«Табысты әрі жемісті жыл болды»

0
552

Екі мыңыншы жылдары қазақ поэзиясына талантты жас буын өкілдері келіп қосылды. Қазақ өлеңі осы уақыттарда өзіндік ой айту мәнері бөлек жастардың пәрменімен жаңа белеске көтеріліп, соңы сипат алды. Мазмұн мен түр жағынан да ерекшелене білді.  Қазақ поэзиясының өркендеуіне өзіндік үлесін қосып жүрген сондай жанның бірі – Сағыныш Намазшамова. Кешегі Ақын Сара, Қанипа Бұғыбаевалар шыққан өңірде  туған ақын бүгінде  солардың  ізін  өкшелеп келеді.

Ол 1978 жылы бұрынғы Талдықорған облысы, Ақсу ауданы, Көкжайдақ ауылында дүниеге келген. Сол жердің топырағын басып, суына шомылып, жер ананың құшағынан нәр алып өскен ақын қыз он бір-он екі жасынан қолына қалам алып, алғашқы балаң өлеңдерін қағазға түсіре бастады. Сол кезеңнен бастап-ақ кішкентай қыздың бойындағы ақындық қайнардың көзі ашылып, сыртқа буырқанып шыға келгендей. Авторды жақын тани түскен сайын оның зденгіштігіне, еңбексүйгіштігіне, қалам сертіне деген адал ниетіне тәнті боласың.

Ол мектепті бітірген соң, 1997 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін, 1999 жылы осы факультеттің магистратурасын тәмамдайды.  Дәл  осы қасиетті қара шаңырақта  ақын қыз  одан әрі  шыңдала түсіп, көп нәрсеге көзі  ашылды. Білім алған ортасы оны тәрбиелеп, шығармашылық тұрғыда да, маман ретінде де  алға жетеледі. Кейіннен тұрмыс құрып, отбасылы болды, шығармашылықта аздаған үзіліс жасады. Дегенмен ол мүлдем поэзиядан  қол үзіп қалған  жоқ.  Керісінше, осы үзілістен соң  жаңа леппен, жаңа деммен, шабытпен  өз ортасына  қайта оралды.

Жас оқырмандардан және әдеби ортадан еншілі бағасын алып үлгерген ақын қыз  бүгінде үш бірдей кітаптың авторы болып табылады. 2007 жылы «Арыс» баспасынан «Бақыттың бағасы» атты жыр жинағын шығарды. Сонымен қатар дәл сол жылы Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты атанды. 2009 жылы «Сағыныш» және 2021 жылы «Менің мифім» атты кітаптары басылып шықты. Бұл жинақтар кестелі ойға, сырбаз сезімге, қоңыр мұңға құрылған дүниелер еді. Сағыныш апайдың әрбір өлеңі өзіндік ой мен сезім иірімдерінің астасқандығымен ерекшеленеді.

Қазақ әдебиетінің құнары ежелден күшті, инттелектуалдық әлеуеті зор екенін қазіргі заманғы таланттар көрсетіп келеді. Бұған дәлел 1-7 желтоқсан аралығында «Қазақстандағы Гете институтының» поэзиядағы көркем аударма жобасымен Берлинге шығармашыл бір топ жас қазақ ақындары шақырту алды. Оның ішінде Сағыныш Намазшамова,  Еділбек  Дүйсен, Батырхан Сәрсенхан және аудармашылар Райхан  Шалғынбаева, Рауза Мұсабаева, Таңсұлу Рахымбаевалар алманиялық ақындардың поэзиясымен танысып, өз шығармашылықтарын ол жақта танытып қайтты. Бұған дейін Орта Азия халықтары тілдерінде неміс ақындарының жинағын шығару жобасы қолға алынған болатын. Соның нәтижесінде жуырда қазақ, қырғыз, өзбек, тәжік, түрікмен – осы бес тілде ортақ «Самұрық» атты қазіргі неміс ақындарының жинағы жарық көрген еді. Осы жинақта Сағыныш Намазшамова, Еділбек Дүйсен, Батырхан Сәрсенхан, Мирас Асан, Жеңісбек Пәзіл неміс ақындарын аудармашылардың көмегімен қазақша сөйлеткен болатын.  Германия сапары осы жобаның жалғасы деуге болады. Германиядағы «Haus fuir Poesie» үйі ақындарға арнайы шақырту жіберді. Осылайша көркем аудармаға қатысты пікір алмасу, неміс авторларын қазақ тіліне, ал қазақ авторларын неміс тіліне аударуға байланысты бір апталық жоба өтті. Екі елдің екі ақыны және бір аудармашыдан құрылған үш топ аталған басқосуда 150 жолдан тұратын аудармалар жасады.

