Көксу ауданының көрсеткіші көңіл көншітеді

0
638

Шаған тауының баурайына қоныстанған Көксу ауданы әкімшілік бөлінісінің орталығы – Балпық  би ауылы. Ауданның жалпы жер көлемі  – 706 695 га.  Оның ауыл шаруашылығына тиесілісі  –  540 366 га болса, суармалы  алқабы –  17497 га.  Шабындық  –  54 230 га. Тәлімді егістік 10 910 га, тыңайған жерлер  – 11 911 га,  жайылым  488  774 га.

Аудандағы ірі өнеркәсіп кәсіпорны  – «Көксу-Шекер» АҚ қант зауыты. Аудан халқының саны –  41 685 адам бар. Оның ішінде қазақтар  – 34 903,  орыстар  –  4 215, шешендер – 113,  татарлар  –  291,  украиндар  –  43, немістер  –  106,  ұйғырлар –  99,  кәрістер – 390,  қырғыздар  –  4, өзбектер – 60, беларустар  –  12, дағыстандық  – 1,  азербайжандықтар  – 1 376,  цығандар  – 53,  балгарлар  – 2, дұнғандар – 2,  поляктар  – 8, түріктер – 3, ингуштар  – 4.  Аудан  34 елді мекен, 10  ауылдық  округке  біріктірілген.

«Жеріне  шыбық  қадасаң,  жеті күнде жеміс піскен» Жетісу облысының іргесінде  тұрған Көксу ауданы «Батырлар мен ақындар» мекені. Жалайыр руының үрім-бұтағы қоныс тепкен бұл өлкеде  Балпық  би  Дербісәліұлы  Жоңғар шапқыншылығы кезінде жауға қол бастап, ел арасындағы дауда сөз бастаған шешен, әулие болған.  Аңырақай шайқасына, Аягөз бойындағы Таскескен мен бүгінгі Текелі қаласының маңындағы соғыстарға қатысқан. Ескелді би – күллі қазақ халқына қауіп төнген ХVIII ғасырда ел қорғаған ерлердің бірі, би-шешен. Қабан жырау,  Қабан Асанұлы  –  қазақ-қалмақ соғысы кезінде жан аямай күрескен  ақын, жырау болса, Мұсабек Сеңгірбаев  –  Кеңес одағының батыры, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы. Еңбек ері атанған Зылиха Тамшыбаева, халық  ақыны Қалқа Жапсарбаев, Кәден Балғынбаев сынды саңлақтар мекен еткен өңір бүгінде жаңаша түрленіп заман ағымына қарай бейімделуде. Кешегі ұжымдастыру ұранымен «бір қазаннан ас ішіп, колхоз-совхоз болып социалистік жарысқа түскен ауылдар нарық заңына орай жекешеленіп, әркім өз күнін өздері көруде. «Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» деген тәмсілді саналарына берік түйген көксулықтар экономикалық қадамдарын іргерілетіп келеді. Аудандағы  әлеуметтік-экономикалық барлық көрсеткішті алып қарасаңыз да бұған көз жеткізе аласыз.

Биылғы жылдың 9 айы бойынша 24,2 млрд теңгеге ауыл шаруашылығының  25,5 млрд теңгеге өнеркәсіп өнімі өндірілген. Отыз төрт елді мекен, он ауылдық округке керіктірілген ауыл-аймақтардың негізгі тіршілік көзі диқаншылық және мал шаруашылығы. Кәсіптің доңғалағын дөңгелете білгендер бүгінде үйірлеп жылқы, отарлап қой, табындап сиыр, шүрелеп түйе өсіріп,  жаз  жайлау,  қыс қыстауға,  күзде  күзекке қоныс тепсе, диқан қауымы ауыл шаруашылығының түрлі дақылдарын егіп, жердің құнарлығын жоғалтпай, жоғары өнім алуда. Оған тоғыз айдағы көрсеткіш айғақ бола алады.  Мәселен, бөлшек сауда айналымының  көлемі 3,8 млрд теңге болса, негізгі қорға тартылған инвестиция көлемі 4,2 млрд теңгені құраған. Аудан әкімдерінің жұмыстары да ауданға тартылған инвестиция көлемімен бағаланады. Бұлда ел экономикасының қарышты дамуына, ел тізгінін ұстаған тұлғалардың іскерлігін бағалаудағы басым бағыттардың бірі. Тоғыз айдағы көрсеткішке зер салсақ, аудандағы құрылыс жұмыстарының көлемі 2,9 млрд теңгені құрап, 5,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.  Ауданның су жаңа әкімі Марлен Қапашұлы Көлбаевтың  аудан халқы мен жүздесуінде барлық негізгі экономикалық көрсеткіштер былтырғы жылмен салыстырғанда өсім барын айтқан болатын.

