Ажырасқандар көбейді

0
328

Соңғы жылдары елімізде ажырасу жағдайы  көбейді. Қазақстанда әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталатынын айтады мамандар.  Бұл дегеніңіз алаңдатарлық жағдай.  Статистикаға көз жүгіртсек, 2019 жылы сарапшылар Қазақстан ажырасу саны бойынша ТМД елдерінің ішінде көш бастап тұрғанын, 2018 жылы британдық The Economist басылымының әлемдік рейтингінде Қазақстан ажырасу саны бойынша 10-орынға шыққанын айтқан  еді. Ал  2020 жылы,  яғни  пандемия үдеп тұрған тұста 45 036 жұп шаңырақ көтерсе, сол жарты жылдың ішінде 12 мыңнан аса жұп ажырасып тынған.  Ажырасудың ең көбі Алматы қаласында тіркелген  – 1655, одан кейін Алматы облысында – 1507, Қарағанды облысында – 1507, Нұр-Сұлтанда – 1025, Шығыс Қазақстан облысында 1003 жұп ажырасқан.  Өткен жылда  ел бойынша  ажырасқандар саны  48 мыңнан  асып жығылады. Бұл жолы да ажырасудан ең көп тіркелген аймақ – Алматы қаласы болса, Алматы облысында  –  5 075 жұп ажырасқан.

Психологтар  сөзінше, ерлі-зайыптылардың ажырасуы көбіне ер адамдардың әйелінің көзіне шөп салуынан болып жатады.  Сонымен қатар ене мен келін арасындағы қарым-қатынастың дұрыс болмауынан, екеуінің тіл табыса алмауынан осындай жағдайға душар болады. Жалпы көмек іздеп келетіндердің дені 30 және 40 жас аралығындағы жұптар екен.

Ажырасушылар санының көбейгені  жайында сөз қозғағанда көнекөз қариялар  бұрын отбасы құрудың жауапкершілігі жоғары болатынын айтады. Яғни, ажырасқандар партиядан шығарылады.  Ол кездері партиядан шығу кәдімгідей үлкен жаза болған деседі. Ал қазіргі қоғамда ештеңенің құндылығы қалмағандай. Ол кездегі жас отбасыларға жасалған жағдай  да  ерекше болыпты.  Оқуды бітіре салысымен, жолдамамен жұмыс табатын. Барған жерінде баспанасы дайын тұрса,  қазіргі жастар үшін баспана да, жұмыс та – бәрі проблема болды емес пе?! Аз ғана жалақысымен не үй ала алмай, не толық отбасын асырай алмай қиналып жүрген жас отбасылардың қарасы көп.  Міне, осы жетіспеушіліктің соңы ұрыс-керіс, оның соңы ажырасуға дейін апарады. Егер де жас отбасыларға  қамқорлық жасалса,бұл мәселенің іргесі сөгілер ме  еді дейсің… Қалай дегенмен, бұрын  ажырасқан деген куәлікті алып жүру ұят саналса, қазір  бұл –модаға айналды. Неге?

С. ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ.


ПІКІР ЖАЗУ