Жетісу облысының әкімі қала тұрғындарымен кездесті

0
359

І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев  қала тұрғындарымен  кездесіп,  олардың  мұң-мұқтажын, талап-тілегін тыңдады. Кездесу  алдында аймақ басшысы өтініші бар жекелей азаматтармен арнайы жолықты. Қабылдауға бірқатар басқарманың, қоғамдық ұйымдардың басшылары мен мәслихат депутаттары, журналистер қауымы  қатысты.

Мәдениет сарайындағы кездесуде өңір басшысы  осы қараша айының соңына дейін «Үйтас» саяжайына, «Экспедиция» және «ИЖС 3-бөлімше» тұрғын үй алаптарына көптен күткен көгілдір отын берілетінін айтты.

Жиында айтылған мәліметтерге сүйенсек, келесі жылдың сәуір айында «Жастар-2» тұрғын үй алабында (295 млн. теңгеге) жүргізіліп жатқан газ құбырының құрылысы аяқталады, ал келесі жылдың жылыту маусымы басталғанға дейін, яғни қыркүйекте Ынтымақ елді мекенінде (1,4 млрд. теңгеге) осындай жұмыстар атқарылып бітуі тиіс.

Сол сияқты 2023 жылдың 2-ші тоқсанында қаланы газдандырудың негізгі жобасына кірмеген учаскелерде газ тарату желісінің құрылысы басталады. Атап айтқанда, бұл жұмыстар 6, 7 шағын аудандарда,  «Плодопитомник», «Агропромышленник», «Жастар-1/1» тұрғын үй алаптарында, Мойнақ ауылында атқарылады (1,3 млрд. теңге, ЖСҚ әзірленген).

– Менің тапсырмаммен қалған 8 елді мекенге, нақтырақ айтқанда «Алмалы», «Ащыбұлақ», «Мерекелік», «Сары-бұлақ», «Қызыл тас», «Балықты», «Қаратал» саяжайларына және «ИЖС 1-бөлімше» тұрғын үй алабындағы құрылыс жұмыстарына қатысты жобалық-сметалық құжаттарға қажетті есептеулер жасалып жатыр. Сөйтіп 2025 жылы қаланың елді мекендерінің барлығы газдандырылады, – деді Бейбіт Исабаев.

Еске салсақ, облыс орталығына газ 2017 жылы жеткізілген. Қазіргі кезде қаланы газдандыру жұмыстары негізінен аяқталды, көгілдір отынға тұрғындардың 90%-ының қосылуына мүмкіндік жасалған. Сонымен қатар биыл облыс орталығының жолдарын жөндеуге 5 млрд. теңге бөлінгені белгілі болды. Қараша айының соңына қарай ұзындығы 78 км болатын 122 көшеде жөндеу жұмыстары аяқталады. Соның нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі жолдардың үлесін  82%-ға жеткізу жоспарлануда.

Облыс әкімі өз сөзінде жаңа салынған тұрғын аудандар мен саяжайлардың да жолдарына көңіл бөлініп отырғанын тілге тиек етті. Қазіргі кезде «Көктал», «Шығыс», «Оңтүстік-шығыс» шағын аудандарын, «Жастар-2» тұрғын алабын  және «Шай-қорған» саяжайын қамтитын жол жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Құрылыс жұмыстары 2023 жылға жоспарланған, құрылыс-монтаждау жұмыстарының болжалды құны  – 14,8 млрд. теңге, ұзындығы – 63,4 км.

Бұдан бөлек 2023 жылы «Үйтас», «Шайқорған», «Мерекелік» сайжайлары мен «Агропромышленник» тұрғын алабында ұзындығы 20 шақырым болатын 50 көшеде орташа жөндеу, ұзындығы 18,3 шақырымды құрайтын 48 көшеде күрделі жөндеу жасалады деп жоспарланып отыр. Сол сияқты «Сарыбұлақ» пен «Ащыбұлақ» саяжайларында 29 көшеге қиыршық тас төселеді.

– Бөлінген қаржы көлемі едәуір болғанына қарамастан, тұрғындар атқарылатын жұмыстардың сапасы мен мерзіміне қатысты орынды сын айтуда. Сондықтан қала әкіміне көшелерді жөндеу жұмыстарын ерекше бақылауға алуды тапсырамын. Қоғамдық көлік қозғалысын да тұрғындардың қажеттілігін ескере отырып ұйымдастыру керек. Қалалықтардан маршруттардың аздығына, автобус аялдамаларының жағдайына, қызмет көрсету сапасының төмендігіне шағым айтқан арыздар көп түседі, – деді өңір басшысы.

Жалпы Талдықорғанда 22 маршрут бар,  оларда 187 автобус қызмет көрсетеді, жылына олар 22 млн. тасымал жасайды. Бұл орайда қоғамдық көліктің қазіргі қолданыстағы маршруттарына зерделеу жүргізу керек. Облыс әкімінің айтуынша, қала әкімдігі осы зерделеудің нәтижесін ғана емес, талдықорғандықтардың қала маңындағы аймақтарға жаңа маршруттар ашу, қазіргі бар маршруттарды неғұрлым қолайлы ету туралы өтініштерін, талап-тілектерін басшылыққа алуы тиіс.

«Сол сияқты Талдықорған қаласы әкімінің алдына жыл соңына дейін 21 смарт-аялдаманың жөндеу жұмыстарын аяқтау туралы міндет қоямын»,– деді Б. Исабаев.

«АЛАТАУ –АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