Аудандағы  ірі  кәсіпорындардың санатына жататын «Көксу қант зауыты» ағымдағы жылдың сәуір-қыркүйек айында 18 млрд  теңгеге 48 мың тонна қамыс қантын өндірген. (2021 жылы  9 айында  – 41 726 тонна, 9745 мың теңге) Қазан-желтоқсан айларында қант қызылшасынан 24 мың тоннадай қантты өндеуді жоспарлап отырмыз дейді. Күзгі жиын-терін  науқаны кезінде қауырт  іске  кірісіп, тәтті түбірден өнім өндіретін қуатты зауытқа облыстың барлық аудандарынан қызылша өнімі қабылданады.  Негізгі тіршілік көзі ауыл шаруашылығы  болғанмен нарықтық жүйе бойынша өнім өндіріп, оны өңдеу саласында ауданда майбұршақ өндейтін «Уыз Май Industry» зауыты  4,2  млрд  теңгеге  8,6 мың тонна өнім шығарса, «Строитель» ЖШС-гі 1 млрд теңгеге 25,6 мың тонна құрылыс материалдарын өндірген. Сондай-ақ  ауданда  жылдан-жылға  шағын  және орта кәсіпкерлік те кеңінен қанат жайып келеді.  Бүгінде бұл салада 5687 адам жұмыс жасауда. (экономикалық белсенді халық санынан – 26,6%)

«Кәсіп иелері өздері қалыптастырған бизнестерін өркендету жолында елеусіз-ескерусіз қалып отырған жоқ. Оларға үкімет  тарапынан  берілген шағын несиелер арқасында қанаттарын кеңге жайып, жұмыс көздерін ашуда. Бұл  біріншіден,  кәсіп иелеріне пайдалы болса, екіншіден,  аудандағы жұмыссыздықтың алдын алуға зор септігін тигізеді», – дейді аудан әкімі Марлен Қапашұлы.

Есепті кезеңде шағын кәсіпкерлікте өндірілген өнім және көрсетілген қызмет көлемі  бойынша  5 млрд  241 млн теңгегені құрап, (2021 жылы – 3894 млн тг), бюджетке 426 млн теңге салықтық түсімдері  түскен. (2021 жылы – 420 млн тг) немесе жергілікті бюджетке түскен түсімдердің 30%-ын құраған. Аудан бюджетін  толықтырумен  қатар мемлекеттік бюджетке 4 млрд 976 млн теңге салықтар және басқа да міндетті төлемдер түсті деген аудан әкімі Марлен Қапашұлы жоспар 104 пайызға орындалғанын, былтырғы жылмен өсім 79,3 пайызды құрағанын тілге тиек етті. (2021 жылы – 2773,7 млн тг). Республикалық бюджетке жоспардағы  3419,7  млн  теңгенің  орнына  3405, 8 млн теңге түсім түсті немесе 99,6 пайызға орындалды (2021 жылы  – 1212,7 млн теңге). Жергілікті бюджетке болжамдағы 1362,1 млн теңгенің орнына 1565,7  млн теңге түсіп, 115.1 пайызға орындалды (2021 жылы – 1561 млн теңге). Оның ішінде: аудан бюджетінің болжамы 350,9 млн теңгенің орнына 468,8 млн теңгеге орындалды немесе 133,6 пайыз  (2021 жылы – 606,7  млн теңге. «Жұмыла  көтерген  жүк  жеңіл» деген  аталы сөзді  берік  ұстанған  аудан еңбеккерлері келер жылы бұданда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізу ішін межелі жоспар құрып, қазірден бастап экономикалық ахуалдың алдын алуға күш жұмылдыруда. «Балапанды күзде санайды» демекші, жыл аяқталуға енді 1 ай уақыт қалды. Бұл 2022  жылғы жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға қорытынды жасайтын меженің жақындап қалғанын көрсетуде. Демек, көрсеткіштермен атқарылған шаруалардың жетістігі мен кемістігін саралайтын уақыт. Аудан бойынша тұрғын үй құрылысында 2022 жылы Балпық би ауылында 60 пәтерлі жалгерлік тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Құрылыстың аяқталу мерзімі 2023 жылға барады. Сондай-ақ 20 пәтерлі жалгерлік тұрғын үйдің құрылысына және көпбалалы отбасыларына, 21 тұрғын үй құрылысына жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, бюджетке енгізу мәселесі қарастырылуда. Балпық би ауылының оңтүстік-шығыс бөлігінде келешекте салынатын көппәтерлі тұрғын үйлерді инженерлік жүйелерімен қамтамасыз ету мақсатында кәріз жүйелерінің құрылысына және блоктық, модульдық қазандық орнату үшін жобалау жұмыстары биыл аяқталады деген аудан  әкімі Марлен Көлбаев мырза аудандағы ауыл шаруашылық саласындағы атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталды.

