
РЕФЕРЕНДУМҒА ДАЙЫНДЫҚ ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗІЛУДЕ?
12 ақпанда Мемлекет басшысы 15 наурызда референдум өткізу туралы қаулыға қол қойғаннан бері елде саяси маңызы зор науқанға дайындық қыза түсті. Мемлекеттік органдар халыққа референдумның мән-маңызын кеңінен түсіндіріп, алдағы өзгерістер төңірегінде жан-жақты ақпарат беруде. Осы орайда біз Жетісу облысындағы дайындық барысын, бюллетеньге енгізілетін сұрақтың мазмұнын білу үшін облыстық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Тимур Даутовпен арнайы сұхбат құрған едік.
– Облыс көлемінде Референдумға дайындық қалай жүргізілуде?
– Жетісу облысы бойынша 2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған Республикалық референдумға дайындық жұмыстары бірқатар бағыт бойынша жүйелі түрде жүргізілуде.
Жетісу облысының аумақтық референдум комиссиясы жұмысының негізгі кезеңдері — референдум учаскелерін материалдық-техникалық жарақтандыру, комиссия мүшелерін оқыту, сайлаушыларды хабардар ету.
Бүгінге дейін Сайлау комиссиялары облысымыздың референдум учаскелеріне түгендеу жүргізіп, паспорттар тексерілді.
Референдум учаскелерін материалдық-техникалық жарақтандыру мәселелері нұсқаулыққа сәйкес шешілді. Жасырын дауыс беруге арналған кабиналар, дауыс беруге арналған жәшіктер, учаскелік референдум комиссияларының атауы бар маңдайшалар мен көрсеткіштер, қажет жарақтары, оның ішінде: телефон аппараты, сағат, сейф, калькулятор, көшіру аппараты, үстелдер мен орындықтар, компьютерлер және т.б. түгенделді.
22 ақпан күнгі акт бойынша облыс көлеміндегі аудан, қала әкімдерінің қолымен референдум учаскелеріне сайлаушылар тізімі берілді, сайлаушылар саны – 437 729 адамды құрайды.
Референдумға 479 референдум комиссиясы қатысады, оның ішінде: аумақтық – 11, учаскелік – 468. Барлығы 2989 комиссия мүшесі.
Референдумды дайындау және өткізу күндері атқарылатын маңызды жұмыстар референдум комиссиялары мүшелерінің тәжірибесі мен біліміне байланысты.
Осыған байланысты электоралды оқыту жоспары бекітілді, бүгіннен бастап комиссия мүшелерін ауқымды оқыту басталды.
Референдум өткізу кезінде сайлаушыларды хабардар ету өте маңызды.
Аумақтық және учаскелік референдум комиссиялары сайлаушыларды дауыс беру күні, уақыты және орны туралы қосымша хабардар етеді.
Сайлаушы өзінің тіркелген жерін ауыстырған кезде 27 ақпан — 14 наурыз аралығында сағат 18.00-ге дейін учаскелік референдум комиссиясына өтініш беру бойынша дауыс беру құқығына есептен шығару куәлігін алады.
– Халыққа таратылатын бюллетеньдердің сұрағы қандай болмақ?
– 2026 жылғы 15 наурыз Республикалық референдумда дауыс беруге арналған бюллетеньде «Жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сұрақ қойылған. Оған жауап берудің екі нұсқасы болады: Бірі: «ИӘ, қабылдаймын». Екіншісі «Жоқ, қабылдамаймын». Әр жауап нұсқасының оң жағында бос шаршы болады. Нұсқаулыққа сәйкес, сайлаушы таңдаған нұсқаның жанындағы бос шаршыға жауабын белгілейді.
– Облыстық және қалалық комиссия мүшелігінде кімдер бар? Толық аты-жөні мен лауазымдарын айтсаңыз?
– Жетісу облысының аумақтық референдум комиссиясы мүшелері:
Комиссия төрағасы: Даутов Тимур Ермекұлы;
Комиссия төрағасының орынбасары: Сабитов Ержан Мұратұлы;
Комиссия хатшысы: Интенгенов Замир Рафикович;
Комиссия мүшелері: Айхимбекова Ботагөз Серікқызы, Албанбекова Мадина Дарханқызы, Бейсенов Самат Сұлтанбекұлы, Нургалиева Меруерт Жайыққызы.
Талдықорған қаласының аумақтық референдумның комиссия мүшелері:
Комиссия төрағасы: Рымтаев Әділет;
Төрағаның орынбасары: Меліс Маржан Махаббатқызы;
Хатшысы: Кузубаев Расул Нихмаджанович;
Комиссия мүшелері: Омар Дана Мұратқызы, Омаралин Бауыржан Түкенұлы, Смаханов Мақсат Бақытбекұлы, Фазылов Берік Жеңісұлы.
– Облыс және қала бойынша қанша сайлау учаскескелері бар?
– Референдумда 468 учаскесі жұмыс істейді, оның ішінде 40-ы қолжетімділігі шектеулі (21 – әскери бөлімдер мен шекара заставалары, 10 – ИВС, 8 – денсаулық сақтау объектілері, 1 – интернат үйі).
Талдықорған қаласы бойынша 68 референдум учаскесі бар.
– Дауысты санау қалай жүргізіледі?
– Дауыстарды санау рәсімі референдум (немесе сайлау) туралы заңнамаға сәйкес ашық түрде жүргізіледі.
Санау процесіне аккредиттелген қоғамдық бірлестіктерінің байқаушылары, БАҚ өкілдері қатыса алады.
Референдумның қорытындыларын шығару кезiнде белгiленбеген үлгiдегi учаскелiк референдум комиссиясы мүшесiнiң қолы қойылмаған референдумға қойылған мәселеге қайтарылған жауаптар нұсқаларының бiрде-бiреуi белгіленбеген белгi карандашпен қойылған, түзету немесе өзге де бұрмалау iздерi бар, оларда сондай-ақ сайлаушылардың ерiк бiлдiруiн анықтау мүмкiн болмаған бюллетеньдер жарамсыз бюллетеньдер деп танылады.
Дауыс саны есептелген соң, учаскелік комиссия хаттама толтырады. Хаттамаға барлық комиссия мүшелері қол қояды.
Нәтижелер жоғары тұрған аумақтық комиссияға жіберіледі.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, азаматтарымызды, сайлаушыларды ағымдағы жылдың 15 наурызында өтетін республикалық референдумда дауыс беруге қатысуға шақырамын.
– Тимур Ермекұлы берген жауабыңызға рахмет. Жұмысыңызға сәттілік тілейміз!
Гүлнұр ЕРМҰХАНҚЫЗЫ
