Андас Омарақын оқулары басталды

2
901

Бейсен  Құранбек атындағы журналистер үйінде мәдени  тағылымды шара өтті.  «Мерейлі  отбасы – 2022»  байқауының  Жетісу  облысы  бойынша жеңімпазы Андас әулеті  «Оқуға  құштар  мектеп» жобасын қолға алды.

Оған облыстағы аудан-қаладан білімге құштар, өнерге бейім, ұлттық құндылыққа жаны жақын 30 оқушы мен олардың жетекшілері қатысып, өнерлерін көрсетті. Шараға ұйытқы болған облыстық білім басқармасы, «Қазпошта» АҚ Алматы облыстық филиалы мен «Жетісу» газеті. Басқосуды облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары, ақын Жұматай Әміреев жүргізіп, алдымен аталмыш шараның мән-мағынасын түсіндірді.

– Ғасырдан ұзақ тарихы бар облыстық «Жетісу» газетінің қазақ руханияты үшін сіңірген еңбегі ерен. Қазақ әдебиеті мен мәдениетінде орны бөлек кешегі Ілияс, Мұхтар, Сәбиттер бастаған ұлы көштің бәрі де «Жетісу» газеті арқылы танылып, есі-мі тарихта қалды. Одан кейінгі сан буынды тәрбиелеуде де басылымның орны ерекше, беделі биік болды. Міне, бүгінде сол дәстүрді Андас әулеті жалғастырып, облыстың аудан-қаласынан 8-10 сынып аралығында оқитын 30 оқушыны «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында қарашаңырақ газетке жаздырып, демеушілік танытып отыр. Әрине білімге, ғылымға, руханиятқа жасалған де-меушіліктің бағасы үстем болатыны анық, – деп атап өтті.

Аталмыш жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлытауда өткен Ұлттық кеңесте жүктеген тапсырмасы аясында жүзеге асуда. Шара аясында Жетісу облыстық білім басқармасының бас маманы Руслан Арсыланов аталған жоба аясында Жетісу облысында қандай шаралардың атқарылып, нендей жетістіктерге жеткені туралы баяндаса, «Қазпошта» АҚ Алматы облыстық филиалының жетекшісі Айбол Таңжарбекұлы оқушыларға поштаға жазылған түбіртегін табыс етті.

Келесі кезекте Андас әулетінің отанасы, «Парасат» орденінің иегері, «Алтын алқалы» ана Әуесхан Мажайқызы балалардың болашағына сәттілік тілесе, осы әулеттің ұлы, әріптесіміз Қажет Андас әулетінің құндылығы туралы айта келіп, тарихшы, айтыс және жазба ақын Андас Омарақынның «тарих талғарында», «Дода», «Жылдар ізі» атты үш томдық еңбегі таныстырылып, оқушыларға сыйға берілді. Сондай-ақ Жетісу облыстық білім басқармасы мен Андас әулеті бірлесе отырып, алдағы жарты жылда «Оқуға құштар мектеп» жобасы негізінде жүргізілетін «Андас Омарақын оқуларының» ережесімен таныстырды.

– Жаң бастама бүгінгі шараға қатысқан 30 оқушының арасында, келесі жылдың алғашқы жарты жылдығында сынақ ретінде атқарылады. Ол «Тарих  талғарында» жас өлкетанушылардың ғылыми жұмыстары байқауы, «Дода» атты жас айтыс ақындарының айтысы және «Жылдар ізі» атты жас жазба ақындар мүшайрасы сияқты үш бағытта жүргізіледі. Әр номинацияға дайындалған оқушылар еңбегінде Андас Омарақын шығармашылығын үлгі етуі керек.

Байқау Жетісу облыстық білім басқармасының жоспарына енгізіліп, келесі жылдың алғашқы жарты жылдығында өткізілмек.  Қазылар алқасының шешімімен I, II, III дәрежелі орын алған үміткерлерге облыстық білім басқармасының Алғыс хаты  мен Андас отбасы атынан қомақты ақшалай жүлде тағайындалады. Үш номинация бойынша І орын алған оқушылар оқитын мектепке Жетісу облыстық білім басқармасының  «Оқуға құштар мектеп» атты көшпелі ту тапсырылады – деді ол.

Шарада әр өңірден келген оқушылар өз өнерлерін көрсетіп, өлең оқып, айтысқа түсіп, шараның шырайын аша түсті. Соңында көпшілік «Жетісудың қонақжай шаңырағынан» дәм татып жолға аттанды.

А.НҰРЖАПАР.


2 пікір