Аударма барысында өзара пікір алмасылып, әрбір  өлең талқыланды. Әрине, екі бөлек ел, екі бөлек тіл, мәдениет. Сондықтан да өлеңді талдап, талқылау қажет болды. Кейіпкердің айтуынша, қашықтықта отырып та аудара беруге болар еді, алайда, ақындардың өздерімен бас қоса отырып сөйлесу, пікірін тыңдау, сол арқылы аудармаға келу мүлдем басқа сезім дейді.

– Біздің олардан және олардың бізден аударған өлеңдері кітап болып жарық көреді деген жоспар бар. Бір апталық басқосудың қорытындысы ретінде  шағын кеш ұйымдастырылды, аудармаларымыз оқылды. Оған Берлинде тұратын қазақтардан аздаған өкілдер, поэзияны жақсы көретін жандар келді. Шағын кеш болса да ұйымдастыру, безендіру жағынан өте жоғары деңгейде, нағыз бір поэзияға сай атмосферада өтті. Залдың ішінің өзі, құдды бір «поэзия» деп сөйлеп тұрғандай болды, – дейді Сағыныш Сабыржанқызы.

Кейіпкеріміз Германияға сапарлап  бара жатқанында тағы бір қуанышты жаңалықты, яғни, «Assyltas» қоғамдық қорының грантына үміткерлер ішіне енгізілгенін, дауыс беру жүріп жатқанын естиді. Екінші кезеңге кімнің өтетінін халық дауыс беру арқылы анықтаған. Алғашқы үштікте тұрған үш адам екінші кезеңге өтіп, кейіннен спорт, ғылым, журналистика және әдебиет аталымдары бойынша екінші турға шыққан жандардың ішінде кімді үздік деп танитындығын осы салалардың кәсіби мамандары анықтапты. Сөйтіп, Әдебиет аталымы  бойынша жетісулық ақын Сағыныш Намазшамова бір миллион теңге  бір реттік грантының  иегері атанды.

– Шығармашылық деген негізі өз бетіңмен жұмыс істеу ғой. Үнемі бір жарыстарға қатысып, көптің алдында көрініп жүруің шарт емес. Ал мұндай сайыс-додалар анда-санда өзіңді ынталандырып тұруға, алға жылжуға қажет нәрсе. Осындай керемет сезімдерден кейін ізденісіңді одан әрі жалғастыра түсесің, – дейді кейіпкеріміз ағынан жарылып.

Сезім мен ойды өзара сабақтастырып жырлай білетін талант иесі биылғы жыл өзі үшін табысты әрі жемісті жыл болғанын айтады. Оның бұлай айтуының өзіндік себебі  де бар.

Өткен жылы «Ер төстік», биылғы «Балалар жылы» аясында «Жас өрен» байқауында кейіпкеріміз алдыңғы қатардан көрінді.

– Мұндағы басты мақсатым – жүлде алу емес. Жалпы жан дүниемдегі  толғаныстарға байланысты өлеңдерді ештеңеге қарамай кез келген уақытта жаза беруім мүмкін. Ал балаларға арналған өлең табанды түрде кірісуді қажет етеді. Оған жоспарлы түрде уақыт арнауың, арнайы отыруың керек. Конкурстардың бір қамшылайтыны, оған белгілі бір уақыт беріледі. Бар мүмкіндігің мен уақытыңды сол белгіленген межеге сыйғызуға тырысасың. Былайша айтқанда мен сияқты жалқаулау адамды қузағанға жақсы, – дейді кейіпкер.

Расында, балалар әдебиетінің ең негізгі шарты бар. Ол  –  қарапайымдылық. Екіншіден, жаттауға жеңіл келетін болуы тиіс. Мектеп оқушыларына өлең жазу аздап жеңілдеу, ал балабақша балдырғандарына сай келетін тақпақ тудыру оңай іс емес. Бұл жағынан Сағыныш апайдың айы оңынан туғаны анық. Балалар шығармашылығына қалам тербейтін осындай ақындар барда өлең де лаулап жана бермек.

