Қаржылық сауаттылық қай деңгейде?

0
1108

Бүгінде  адамдар  еңбекақысын тек күнделікті қажеттілігіне жұмсаумен шектеуде. Кейде тапқан табысынан  айлық  шығыны көп болып жатады. Төлейтін  несиесі, пәтерақысы  және одан басқа қызметтері  тағы бар. Төлемге жетпей  жатса тағы қарызданып, берешек болады.

Халықаралық  қаржылық,  нарықтардағы  тұрақсыздық  халық үшін қаржылық сауаттылықтың қажеттілігі мен маңыздылығын тағы  бір  рет  дәлелдеді.  Дағдарыс уақытында  қоғамда  ипотекалық  несиелендіру қарқынды жүріп жатты. Көптеген адам  қаржылық  сауаттылықты  білмегендіктен оларды пайдалануға байланысты теріс пайым  шығарғаннан  өздеріне  шамадан тыс міндеттемелер жүктеді. Осы жағдайлардың салдарынан жетіспеушіліктер пайда болды. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек,  ҚР  Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі соңғы үш жыл көлемінде елдегі қаржылық сауаттылық деңгейі  2,82 пайызға  артқанын айтады.  Мәселен, 2019  жылы қаржылық сауат деңгейі 36,25 пайыз,  2020  жылы  39,07  пайызды,  ал  2021  жылы  4-тоқсанда жүргізілген әлеуметтік зерттеуге сәйкес, 39,52 пайызға жеткен. Агенттіктің болжамынша,  2024  жылы  бұл  көрсеткіш 41 пайызға дейін көтерілмекші.

Қаржылық сауаттылық қоғамға керек дағды. Әрбір  адам  өз  бюджетін жоспарлаудан, қаржысын көбейту жолдарынан, банк өнімдері мен салық заңнамаларынан хабардар болу керек. Күнделікті өмірде біз ақшамыздың қайда кетіп жатқанына аса мән бермейміз. Ал кей мамандардың пікірінше айлық табысты дұрыс жарату кез келген адамның қағидасына айналуы керек. Бір ай бойы еңбек етіп, қалтаға түскен қаражатты оңды-солды, керекті-керексіз жұмсап жіберетін сәттер болатыны жасырын емес. Міне, осындай жағдайлар туындағанда ең бірінші тығырықтан шығатын жол өз-өзіне есеп беру.  Яғни,  кірісі мен шығысын есептеп, саналы түрде жұмсау  керек. Тағы бір айта кететін жайт адам өзінің тапқан табысының 10  пайызын   жинап отыруы тиіс. Ақша жинауға, қаржылық сауаттылыққа байланысты мұндай стратегиялар көп. Соның ішінде АҚШ азаматтарының басым көпшілігінің қолданатын 50-30-20  стратегиясы. Мұнда кез келген кірістің 50 пайызы тұрақты шығынға жұмсалады. Ол  пәтердің  ақшасы, несие, азық-түлік деген секілді өте қажетті заттарға беріледі, екінші, 30 пайыз жан-жақты дамуға, білім алуға, түрлі курстарға қатысуға, қыдыруға жұмсалады,  ал  қалған  20 пайызын  міндетті түрде жинау керек  деп  айтады.  Бірақ  қазіргі жағдайда  халыққа сол  20  пайыз  салып тұрыңыз деп те айта алмаймыз. Сондықтан  мамандар ең  құрығанда 10 пайызын жинақтап отырғаны  жөн екенін айтады. Мәселен, айлығыңыз 150 мың теңге болса, соның 15 мың теңгесін тұрақты  түрде  үзбей  жинап отыру керек. Біраз уақыттан кейін бұл сізге ауқымды жинақ болып қайтады. Резервтік қор сізге күтпеген жерден қажет болатын қаржылық дағдарыстардан  аман-есен  құтылуға септігін тигізеді. Осы қарапайым мысал тапқан айлықты орынды жұмсауға болатынын көрсетеді. Сонда табыс та берекелі болады. Бүгінде әрбір екінші маман депозит ашып, ай  сайын жалақының он пайызын банкке салып жүру керектігін айтады. Бірақ ол қаражат қандай да бір мақсатпен жиналмаса, тірнектеп жинағаныңызды кез келген уақытта пайдасыз дүниеге жұмсай салуыңыз бек мүмкін.

