«Бір сағаттық әке»

0
408

«Естімеген елде көп» деген осы ғой. Қарағайдан шайыр, адамнан қайыр кеткен заманда неше түрлі сұмдықты еститін болдық. Тәнін сатып жүрген еркектің де, қыздың да, сорақы әдетінен жерініп, бұл ұлттың сүйегіне түскен таңба деп намыстанып жүргенде, одан да сорақы қылық шықты.

Сонда біздің қазақи тәлім-тәрбие тамырынан үзіліп, талақ болғаны ма? Болмағанда несі қалды. Ойнақтап жүріп от басып туған баласын қоқысқа, әжетханаға, одан қалса тоғыз жолдың торабына тастап кетіп жүрген көкек аналардың қатарына, енді отбасын құрып, тұрмыстың ыстық-суығына шыдамай шарт кетіп ажырасып жатқандардың  балалары өз әкелерінен жерініп, «бір сағаттық әке» қызметіне жүгінетін болыпты. Бұл қазақтың қай салтында, қай дәстүрінде бар еді. Бұл жерде бар айыпты ажырасқан әйелдерге ғана теліп қойсақ, күнәһар болармыз. Өз кіндігінен өрбіген балаларына қамқорлық таныта алмаған еркектер, еркек емес, ез дерсің. Дәм-тұздары жараспай ажырасқан екен, балаларына әкелік қамқорлығын неге танытпайды? Алиментін төлеп жүрміз дейтін шығар.

Алимент – әке болмайды. Оның өзін төлемей, сот шешімін орындамай, қашып жүргендері қаншама? Алматы облыстық сотының баспасөз өкілдерінің берген мәліметіне жүгінсек,  облыс бойынша 2020 жылы  –  4140,  2021 жылы  – 5634,  2022 жылы тоғыз айда 3791 отбасы ажырасыпты. Енді осы отбасылардың құрығанда  бірден, не екі-үштен балалары бары тірі жетім атанып, әкесіз ананың тәрбиесінде өсіп келеді. Сонда қазақтың «әкеге қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер» деген тәмсілі қайда қалды? Ол аз десеңіз «әкелі бала  жаужүрек,  әкесіз  бала су жүрек» деп тектен тек айтпаған шығар. Әкесіз ананың тәрбиесінде өскен балалар су жүрек болып келетінін аталы сөздің өзі айғақтап тұр. Өйткені  бала  нәзік,  жасқаншақ болып өседі. Анасына қарап бой түзейді. Тәлім-тәрбие беретін, намысын жанитын, нағыз еркек болып өсуіне дәнекер болатын әке жоқ қасында. Осындайдан кейін балаларының жалтақ, нәзік болып өспеуін қалаған аналар «бір сағаттық әкенің» қызметіне жүгінуге мәжбүр болған шығар.

Алайда балаға «бір сағаттық әке» әке болып жарытпайтын шығар. Тіпті, аптасына бір сағаттан келіп тұрғанда, төрт аптада «жалған әке» төрт сағат баланың қасында болады екен. Ұдайы сол бір әке ғана келіп тұрса, бала оған бауыр басады дегеннің өзінде, мұның екінші жағы бар. Әлгі «бір сағаттық әке» баланың еркелігін көтере ме, жылап-сықтаса жұбата ала ма? Жұбатпай, қорқытып-үркітіп жәбір көрсетіп жүрсе, «құдайдан мүйіз сұраймын деп, құлақтан айырылған ешкінің» күйін кешіп жүрсе қайтеміз? Болмаса әр шақырған сайын бала тәрбиесіне келетін «бір сағаттық әкелер» ауысып тұратын болса, әр адамның мінезі әртүрлі, бірі балалардың іші-бауырына кірер, енді бірі суық қабақ танытар, ол қалай болмақ.

Бір сағаттық әке қызметіне сұраныс арттырып отырған жалғызбасты аналар бұл қызметтің түп-тамырына жете көңіл бөліп отырмаған сияқты. Ұлттың ұлт болып ұйысуы отбасынан басталады. Бала әкесіне, қыз анасына қарап бой түзейді. Солардың тәлім-тәрбиесін алады. «Ұяда не көрсе ұшқанда соны іледі» деген тәмсіл сөз, бабалардан қалған өсиет бар. Жесірін қаңғытпай, жетімін жылатпаған қазақ, бала тәрбиесіне аса зор мән берген. Қазір ауылда да, қалада да жастар арасында ажырасу жаңбырдан кейін қаулаған саңырауқұлақтай қаулап барады. Тіпті, бұған тежеу салу мүмкін болмай  барады. Сот өкілдері де медиациялық тәсілмен ажырасуға арыз бергендерді татуластырып әлек.

Ажырасамын деп шарт қойғандарды бірден ажырата салмай, үш-төрт  айға ойлануға мүмкіндік беруде. Алайда Қазақстанда жас отбасылардың ажырасуы жылдан-жылға ұлғайып келе жатқанына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі алаңдаушылық білдірген. Нарықта не қат болса соған сұраныс артатыны анық. Оның айқын көрінісі  жалғызбасты әйелдердің «бір сағаттық әке» қызметіне жүгінуі дәлел. Бұл орталықты құрғандардың да түпкі мақсаты пайда табу. Іріктеп, сұрыптап аламыз дейтін шығар. Оған мысал да келтіруге болады. Бала бағуға жалданып жүргендердің сәбилерді қалай нұқып, зекіп, ұрып-соғып жатқаны жайлы бейнежазбалар ғаламтор желісінде қаптап тұр. Бір сағаттық әке де бала бағушылардың кебін киеді. Мұны кәсіп көзіне айналдырып алғандар арнайы агенттік ашып алып, жаһаннамға жар салып отыр. Енді әлем желідегі «Бір сағаттық әке» қызметі жайлы ақпаратқа көз сүзіңіз.

