мен абыройын сыйлай отырып, қызмет көрсету. Яғни, олар науқастың күтіміне қарап, ұйымдастырып, емделушіге бар ықыласымен қызмет көрсететін жандар. Медбикелер, медициналық топтың белсенді әрі белді мүшесі, кеңесшісі десе де болады», – деп ағынан жарылды  Мөлдір Сенқұлқызы.

Өз ісіне адал Мөлдір секілді жас мамандар барда  ауыл медицинасының  ахуалы жандана берері сөзсіз.

* * *

НАУҚАСТАНЫП қалған жандарға аялы алақанымен, жылы қабағымен қуаныш сыйлайтын жандардың бірі  –   Бақытгүл  Ибраева. Ол  Кеңжыра дәрігерлік амбулаториясына қарайтын Еңбек ауылындағы фельдшерлік -акушерлік пунктте  фельдшер болып еңбек етіп келеді.

Алакөл ауданының тумасы он-жылдықты бітірген  соң  Талдықорған қаласындағы медучилищеге  құжатын тапсырғанымен, оқу орнына түсе алмай, екі жылдай  ауылда  қара жұмыс істейді. Тек  1990 жылы  ғана аталмыш  оқу орнының студенті атанады.

«Оқи жүріп  сол жерден болашақ жарым Серік Жаманбаевпен  танысып, тұрмыс  құрдым. Екеуміз де медицина  маманы болғандықтан  алғашқы еңбек жолымызды Ақсу ауданына қарасты Қопа ауылында  бастадық. Елмен жұмыс  істеу деген оңай емес қой.  Дей тұрғанмен  ауыл  халқының денсаулығын жақсартуда, өз ісіміздің тәжірибелі маманы болу жолында аянбай еңбек етіп келеміз. Қопа ауылында 2004 жылға дейін жұмыс істеп, сол жылы  Еңбек ауылына қоныс  аудардық. Содан бері Кеңжыра  дәрігерлік амбулаториясына қарасты  фельдшерлік-акушерлік  пунктте фельдшер болып еңбек етіп келемін. Бұл ауылда төрт жүзге жуық адам тұрады.  Оның басым бөлігі  қарт адамдар.

Мен отырған  фельдшерлік-акушерлік  пункт 1934 жылы салынған, өте ескі ғимарат. Қазіргі заман талабына сай   еліміздің медицинасы да қарқынды дамып келеді. Осы орайда айтарым, біздің ауылға да төрт бөлмеден тұратын шағын  медициналық пункт салынса,  нұр үстіне нұр болар еді. Үш бөлмеден тұратын  ескі ғимараттың іші тар болғанымен онда  ауыл адамдарына алғашқы көмек беретіндей жағдай жасалған. Бір бөлмесінде екпе салсақ, тағы бір бөлмені  екі төсектік күндізгі стационар  етіп қойғанбыз.  Ауыл  халқын  скринингтен өткізу  ісі де алдыңғы жолға қойылған. Сонымен қатар диспансерлік есепте тұратындар үшін  уақытылы тегін дәрі-дәрмек те беріліп тұрады.  Кеңжыра дәрігерлік амбулаториясына қарайтын фельдшерлік-акушерлік пунктің бүгінгі тынысы осындай.

Сөз басында жұбайым да медицина маманы екенін айттым. Ол тіс дәрігері болып  еңбек етеді. Алла берген төрт баланың бірі біздің  жолымызды қуып  Алматы қаласындағы медицина  институтын бітіріп жатыр. Оның  бала кезгі арманы хирург болу еді. Алла қаласа  медицинадағы  жақсы бір маман   болады деп ойлаймын…

Ауру азабын тартып, көмек  сұрай келген әрбір  науқасқа қарайласу, қолдан келген медициналық көмек көрсету біздің кәсіби міндетіміз әрі адами парызымыз деп білемін»,  – деген  тәжірибелі маманның  күн-түн демей шапқылап жүретін  еңбегін   ауыл халқы бағалап жатса болғаны да…

Отыз жылдық еңбек өтілінде  Бақытгүл апайдың басынан қаншама   қиын да қызықты күндер өтті. Науқасты ауруханаға жеткізер  көлік болмай қалған, жүкті әйелді үйде босандырып алған жағдайларды да бастан кешті. Бірақ еш мойымай, ауыл медицинасының алға жылжуына өлшеусіз үлесін қосып-ақ келеді.  Талай қиындыққа төтеп берген аяулы жанның бұл ісін мамандығына деген  адалдық  деуге болатын шығар.

ЖҮГІ ауыр салада қалтқысыз қызмет етіп, мейірімділік пен жылылықтың символына айналып, ауыл халқының денсаулығын жақсартуда қызмет жасап жүрген кеңжыралық антына адал абзал жандардың  еңбегіне табыс тілейміз.

Сарби ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ

ТАЛДЫҚОРҒАН-АҚСУ-КЕҢЖЫРА

 


ПІКІР ЖАЗУ