– Үстіміздегі жылы ауыл шаруашылығының  егістік көлемі 31 710 гектарды  құрады. Бүгінгі  күнге  дәнді  дақылдар  9790   гектар  жиналып, қоржынымызға 23,9 мың тонна астық түсті. Орташа  өнімділігі  24,4  центнер гектарды  құрады.

1200 га қант қызылшасы себіліп, бүгінгі күні жинау науқаны басталды. Зауыт ағымдағы жылдың 27 қыркүйегінен қант қызылшасын қабылдауды бастады және өңдеу жұмыстарына кірісті. Биылғы жылы зауыт 200 мың тоннадан астам қант қызылшасын қабылдауды жоспарлап отыр. Және 1 тонна қант қызылшасын 30 мың теңгеден қабылдайды, оның сыртында қосымша тасымалдау жолақысы төленеді. Бұдан басқа дәнді  жүгері, майлы дақылдар және картопты  жинау жұмыстары жалғасуда, – дейді М. Көлбаев.

«Қазақтың   жаны  –  малмен  бірге»  деген  тәмсіл бар. Жетісу  облысы  аграрлық сала болғандықтан аудан диқаншыларымен малшы қауымы үшін тағы бір жауапты кезең басталды. Ол алажаздай күтіп, бапталған өнімді төкпей-шашпай жинау болса, малшы қауымы үшін қолдағы малды қыстан аман алып шығу, одан төл алу,  жем-шөп қорын жасақтау. Меншіктің барлық түрінде мал тұқымын асылдандыру жұмыстары жалғастырылып, мал бастарының саны өсіп, мал өнімділігі артты деген аудан әкімі Марлен Қапашұлы мал шаруашылығына ойысты.

