Қауіпсіздік ережелері сақталмайды

0
328

Әне-міне дегенше тағы бір жылды артқа тастап, жаңа қоян жылына аяқ басқалы отырмыз.  Жыл сайын әлем халқының басым бөлігі атап өтетін жаңа жыл мейрамының басты атрибуттары  Аяз ата  мен ақшақар, түрлі түсті шамдары жарқыраған шыршалар және көздің жауын алатын отшашулар. Бүгінде көк жүзін бірнеше секунд түрлі түске бояйтын отшашуларсыз бұл мерекені елестету мүмкін еместей. Жаңа жыл жақындаған сайын базарларда, дүкендерде арнайы рұқсатпен, рұқсатсыз да осы пиротехникалық бұйымдарды сатушылар қатары көбейеді. Адамдар отшашуды жыл он екі ай қолданбаса да айналасы үш төрт күннің ішінде жеткілікті  деңгейде  зардап  шегіп  жатады. Желтоқсанның аяғы, қаңтардың басында жиі еститін «отшашу дұрыс атылмай, біреудің көзін шығарып жіберіпті, ананың қолы күйіп қалыпты, мынаның денесін жарақаттапты» деген хабарлар сөзіміздің дәлелі. Бұл жағдайдың алдын алу үшін өңірлердегі полицейлер жедел профилактикалық іс-шаралар жүргізіп  те  жатыр.  ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Әміржан Байғошевтің айтуынша, 26 желтоқсанда республика бойынша құрылған мобильді топтар халыққа отшашуларды дұрыс пайдалану керектігін, аса жоғары жауапкершілік танытып абай болмаса пиротехникалық бұйымдардың адам өміріне қаншалықты зиян екендігін айтып, 400-ге жуық рейдтік іс-шаралар өткізген. 300 адамға арнайы жадынама парақшалары таратылған. Ірі қалалар мен облыс орталықтарында «қауіпсіздік ережелерін ұмытпайық» деген тақырыпта 50-ге жуық билборд тақташалары ілінген. Дей тұрғанмен 27 желтоқсан күні «Baq.kz» ақпараттық порталынан Алматы облысының тұрғыны отшашудан көзін жаралады деген хабарды көрдік. Мереке басталмай жатып қызықтың құрбаны болған тағы бірнеше адам бар. Осындай оқыс оқиғаға тап болушылардың көбі балалар деп ойлаған едік. Алайда керісінше болып шықты. Ресми статистикалық мәліметтерге сүйенсек соңғы бес жылда отшашудан балаларға қарағанда ересектер екі есеге көп зардап шеккен екен.

Ең басты байлық денсаулық екендігін барлығымыз жақсы білеміз. Дегенмен әлі күнге дейін  қауіпсіздік ережелерін сақтамайтын тұрғындар өз өмірлеріне бейжай қарап, жауапкершілік танытпай келеді. Неге?

 Айдана СМАҒҰЛ


ПІКІР ЖАЗУ