Қазіргі таңда несиесі жоқ адамды кездестіру  жоқтың қасы. Кіріс  пен шығысты жүйелі жүргізбегендер  оңды-солды  қарыз  алып, шақшадай басы шарадай болады. Несие алғанды банктерде  аясын ба, пайызын үсті-үстіне үстемелетеді. Тіпті сол үшін кей жандар еңбекақысының жартысын беретін көрінеді.  Ал  дамыған елдер тәжірибесіне қарайтын болсақ, олардың  несиеге жұмсалатын қаражатының көлемі 20 пайыздан аспайды екен.  Бізде  осы  дағдыға  үйренуіміз керек.  Несие рәсімдеп жатқанда айлық табысқа өтірік соманы көрсетуді доғару қажет.  Қарызды  алу  бар  да, оны  күні ертең қайтару да  бар. Ақшаны ақылмен жұмсауды үйренгеніміз  жөн. Халықтың  көпшілігі  ақшасын  үнемдемейді, қаржылық сауаттылығы төмен болған соң, үлкен үстемелерге қарамай, несиені құдды  бір  тегін  үлестіргендей алады.

Банк қызметкерлері көптеген адам  өздеріне қажетті қаражатты  алуға  асыққандығы сонша, тіпті, шартпен толық танысқысы келмейтіндерін айтады.

– Біз келген әрбір клиентке құжатқа қол қоя отырып, онда жазылғанның бәріне толық келісетінін айтып ескертеміз. Сондықтан шартқа  қол  қоймас  бұрын  ең әуелі танысып шығуын сұраймыз. Тұтынушы  ретінде әрбір адам шартта құқықтар мен мүдденің қаншалықты қорғалғанын, онда қандай міндеттемелер жазылғанын, қандай тәуекелдер бар екенін өзі оқып танысып, талдау қажет. Бірақ тұтынушылар көбіне: «Иә білемін ғой, несиені жиі алып тұрамын, барлық шартпен келісемін, тек сұраған қаражатымды шығарып берсеңіз» деген секілді өтініштерін айтады.  Алайда  заң  алдында  бәріміз  бірдей болғандықтан біз өз қызметімізді атқарып, барынша  пайдалы ақпарат беріп, түсіндіру жұмыстарын жасаймыз,  – дейді  ForteBank  менеджері  Анель  Төлеухан.

Қаржылық сауатсыздықтың неге алып келетіні белгілі. Кейбірі білместікпен осындай  қателіктер  жасаса, ал енді бірі жиған тергенін қаржылық пирамидаларға салып, алданып қалып жатады. Алаяқтар көпті құрғақ уәдесіне сендіріп, қалтадағы  ақшаны қымқырады.  Байланыс орнатқан ұйым  өз  бас  пайдасын  ойлап,  сізге  ауқымды жобалар жайлы айтып, сендіреді. Сонымен  қатар белгілі мөлшерде жарна салуыңызды сұрайды. Ары  қарай  артыңыздан адам кіргізсеңіз сізге қаражат түсетінін, салған ақшаңыздан екі есе пайда көретініңізді айтады. Осылайша, өзгелердің сеніміне кіру үшін алдыңғы адамдарға пайызын беріп қояды. Оны көріп  оңай ақшаға қол жеткізгісі келгендер еріксіз алаяқтардың тұзағына ілінгенін  байқамай қалады. Осындай жағдай орын алмас үшін, біріншіден салық басқармасына барып, немесе ғаламтор арқылы мекеменің бизнес сәйкестендіру нөмірін тексеру қажет. Заң алдында тіркелген не тіркелмегеніне көз жеткізген дұрыс.  Бұл бір мысал.  Ал екіншілері қоңырау шалып, сіздің банк есепшотыңыздан бәз біреулер ақша шешейін деп жатқандығын айтып, банк картаңыздың нөмірін  сұрайды. Сіз сол нөмірді айтқан болсаңыз, дәл сол сәтте шынымен бар ақшаңыздан қағыласыз. Байқасақ, қоғамда қаржысын еселеймін деп, қалтасынан қағылған қаншама жандар бар. Осындай әрекеттердің құрбаны болмас үшін қаржылық  сауаттылықты  арттыру  керек-ақ.