2021  –  жылы  аудан  бойынша  6 978,7  тонна ет,  14  329,4  тонна сүт,  5 383,5 мың дана жұмыртқа өндірілсе, 44 363 бас  мүйізді  ірі, оның  ішінде – 18 870  бас сиыр,  217 172  бас  қой  мен ешкі, 19732  бас жылқы,  561  бас шошқа, 195 бас түйе, 107 060  құс болғанын, осы кезеңде  мал  төлдетуде  – 16 556  бас  бұзау,  100  аналық  басқа  –  91 бас. 76340  –  қозы  100  қойдан, 105  бас, 6335  бас  лақ  100 аналықтан 112, 4903  құлын 100 аналық  басқа  шаққанда 70-тен, 10 бас бота 100 аналық, басқа 16-дан төл алынса, әр сиырдан  орташа есеппен сауылған сүт  2 406 литр,  әр  тауықтан алынған жұмыртқа 146  мың  дана, әр  қойдан  3,4 кг жүн  қырқылды деді. «Қазақтың  жаны  малмен  бірге»  «Жаным  арымның  садағасы,  Малым  жанымның садағасы»  деген  қазақ,  жаз жайлау,  күз күзекке,  қыс қыстауға көшіп қонады. Бүгінде малшы қауымы қыстауларына толықтай қоныстанды. Аудан көлемінде 177 қыстақтар саны бар. Ал  шаруашылықтар саны  – 205. Қыстауға шығатын  ірі  қара  саны  –  20 302,  қой  мен  ешкі – 110 247, жылқы – 14 226.  Жалпы төрт-түлікті  қыстан  аман  алып  шығу үшін 118,6 тонна шөп, 12,1 тонна пішендеме, 15,3  тонна сүрлем (силос) – 19,3 тонна, жемдік азық (зерно) – 20,4 тонна жиналған деген аудан  әкімі мал шаруашылығы дамуының 2022 жылдағы 9 айдың  көрсеткіштерін атап өтті. Биылғы  жылға аудан  көлемінде  ет өндіру – 7 147,4  тонна, сүт – 14 523,1 тонна, жұмыртқа  – 5 443,2  мың  дана,  мүйізді  ірі  қара  –  47 589  бас, оның  ішінде  сиыр – 19 322 бас қой мен ешкі  –  221 936  бас  жылқы  –  22 063  бас  шошқа  –  561  бас  түйе  –  201 бас  құс – 107  239 бас  болса, мал төлі бұзау  –  16  662 бас, 100  аналық басқа – 90  бас.

Қозы – 78 622 бас, 100 аналық басқа – 93 бас. Лақ – 5 522 бас, 100 аналық басқа – 106 бас.  Құлын  –  4 525 бас, 100 аналық басқа – 58 бас. Бота – 19 бас. 100 аналық басқа – 25 бас. Әр сиырдан орташа сауылған сүт – 2 430 литр. Әр тауықтан алынған жұмыртқа 140 мың дана. Әр қойдан алынған жүн – 3,4 кг айналды. Жылдан-жылға мал басының өсімі  әрі одан алынатын төлде көбейіп келеді. Ауыл шаруашылығы оның ішінде мал шаруашылығына бейімі барлар кәсіптерін ұлғайтуда.

Сондай-ақ  аудан тұрғындары бұған дейін қатты отын жағып келсе, облыс  орталығы  Талдықорған  қаласы табиғи газбен қамтылғаны, қала іргесіне тиіп тұрған Көксу ауданына да жетті. Төрт жылдан бері көгілдір отынның рахатын көріп отырған аудан тұрғындарымен қатар кезең-кезеңімен газ желісі ауылдарға да тартылып іске қосылуда. Мәселен, жеке инвестордың қаражатынан Балпық би, Теректі ауылдарын газдандыру жұмыстары жалғастырылып, бүгінгі күнге 1660  абонент  табиғи газ жүйесіне қосылған. (жоспар  3 354 абонент, 19 шақырым орта қысымды, 94,3 шақырым төменгі  қысымды  газ құбыры тартылып, 3500 тұрғын  үйдің  аулаларына  газ  жүйесі жеткізіліп, 1716 келісім шарт жасалған).  Бұдан  бөлек  бюджет есебінен 4 елді мекенде газ тарату желілерінің  құрылысы  аяқталып, ауыл халқы көгілдір отынның пайдасын көруде. Бүгінгі күнге Мұқыры ауылына газ жіберіліп (29 абонент қосылды) Жамбыл, Бесқайнар, Мәмбет ауылдарының газ жүйесін қызмет көрсететін компанияға сенімгерлік басқаруға өткізіп берген соң тұрғын үйлерді газ жүйесіне қосу жұмыстары басталады дейді аудан әкімі Марлен Қапашұлы. Төрт  елді  мекенде (З. Тамшыбай ауылы,  Көксу стансасы және Еңбекшіқазақ, Мұсабек ауылдары) газ тарату желілерінің құрылыс жұмыстары биыл аяқталады.

«Нәтижесінде 2023 жылы ауданның 27,3 мың тұрғынының газға қосылуға мүмкіндігі болады. (66,5 пайыз). Бұл шамамен 19 мың тонна қатты отын жағатын көздерін газға ауыстыруға мүмкіндік береді», – деді.

