Ән әуелеген күн

0
666

Мұратхан Егінбаев – рухты көтеретін, жанға тыныштық сыйлайтын, әсерлі де әуезді әндерімен қазақ даласын тербетіп, бар ғұмырын саз өнеріне арнаған белгілі композитор. Оның Алаш ардақтылары мен саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған «Үш арыс», «Қаракерей Қабанбай», «Ақ қайың» сынды әндері  қоғам арасында үлкен серпіліс туғызды. Бүгінде сазгердің осындай құлақ құрышын қандырар әсем әндері шырқалатын шығармашылық кештері тұрақты түрде ұйымдастырылып, халық ықыласына бөленуде.

Әуелетіп әуен жазып, халықты ән құшағына бөлеп жүрген композитордың шығармашылығына арналған «Сәйгүлік» атты әншілер байқауы биылғы жылы екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Шашасына шан жұқтырмас кіл мықтылар бақ сынасқан доданың гала концерті І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өтті. Өнер бәйгесінің қорытынды шарасында алғашқы болып сөз сөйлеген Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, сазгерге арнайы ілтипаты мен жылы лебізін білдірді.

– «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, елімізге белгілі композитор Мұратхан Егінбаев ағамыздың өнер саласында еткен еңбегі мен төккен тері қандай құрметке де лайық. Қаншама жыл  бойы талантты шәкірттер тәрбиелеп, ұлағатты ұстаз атанды. Әуенімен тыңдаушының бойына рух беріп, бабалардың есімдері мен ерліктерін әнге қосты. Өнер адамының мұраты ұлттық өнерді сақтау, бұрынғы мен қазіргі дәуірді жалғастыру болса, Мұратхан ағамызды сол жақсылардың жұрнағы деп білемін. Халықтың асыл мұрасына қылау түсірмей келе жатқан композитор бүгінде 80 жастан асты. Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілеймін. Бүгінгі сайысқа қатысушы өнерпаздарға сәттілік серік болсын,  – деген облыс басшысы Мұратхан ағамыздың иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.

Республикалық деңгейде ұйымдастырылған байқауға Астана, Алматы  қалалары мен Абай, Қарағанды, Маңғыстау, Алматы, Жетісу облыстарының өнерпаздары қатысып, сазгердің күрделі шығармаларын орындау арқылы бақ сынады. Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен өткен байқауда үш аталым бойынша жүзден жүйріктер анықталды. Атап айтсақ, «Дәстүрлі ән» номинациясы бойынша бас жүлдені  Астана қаласынан келген Баян Жұманова алса, «Оркестрдің сүйемелдеуімен ән айту» номинациясының бас жүлдесін Алматы қаласының атынан келген Есенгелді Рза еншіледі. Ал «Эстрада жанрында ән салу» аталымы бойынша астаналық Майра Дәулетбек өзгелерден оза шауып, алдыңғы қатардан көрінді. Үш аталым бойынша топ жарған саңлақтар 300 мың теңгелік сертификаттарға ие болды. Ал бірінші орын  еншілеген  Жетісу облысынан Асхат Мадиев пен Тілекбай Нагимбаев, Қарағанды облысынан Шыңғыс Сәрсенбай, Астана қаласынан  келген Кәмшат Тұрабекованы ҚР Мәдениет қайраткері Ермек Әбілқасымұлы аталған үш номинация бойынша марапаттады. Оларға дипломдар мен қатар 250 мың теңгелік ақшалай сыйлықтар табысталды. Бірқатар қатысушыға ынталандыру сыйлықтары беріліп, гала концертке келген әр өнерпазға композитор Мұратхан Егінбаевтың қолтаңба-сы қойылған таңдамалы шығармалар жинағы мен алғыс хаттар табыс етілді.

Шара соңында  сөз алған композитор Мұратхан Егінбаев:

– Бүгінгі жеткен биіктерің ертеңгіге өлшем емес. Ұлтымыздың ұлылығын, жұртымыздың керемет қасиеттерін, тарихта аты қалған алыптарын, Алаштың ардақты ұлдары мен қыздарын алдағы уақытта ән әуезінде өрнектеу енді сендердің міндеттерің, – деп додаға қатысушы жастарға зор  үміт  артатынын  жеткізді.

Айдана СМАҒҰЛ


ПІКІР ЖАЗУ