Сәні мен салтанаты жарасқан күн

0
698

Талдықорғанда белгілі  айтыскер ақын Айтақын Бұлғақовтың мерейтойына орай «Айтыстың Айтақыны» атты халықаралық ақындар айтысы өтті. Оған елімізге танымал айтыскерлер сонымен қатар көрші Қырғыз елінен де ақындар келді.

От ауызды, орақ  тілді сөз сүлейлері жергілікті халықтың жырға деген шөлін қандырып қана қойған жоқ, сондай-ақ, рухани кеш те сыйлады. Айтыс көруге келген көрермен үшін Б.Римова атындағы драма театрдың есігі айқара ашық болды.  Айтыссүйер қауымның көп болғандығы сонша, сәні мен салтанаты жарасқан залда ине шаншар орын болмады.

Салтанатты шараның ашылуына облыс әкімі Бейбіт Исабаев қатысып, жиналған көпшілікке жылы лебізін білдірді.

– Айтақын Бұлғақов сөз майданына өзіндік мақамымен, ерекше дәстүрімен келді. Жарты ғасырға жуық өмірін айтыс аламанына арнады. Сан бәйгеде еркін көсіліп, ел мен жердің мәртебесін, мұң-мұқтажын жырға қосып, ақиқатты ту етті. Ол әлі күнге сол болмысынан айныған жоқ. Арқалы ақынның қуанышына ортақтасып, Жетісу жеріне елімізге танымал айтыскерлер келіп отыр. Сондай-ақ  көрші  мемлекет Қырғыз елінің де жампоз ақындары бүгін ортамызда. Бұл қазақ халқына, айтыс өнеріне, Айтақын Мұхамедиұлына көрсетілген лайықты құрмет деп білеміз.

Ортамызда отырған арқалы ақынға жазарыңыз бен айтарыңыз сарқылмасын, бүгінгі мерейлі тойыңыз құтты болсын дейміз. Жыр додасына қатысатын барлық ақындарға сәттілік тілеймін! – деген облыс басшысы ақынның иығына шапан жауып,  құрмет көрсетті.

Сахнада ақынның «Нұрлы Кәусар» атты  кітабының тұсауы кесілді. Жыр жинағының тұсауын қос қаламгер Нұртөре Жүсіп пен Жанарбек Әшімжан қиып, оқырманға жол тартты.

Сонымен қатар Жетісу филармониясының әнші-бишілері мен өнер мектебінің жеткіншектері ағаның өмірін әдемі әнмен әрлеп, биден шашу шашты. Еліміздің танымал эстрада жұлдыздары Әбдіжаппар Әлқожа мен Төреғали Төреәлі келіп, қалың жұртшылық үшін өз өнерлерін паш етті.

Киелі сахнада 40 жылдан астам уақыт өнер көрсетіп жүрген ақын талай жасты айтыс аламанының бәйгесіне қосып, шәкірт тәрбиелеумен келе жатқан жан. Қазір ұлы Жандарбек Бұлғақов айтыста топ жарып жүрсе, енді 7 жастағы немересі Нұрлы да аламанға қосылды. Жандарбек ұстаған домбыраны атасы немересінің қолына қалың көпшіліктің қошеметімен табыс етті. Немересі Нұрлы «көкем мен атамның жолын жалғаймын» деп жыр арнап, атасының қолынан домбыра мен ақ батасын алып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Туған жері жазиралы  Жаркент өңірінің ел-жұрты азаматына темір тұлпар мінгізіп, абыройын асқақтатты.

Мерейтойлық шараға  Бекарыс Шойбеков, Кәрима Оралова, Балғынбек Имашев, Айнұр Тұрсынбаева, Мақсат Ақанов, Мұрадым Мирланов, Сырым Әуезхан, Жалғас Мақсұтов, сол сияқты Қырғыз елінен Мамбеттокто Мамбеторозо мен Изат Айдарқұлова  келді.

Сөз сайысына өнер тарландары, аға  буын Қошан Мұстафаұлы, Әбілқайыр Сыздықов, Күмісай Сәрсенбаева, Серік Қалиев қазылық етті.

Жарасымды  әзіл, ел мен жер жайы, қазақ пен қырғыз бауырластығы және басқа да тұщымды тақырыптарды толғаған ақындар аламан айтыс жасап, жыр көрігін қыздырды.

Осы айтыста бас жүлдені қырғыздың ақыны Мамбеттокто Мамбеторозо қанжығалап, 1,5 млн. теңгеге ие болды. Бірінші орын  Сырым Әуесханға беріліп, 1 млн. теңгенің сертификатын алды. Бекарыс Шойбеков пен Айнұр Тұрсынбаева екінші орынды иеленіп, олардың әрқайсысына 750  мың теңгенің сертификаты тапсырылды. Үшінші орын алған Изат Айдарқұлова мен Мақсат Ақановқа 500 мың теңгенің ақшалай сыйлығы ұсынылды.

 Арайлым  БЕЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ

 

 


ПІКІР ЖАЗУ