Ақынның өзі «Мегаөлең  мен  микроөлең» атты мақаласында: «Өлеңге объект ретінде қарамай, өлең қайсы, өзің қайсы екенін айыра алмайтын күйде бірігіп, жымдасып, тұтасып кеткенде ғана шығармашылық шынайы болады», – дей келе, өзінің шығармашылық күйге түскен сәтінің бірін: «Мен ширыққан шақтарда алапат қуатымды бір нүктеге сығымдап сыйғызып, өз әлеміме кіріп кетемін. Төбемді көкке боясам – аспан, төменді жасылға боясам – жер, маңайымды құбылтып сан түспен сапырыстырсам – әлем-жәлем тіршілік болып шыға келмей ме?»,  – дейді.

Шындығында, Сағыныш ақынның өлеңдерін оқыған оқырман кішкентай бір әлемге еніп кеткендей болып, ерекше алапат күйге бөленеді. Ақынның  ішкі әлеміне үңіле отырып, шабыттың өзіне қаншалықты келіп тұратынын тілге тиек еткенде ол, жас кезімде мүмкін шабыт деп әсерленгенім бар шығар, ал қазір есейе келе оның шабыттан гөрі машыққа айналып бара жатқанын түсіндім дейді.

– Есейе келе шабытыңды күтіп отырмайсың. Кез келген уақытта жазуға мүмкіндік табасың. Белгілі бір жұмыс кестесімен жүруге дағдыланасың, белгілі бір уақыттарда отырып жазуға тырысасың, – дейді  кейіпкеріміз.

Иә, ақын мен поэзия деген егіз ұғымдар, жұмбақ әлем. Жүре келе немесе білім алып, оқу арқылы ешкім де ақын болып кетпейді. Ақындық ол туа бітті қасиет. Ал туа бітті қасиет ешқандай көлденең жолдан қосылған әртүрлі ағымдарға көнбейді.

Сағыныш ақынның шығармашылығына дендеп енген сайын еріксіз көкте қалықтап, баяны тұрақты әлемге өздігіңнен саяхаттап кеткің келеді. Себебі оның ерекше ақындық  қуаты – өлеңдеріндегі өзгеше лирика мен сезімде жатыр. Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиген ақынның поэзия әлемі кімді болмасын өзіне бірден тартып, еліктіріп әкетеді. Қай  өлеңіне көз жүгіртсеңде, ондай бір нәзіктік пен адалдықтың, мейірімділіктің нұры төгіліп тұрады.

Өмірін өлеңмен өріп, поэзия әлемінде жыр бесігін тербеткен ақын қызға өміршең өлеңдеріңізбен  бірге жасай беріңіз дейміз!

Арайлым  НҰРЖАПАР

 

Мен оны мұңыммен де күлдіре алам

Тәнімді жаратып лайдан,

Жаныма сіңірген сағыныш сыңайлы ән,

Мендегі Құдайдың ешбір айырмасы жоқ

Бүкіләлемдік Құдайдан.

 

Тәңірдің алдында пенденің тізімі,

Біз кімбіз – адамның бұзығы, түзігі?

Ғаламды ұстап тұр бір Ұлы махаббат,

Білерім, мендегі соның бір үзігі.

 * * *

Түс әлеті.

Автобустар бос,

Қарашы әрлі-берлі жосылғанын.

Уақыттың аяп кетем бос ырғағын,

Сол үшін ғой онымен бір жиіліктегі

толқынға қосылғаным.

Мен кешеден көшкем,

ертеңге ешқашан жете алмаймын,

Сондықтан бүгін дәл осы сәт осындамын.

Ал сен ше? Сен қайдасың?

Мен мәңгі тосудамын!

 

* * *

Шеңбердің басы қайсы, соңы қайсы

Сен оны өмір бойы таба алмайсың.

Соңынан қалам десең, қала алмайсың,

Басынан озам десең оза алмайсың.

 

Мәңгілік айналуды доғармайсың,

Сондықтан ешқайда да жоғалмайсың.

Қапелімде мүлт кетіп, шығып қалсаң

Шеңберіңе қайтадан оралғайсың.

 * * *

Берлин. Schwedter Strasse. «Birgit».

Ашылған кітаптар ілінген қабырға.

Білмеймін, жеңіл ме, ауыр ма?!

Бір сипап көруге қол шыдар.