Елімізде қаржы сауаттылығын арттыру және оны дамыту үшін  мемлекет тарапынан бірнеше шаралар мен бағдарламалар қарастырылған. Тек ел аумағында ғана емес, шетелдік тәжірибеге сүйене отырып  түрлі  жұмыстар  жасау арқылы әр аймақ, қалаларда семинар-тренингтер де жүргізіліп келеді. Себебі  Ұлттық банк пен мемлекет талап еткендей, халықтың қаржы сауаттылығын арттыру күн тәртібінде тұрған мәселе. Ол бүгінде тек ересектер үшін ғана емес, сондай-ақ, балалар мен  жеткіншектер үшін де маңызды. Кейбір мектептер мен жоғарғы оқу орындары да қаржылық білім жетілдіруге өз үлестерін қосып келеді. Себебі өскелең ұрпақтың бойында ерте жастан сауаттылық қалыптасуы тиіс.

– Құқық және экономика жоғары мектебі білім беру жүйесінде – заманауи әлемдік үдерістерді  басшылыққа  алады. Білім алушылар қаржылық сауаттылыққа байланысты білімді толықтай  университет қабырғасынан игеріп шығады. Атап айтсақ, қаржылық талдау, төлем жүйелері, қаржылық тәуекелдер, бюджеттік есеп, қаржылық бақылау секілді бағыттарды меңгереді. Олар тек теориямен шектеліп қоймай, практика жүзінде  де  сауаттылықтарын арттыруға мүмкіндік зор. Студенттер нарықтағы сұранысты зерттеп, өз идеяларын айтып, жобалар әзірлеумен айналысады,   – дейді  І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің оқытушы-әдіскері Аслан Бастаубаев.

Біздің қоғамда жеке қаржымызды басқаруға кеңес беретін адамдар жоқ. Ал жеке  қаржы  деген  тек  қана байлық, дәулет емес. Мәселен, сіз заңға сәйкес өзіңіздің қаржыларыңызды көбейте аласыз, басқара аласыз. Оны басқару үшін қаржылық институттармен таныс болуыңыз керек. Олардың саны  көп, бірақ халық оның не үшін керек екенін де білмейді. Банк деген не, оның негізгі фукциялары қандай, сақтандыру компаниялары, оның жеке басыңызға қандай пайдасы бар деген сауалдарға жауап беріп, институттардың қайсысын қай уақытта пайдалану керектігін үйренген жөн. Қаржылық институт болған соң, қаржылық құралдар бар. Олар банк, депозит, несие, жеке басыңды сақтандыру полисі секілді қажеттіліктерді меңгерген жөн. Еліміздегі азаматтардың қаржылық сауаттылық  деңгейін  арттыру  – халықаралық табысты тәжірибе призмасы арқылы жан-жақты зерттеуді, зерделеуді талап ететін   мемлекет   ішіндегі  стратегиялық басты міндет. Келешекте қаржылық сауаттылықты арттыру, халықтың сауаттылық деңгейін көтеру арқылы, қаржы нарығын дамытуға, елдің тұрақты экономикасын өсіруге және дамытуға болады. Заңнамалық жақтан және саяси-экономикалық тұрғысынан халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру – қажеттілік.

ХІХ ғасырда өмір сүрген әйгілі неміс жазушысы Бертольд Авербах: «Көп ақша табу – батылдық,  оны сақтап қалу – даналық,  ал  сауатты жұмсау – өнер» деген екен. Зер салып ойланғанға мағыналы сөз-ақ. Қазіргі жағдайда қаржыгерлер ақшаны оңды-солды шашуға болмайтындығын айтады. Сондықтан азаматтар қаражаттарын міндетті түрде есептеп, үнемдеп, жоспарлап отырулары шарт. Қаржылық сауаттылық құнды қағаздар, қор нарығы, акция, дивидент, инвестиция, брокерлермен қоса  тапқан қаражатыңыздың ақылмен жұмсалып, дұрыс бағытта инвестициялануы. Бұл орайда ақша нарықтағы құнды қағаздармен қоса, балаңыздың  біліміне  және  басқа  да қажетті дүниелерге жұмсалуы мүмкін.

Әр отбасының қаржылай сауатты болуы мемлекетіміздің бай-қуатты елдердің қатарына қосылуының негізі кілті болып саналады. Сондықтан кез келген дағдарыстан шығудың кілті қаржылық сауаттылық  екенін  әрқашан  есте  ұстайық.

Арайлым  НҰРЖАПАР

 

 


ПІКІР ЖАЗУ