Оның сыртында 2021 жылы басталған 12 елді мекенді газдандыру бойынша жобалау жұмыстары биылғы жылдың соңында (Алғабас, Ақшатоған, Айнабұлақ, Бозтоған, Жарлыөзек, Қызылтоған, Талапты, Жетыжал, 10 жылдық Қазақстан, Мәулімбай  Кенарал, Ақтекше  ауылдары) аяқталатынын айтты. Балпық  би  ауылы бойынша  жалпы  аула саны – 4136,  ондағы  газ  жүйесіне қосылған  үй саны –  1655 болса,  көгілдір  отынды  пайдаланып отырған заңды  тұлғалар саны  – 31.  Оның ішінде ірі кәсіпорындар – 5 (Көксу қант зауыты, «Уыз Май  Industry»  ЖШС, МКК Көксу жылу, «Құрылыс» ЖШС, ЖК Аркабаев) дүкендер саны – 27 бар. Сондай-ақ  Балпық би ауылында Қ. Жалаири, Теректі ауылындағы  Т. Исабаев орта мектептер орта қысымды газ жүйесіне және осы ауылдағы 316 отбасының  – 150-і, Мұқыры ауылындағы – 578  жанұяның  – 120  үйі  және  1  дүкен, келісімшарт жасалған үй саны – 194. Техникалық құжаттары бекітілген үй саны да  – 194 болса, Еңбекші ауылдық округіне қарасты  З. Тамшыбай  ауылында  жалпы  аула саны – 352  үйдің  – 22, Бесқайнар ауылында жалпы – 152 отбасынан  10  үй газ жүйесіне қосылғанын айтты. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Көксу ауданы бойынша  жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеу бойынша ауданның 7 елді мекенінің 10 көшесіне  орташа жөндеу жұмыстары және Балпық би ауылындағы жаңа тұрғын үй массивінде қиыршық тас төсеу жұмыстары жасалған. (Балпық би  ауылындағы  Әйтеке би 1,3 шақырым,  Қазыбек  би 1,06 шақырым, Уалиханов 1,06 шақырым, Әуезов 1,2 шақырым, Алғабас ауылының  Көмекбай  41,2  млн  теңге  ПЧ-45 ауылының Байшапанов 18,8  млн  теңге Балпық би ауылының Тәттібай батыр 39,4 млн теңге, З. Тамшыбай ауылының  Ақниет  52,9 млн теңге, Ақтекше  ауылының  Сүгіров  40,8 млн  теңге Мұсабек  ауылының көшеле-рі) пайдалануға берілген. Кәсіпкерлікті дамыту саласында 2021-2025  жылдарға арналған Ұлттық жобасы аясында жұмысқа орналасуға ниет білдірген 1753 жұмыссыздың 1189-ы жұмысқа орналастырылып, (оның – 543 тұрақты, 646-ы уақытша жұмысқа) орныққан. Жалпы бағдарлама аясында 1753 адам қамтылған. Бұл бағытта ауданда атқарылып жатқан шараларға зер салсақ, бірінші бағыт бойынша 155 берілсе, оның 143 жұмысқа орналасса, екінші бағыт бойынша бойынша «Бастау Бизнес» жобасы  аясында  209  кәсіпкерлік дағдыларына оқытуға жіберіліп, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранты 39 адамға берілсе, үшінші бағыт бойынша 50 адам әлеуметтік жұмыс орнына, 49 түлекті жастар тәжірибесіне жіберілді деген Марлен Қапашұлы 2021 жылдың қорытындысы бойынша жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрағанын айтады. Әлеуметтік сала бойынша білім жүйесіне тоқталып ауданда жалпы 25 беретін мектептің барын оның  – 23-і  орта, 1-уі  бастауыш, 15 балабақша  – 1, 14   –  мемлекеттік, 12 мектеп жанында шағын орталық және бір музыкалық мектеп барын, балалардың мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту 98,8 пайызды  құрайтынын тілге тиек етті.