«Елімізде ұл тәрбиелеп отырған жалғызбасты әйелдер тарапынан осындай қызмет түріне сұраныс артқан. Олар баласын нағыз ер азамат етіп тәрбиелеу үшін бөтен ер азаматтың көмегіне жүгінеді. Бұл бала психологиясына керісінше теріс әсерін тигізбейді ме?» деген халықтың алаңдаушылығы артқан. Жалғызбасты аналар балаларын нағыз ер азамат жасағысы келсе, балаларының өз әкелеріне жүгінсін. Ойбай ұрады, ішеді, алимент төлемей қашып жүр дейтін шығар. Отбасының бүлінуі бір тараптан болмайды. Оған балалардың анасы да, әкесі де кінәлі. «У ішсең руыңмен» дегендей балалардың өз әкелеріндей,  бір сағаттық адамдар әке бола алмайды.

Медальдің екі жағы болатыны сияқты мұның да екі жолы бар. Біріншісі агенттік ашып «бір сағаттық әке» қызметін жандандырушылар кәсібін дөңгелетпек,  екінші жағы бұл бала психологиясына ауыр соққы болуы бек мүмкін. Бұл жайлы писихологтардың пікірі Астана телеарнасындағы сюжетте айтылды.  «Әлеуметтік желіде  «Бір сағатқа әке боламын» деген жазбаны көрсеңіз, таң қалмаңыз. Себебі бұл – жаңа қызмет түрі. Тіпті, мұны кәсіп көзіне айналдырып алғандар арнайы агенттік ашып, оны ғаламторда жарнамалап жүр. Құрамы 2-3 ер адамнан тұратын топ  «бала жайлылығы үшін барлығын жасаймыз» – дейді.  «Әке» боламын дегендердің біріне телеарна тілшілері хабарласқан. Елімізде әрбір төртінші жанұяның дәм-тұзы жараспай, жолы екіге бөлінеді. Мәселен, жыл басынан бері 48 мыңнан  астам  жұп ажырасқан. 

Бұл  Ұлттық статистика бюросының мәліметі. Ажырасуға арыз беретіндердің  дені – жастар. Әсіресе, үйленгендеріне 1-2 жыл болған ерлі-зайыптылардан түсетін арыз көп. Біз әрине олармен сөйлесеміз. Татуластыруға тырысамыз», – дейді Астана қаласы татуласу орталығының психологы Жұлдыз Ахметова. Татуластыруды мақала басында сот жүйесінде медиация арқылы жүзеге асырып жатқанын айтқанбыз. Психологтардың пайымдауынша, жалдаған қызметкерлердің психологиялық саулығына ерекше мән беру керектігін айтады. Егер оны толық зерттеп, зерделемесе бұл бала психологиясына кері әсерін тигізуі мүмкін екенін психологтар да жоққа шығармайды.

«12 жасқа дейін балада психика қалыптасады. Одан кейін міндетті түрде «мен басқа ер адамдардан қолдау алуым керек» деген психикалық бұзылыс пайда болуы мүмкін. Және болашақтағы адамдарға сенбеушілік, өзіне деген сенімсіздік, осындай психикалық құбылыстар пайда болуы мүмкін», – дейді  тағы бір психолог Анаргүл  Ибрайымбекова.

Жалпы, Қазақстанда 600 мыңнан астам жалғызбасты аналар бар екен. Жағдай осылай жалғаса берсе бір сағаттық әке қызметіне жүгінетіндер де көбейе түседі. Сондықтан мұны дер кезінде тоқтату керек деген қоғам белсенділері де үн қатуда.

«Бұл нәрсеге мен өзім қарсымын. Себебі, біздің атамыз қазақ. Кезінде мұндай жағдайлар орын алған кезде ол баланы сол әулеттің үлкендеріне, болмаса сол әулеттің нағашы жақтарындағы үлкен азаматтарға солардың тәрбиелеуіне берген», – дейді қоғам белсендісі  Ғалымжан Керімбек. 

Қазақстанда жалғызбасты әйелдер ғана емес, еркектер де көп. Ресми дерек бойынша олардың саны 68 мыңнан асатын көрінеді. Бұл дегеніңіз моноотбасылар көбейіп жатыр деген сөз. «Евразия» телеарнасындағы «Көреміз» бағдарламасында айтыскер ақын, Айнұр Тұрсынбаева құрған «Айдың нұры» қоры астаналық төрт баланы жалғыз асырап отырған еркекке осыдан екі-үш жыл бұрын төрт бөлмелі пәтер алып берген-ді.

Сол азамат әлгі пәтерді ағасының атына жазып, балаларын баяғы пәтер алғанға дейінгі лас валганда қалдырып, өзі басқа бір жас әйелді екі баласымен алып, «Айдың нұры» қорының берген пәтерінде өмір сүріп жатқаны жайлы көрсетілім көрсетті. Әу баста, төрт баланы шешесі тастап әкесі қараса, сыйға пәтер алғаннан кейін төрт баланы өз шешелеріне қалдырып, екінші әйелінің балаларын «төрт балаға» берген  пәтерге кіргізіп алған әкенің тасжүректігін көріп жаға ұстағанбыз.

Енді жалғыз басты аналар «бір сағаттық әке» қызметіне жүгініп балаларын нағыз азамат етіп өсіреміз деп желпініп жүр. Күлесің бе, жылайсың ба? Бүгінгі қоғамның жастары қай бағытта кетіп барады. Болашақ ұрпақтың тағдырын ойыншыққа айналдырып жатқандарға «Әділетті Қазақстан» құрамыз деген Мемлекет басшысы тежеу салмаса, балалар тағдыры тәлкекке айналып кету қаупі туындап тұр.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