256 млн теңгеге жасалған су жүйесінің игілігін ел көре алмауда

0
253

Әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылуы Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментінің ерекше бақылауында.

Бұл жолы  мемлекеттік орган  мен  БАҚ өкілдері  назарына  Кербұлақ ауданындағы өзекті проблема халықты таза ауыз сумен және көгілдір отынмен қамтамасыз ету мәселесі ілікті.

Шанханай ауылында жасалған таза су жүйесінің игілігін халық көре алмай келеді. Неге десеңіз, әу баста тіршілік нәрі шығатын жерді шенеуніктер зерттемей, бірден жобалық-сметалық құжат жасап, мұнара орнатып, құбырларды жүргізіп тастаған. Ал бұл жұмыстарды жүргізуге 256 млн теңге жұмсалған. Үш жыл  бұрын салынған су құбыры үш күн ғана жұмыс істеп, істен шыққан. Жер астына кеткен су барлық техниканы ғана емес, ауыл тұрғындарының жақсы өмір сүруге деген үмітін үздірді.

Жаңа су мұнарасы құдды бір сыбайлас жемқорлыққа қойылған ескерткіштей ауыл сәнін кіргізіп тұрғанмен  адамдар бұлақтың суын  ішуге мәжбүр. Алайда жауын жауса су лайланып, ішуге жарамсыз болып, мыңнан астам тұрғыны бар ауыл халқы бірнеше күн сусыз қалады.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ернат Бәзілдің айтуынша, нысан құрылысы басталмай тұрып, сонау 2018 жылы қажетті барлау жұмыстары жүргізілмеген. Тұрғызып алған соң ғана олар судың жоқ екенін түсінген. Ендігіде  зерттеуден бастап, жаңа жобаны жүзеге асыруға дейін барлығы жаңадан жасалуы керек. Процесс бірнеше жылды  емес, қосымша ресурстар мен бюджеттік қаражатты да қажет етеді. Жобалау қателері мемлекетке ғана емес, тау бұлағынан су ішуге мәжбүр болған адамдарға  да  қымбатқа түседі. Ауыл тұрғындарының  бірнеше мәрте  арыздануы жауапты органдарға еш әсер етпеген. Енді олар  Қазақстан  Республикасы Сыбайлас  жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментіне үміт артып отыр, оның басшысы Мақсат Жебегенов бұл мәселе мұқият зерделеніп, сарапталып, тексеру нәтижесіне сүйене отырып, тиісті  органдардың  жұмысы  жүргізілетінін атап өтті. Қажетті шаралар қабылданып, кінәлілер жауапқа тартылады.

Облыс әкімдігі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бірлескен жұмысының арқасында тағы екі мәселе – облыс орталығын ауыз сумен қамтамасыз  ету  және газдандыру мәселесі шешілді. Су құбыры желісін салу барысында көптеген заң бұзушылықтарға жол берілген, жергілікті атқарушы орган тарапынан тиісті бақылау болмаған. Барлық жұмыс өздігінен жүрген,   адамдар жылдар бойы зардап шеккен. 2021 жылы ауылдағы төртінші кезеңдегі су құбырларының құрылысы мен реконструкциясына шамамен 1 миллиард  теңге  бөлініп,  жоба ағымдағы жылдың тамыз айында аяқталуы тиіс болатын. Алайда мердігердің сапасыз жұмысы құрылыс мерзімінің бұзылуына  әкеліп соқты. Бүгінгі таңда кемшіліктер жойылып, ақырында сарыөзектіктердің  үйлеріне  су пайда болды.

Ағымдағы жылдың желтоқсан айының ортасында ауылға  көптен күткен көгілдір отын келеді. Сонау 2020 жылы мұнда 1,8 млрд теңгеге «Сарыөзек»  автоматтандырылған газ тарату станциясы және газ тарату желілері салынды. Бірақ  әлі  бірде-бір  абонент қосылмаған. Қазіргі таңда мердігерлер жіберген  қателіктерін  түзеуде.

 С. БАЗАРҚҰЛОВА.


ПІКІР ЖАЗУ