«Көшбасшы – 2022» жастар сыйлығына құжат қабылдау басталды

0
623

Жетісу облысы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен  Жетісу облысы әкімінің дәстүрлі «Көшбасшы – 2022»  жастар сыйлығының салтанатты тапсыру рәсімін өткізу жоспарлануда. Қазіргі уақытта жастар байқауына құжаттар қабылдау басталды. Бұл туралы  өңірлік  коммуникациялар алаңында өткен баспасөз брифингінде «Jetіsý jastary» КММ директорының міндетін атқарушы Әлішер Нұржанов хабарлады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Көшбасшы» облыс жастарына арналған, сұранысқа ие, ең ірі жобалардың бірі. Байқаудың басты мақсаты – жыл бойы жастар саясатында белсенділік танытып, белгілі жетістіктерге жете білген, түрлі салада өзге жастарға үлгі боларлық нəтижелер көрсеткен облыс жастарын ынталандыру.

«Ағымдағы жылы біз облыс әкімінің «Көшбасшы» сыйлығының 20 жылдығын атап өтеміз, осыған байланысты конкурс номинацияларын оңтайландырып, жүлде қорын ұлғайттық. Жеңімпаздарға облыс әкімінің дипломы, мүсіншесі және 300 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталады», – деді спикер.

Биылғы жылы да дәстүрге сай байқау үздік жас көшбасшы, үздік жас батыр, үздік жас дәрігер, үздік жас мұғалім, үздік жас спортшы, үздік жас кәсіпкер, үздік жас ауыл шаруашылығы маманы, үздік жас білімгер атты 8 номинация бойынша өткізілмек.

Қатысатын жастар 3 жыл көлемінде Жетісу төңірегінде облыстың дамуы мен өркендеуіне барынша үлес қосып, Қазақстанның жарқын болашағы жолында аянбай еңбек етулері қажет. Өтінім берушілер жалпы қоғамдық қызметі үшін емес, жеке шеберлігі, кәсіби тәжірибелік қабілеттері мен дағдылары үшін таңдалады.

«Жалпы сыйлыққа ұсынылу үшін қатысушы белсенді, білімді, креативті ойлайтын, Қазақстанның жарқын болашағына апарар жолда аянбай еңбек ететін нағыз көшбасшы болуға тиіс», – дейді ұйымдастырушылар.

Өтінім білдірушілердің құжаттары 15 қарашадан 4 желтоқсанға дейін Талдықорған қаласы, Қонаев көшесі 47, Жастарға қызмет көрсету орталығының ғимаратында қабылданады.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»

 


ПІКІР ЖАЗУ