Сондай-ақ  білім  саласы  басты  назарда болғандықтан Қазақстанның 10 жылдығы және  Бесқайнар ауылдарында 25 орындық шағын орталығы бар 120 орындық орта мектептердің құрылыстары, Мәмбет ауылындағы интернат ғимаратына  ас блогы, асхана  ғимаратының құрылыстары  жыл аяғында дейін аяқталады. Оның сыртында Қ. Жалаири атындағы орта мектеп-гимназиясының бассейнін және Т. Исабаев атындағы орта мектептің жылыту қазандығы орталықтандырылған газ жүйесіне қосылады. Мұсабек, Айнабұлақ ауылдарында орналасқан орта мектептердің стадиондарын абаттандыру жұмыстары  жүргізілді дей келе, ауданымыздың мақтанышымен айтатын жетістіктері де аз емес, атап айтсақ, Жетісу облысы білім басқармасының қолдауымен «Жетісу дарыны» облыстық дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен  2022  жылдың  24  қыркүйегінде білім саласының қызметкерлері және мектеп ұстаздары арасында өткен Облыстық «MiBattle» зияткерлік сайысында Көксу ауданы мұғалімдер құрамасы бас жүлде иеленді деді. Денсаулық саласында 29 медициналық мекемеде (оның ішінде 1 орталық аурухана, 9 дәрігерлік амбулатория, 9 ФАП, 10 МП)  72 дәрігер,  307 орта медицина қызметкер жұмыс жасауда.

2022 жылы Ақшатоған және Еңбекшіқазақ (129,7 млн теңге) ауылдарында күніне 20 адам қабылдайтын фельдшерлік-акушерлік пункттердің құрылыстары аяқталуда. Жамбыл ауылында блоктық-модулдік медициналық пунктің және Теректі, Енбекшіқазақ ауылдарында балаларға арналған спорт алаңдары пайдалануға берілсе,  мәдениет саласында 10 мәдениет үйі мен клубтар, 10 кітапхана, 1 халық театры тұрақты түрде жұмыс істейді. Биылғы жылы Жарлыөзек ауылында мәдениет үйінің құрылысын жүргізу үшін ЖСҚ дайындауға бастапқы төлем ретінде 5,0 млн теңге бөлініп бүгінгі күнге жобалау құжаттары дайындалуда. Аудан  тұрғындарын спортқа тарту 30,6 пайызды құраған. Аудан еңбеккерлерінің бұл саладағы көрсеткіші де көңіл көншітеді. Мәселен, биылғы жылы Талдықорған қаласында өткен футболдан ересектер арасындағы Жетісу облысының чемпионатында Көксу ауданының құрама командасы І-орынды жеңіп алса, Астана қаласында «Ұлы дала жорығы» атты тұңғыш республикалық марафон бәйгесінде Жетісу облысының атынан шыққан Көксу ауданының шабандоздары ІІ-орынды иеленген.

Сонымен қатар аудан спортшылары халықаралық және республикалық жарыстарда жүлделі орындарды қанжығаларына байлап жүр. Ауданда ұдайы бұқаралық спортты көтеруге, салауатты өмір салтын насихаттауға арналған спорт түрлерінің жарыстары жиі өткізіліп тұрады. Бұл көрсеткіштердің барлығы тоғыз айдың көрсеткіші.

Жыл аяқталуға таяу, бір айдан кейін есік қағып, 2023 қоян жылы кіргелі тұр.  Қаңтар айынан бастап ескі жылдың жылдық көрсеткіші жарияланады. Жаңа қызметке кіріскен аудан әкімі Марлен Қапашұлы Көлбаевтың іскерлігі қоян жылынан бастап есепке алына бастайды. «Ұйымдастыра білген ұтады» деген тәмсілге жүгінсек, саясат сахнасында түрлі қызметкердің құлағын ұстаған жаңа әкім Көксу ауданының абыройын асқақтатып, экономикасын қарыштатып, әлеуметтік саланы жандандырады деген аудан халқының сенім үдесінен шығады деп біз де сенім артамыз. Өрісі малға, төрі  жанға толып, белдеуінен ат кетпеген Көксудың аңызы дәнге, сахнасы әнге ұласып, елдің береке-бірлігі арта берсін!

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