Кофенің буы боп бұрқырап тұратын

Кітаптан шығатын дем шығар.

 

Әріптер таныс та, сөз бірақ бейтаныс.

Ал мұнда жиһаз да кәртамыс –

Сынған гитара, тырманың басы,

бүтіннен бөлінген дөңгелек,

Көнеге осындай өң керек!

 

Көрші үстел. Екеуара әңгіме бүрлеген.

Бір-біріне жылылық үрлеген

Нәсілі екі бөлек ер, әйел.

Кім білсін, екеуі достарды,

Кетті олар.

Үстелі жинаусыз, бокалы бос қалды.

 

Сәлден соң тазалап тастады тып-типыл,

Екеудің демі де соңынан аттанар.

Келді ме, жоқ па әлде,

Сырт көзге бір белгі тастамай кетті олар.

 

Даяшы жымиып қарсы алды тағы да біреуді,

Орындықтағы күлкіні, жылуды жаншыды бұл енді.

Әлгінің сұп-суық түсінен тоналдым.

Екеудің естелігін бойыма сіңіріп,

мен содан оңалдым.

 

Берлин. Кеш. Сегіз.

Көнеден бүгінге көшкен із.

Жып-жылы әсерге іш толып,

Ойланып отырам үстелдің басында,

Отбасым жатады мен жайлы түс көріп.

 * * *

Ғалам әуелде түтін еді,

Уақыт әуелде бүтін еді,

Бұл – Жаратылыстың бастапқы бітімі еді!

Уақытты кетсек деп басқарып,

Шетінен бөлшектей бастадық,

Күн сағат, құм сағат, су сағат,

Бәрі де өзгерді күн санап.

 

Сөйтсек, Уақыт – ақ сандық,

Ақ сандық ішінде көк сандық,

Көк сандық ішінде бітпейтін көп сандық,

Көп сандық… ар жағы шегі жоқ бостандық!

 * * *

Уа, Ұлы Жаратушы Құдауанда!

Топыраққа тамшы су шылағанда,

Адам боп жаратылған жанның бәрі

Айнала алмайды екен ғой пірәдарға!

 

Уа, Аса Мейірімді Құдауанда!

Жалғызға жармын дедің жылағанда!

Тәу етіп, тәубамды айтып жүргеніммен

Кірленбеу қандай қиын тірі адамға!

 

Уа, Ерек, Кемшіліксіз Құдауанда,

Қол-аяқ, көз-құлақта кінә бар ма?

Күнәмнің куәгері, не айтасыңдар

«Пәниде не істедің?» деп сұрағанда?

 

Бәріне Сен Иесің, Құдауанда!

Бердің бе кәлима үшін тіл адамға?!

Тілдің уын кетірмей, қолдың кірін,

Жалғанда жүрек енді жұбанар ма?!

 * * *

Күзбен бірге көшеді күллі ғалам,

Онсыз ойын-күлкің де күлдібадам.

Көрмесем деп көңілін тұнжыраған,

Мен оны мұңыммен де күлдіре алам.

Мен оны мұңыммен де күлдіре алам,

Өзіме өзім содан соң бұлдыр адам…

Келген күннің күнәсін көтере алмай,

Мың шашылып, қайтадан мың құралам.

 

Не дейін, қалай дейін, жайлы қазан?

Жанары жырға толып жаудыраған.

Жанына жылы үмітін ертіп алып

Жағаны кезіп жүр ғой жалғыз адам.

 

Өзеннен бу шығады бұрқыраған,

Жылқыдай жағаға кеп шұрқыраған.

Жағаға неге келдім, білесің бе?

Бір тазалық іздедім мүмкін одан.

 * * *

Қар ауаны сызғанын да естідім,

Қылаңытып тұрғанын да естідім,

Жылылықты бұзғанын да естідім,

Соның бәрін естіп тұрдым кешқұрым.

 

Қардың жерге қонғанын да естідім,

Қамсыз гүлдің солғанын да естідім,

Топырақтың тоңғанын да естідім,

Соның бәрін естіп тұрдым кешқұрым.

 

Тынышымды бұзбаса деп ескі мұң,

Тамшы суға алақанын тосты кім.

Ол да маған «Емеспін деп ешкімің»,

Айта берді, айта берді, естідім,

Естігенім үшін дағы кеш, күнім!


ПІКІР ЖАЗУ