Жаңа медициналық мекемелер ашылды

0
411

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Ақсу ауданына қарасты Көкөзек ауылында  блокты-модульді  медициналық  пункт,  Сағабүйенде  дәрігерлік  амбулатория   пайдалануға берілді. 

Жаңа ғимараттардың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Ғазиз Есжанов, аудандық орталық ауруханасының директоры Салтанат Мықтыбаева, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Айтбаев қатысып, жүрекжарды  тілектерін  білдірді.

Көкөзек ауылындағы жаңа медициналық пунктте алғашқы көмек көрсету үшін барлық жағдай  жасалған. Мұнда ем-дом көрсететін кабинет, егу және басқа да қажетті кабинеттер бар, ыстық  және суық су, электр жылуымен қамтылған. Мұнда 760-тан астам тұрғын сапалы медициналық қызмет ала алады.

Осыған дейін аядай бөлмеде қызмет етіп келген медицина мамандары енді жарық та кең  ғимаратта жұмыстарын жалғастырады.

Естеріңізге сала кетсек, блокты-модульді медициналық  пункттер  ауыл  тұрғындары үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру мәселесін қысқа мерзімде шешуге мүмкіндік береді. Осы әдіспен тұрғызылатын нысандар жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеуді қажет етпейді.

Сағабүйен ауылының 2000-ға жуық тұрғыны да жаңа дәрігерлік амбулаторияға қол жеткізді. Оның құрылысы осы жылдың көктемінде басталған болатын. Амбулатория бір ауысымда 25 адамды қабылдауға арналған.

Аудандық орталық ауруханасының директоры Салтанат  Мықтыбаева  айтқандай, заманауи медициналық жабдықтармен қамтылған жаңа әлеуметтік маңызы бар нысандарда ауыл халқы сапалы медициналық көмек ала алады.

Айта кетейік, Қаракемер ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында тағы бір жаңа медициналық мекеменің құрылысы жүргізілуде.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ


ПІКІР ЖАЗУ