Су мен газ жүйелері реттеледі

0
326

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев барлық ауылдық округтің су құбырларын тексеріп, түгендеу жұмысын жүргізуді тапсырды.

Қонаев қаласы мен аудан әкімдерінің басын қосқан алқалы жиында облыс басшысы тұрғындар тарапынан суға қатысты арыз-шағым жиілеп кеткенін алдыға тартты.

«Жалпы, өңірдегі ауылдарда суға қатысты туындап отырған мәселе көп. Кейбір су құбырында қысым жеткіліксіз, кейбірінде магистралдық су жүйесі реттелмеген. Енді  бірінде су сүзгісі жолға қойылмаған. Осы мәселелердің бәрін ауыл әкімдерімен бірлесіп, тексерістен өткізіп, жоба-жоспарын жасап алайық. Облысты газдандыру және басқа да сала бойынша жұмыстарды осылай картаға түсіріп, рет-ретімен істеуіміз керек. Көгілдір отын келді, газ бар деп айтқанымызбен іс жүзінде бәрі басқаша. Ұятты  болса   да айтайық, газды жеке тұрғын үйлер тұрмақ, ауруханаларға әлі толық тарта алмай отырмыз. Су мәселесі де солай. Су бар дейміз, бірақ іс жүзінде көшеден тасып ішіп, машақатын көріп жүрген ауыл тұрғындары жетерлік», – деді Марат Елеусізұлы.

Облыс әкімі жиында аталған мәселелерді шешу үшін ең алдымен өңірлерді сумен және көгілдір отынмен қамтамасыз ету бойынша тексеру, түгендеу жұмысын жүргізуді міндеттеді.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