Жетісулық жеңімпаздар марапатталды

0
315

«Мың бала» республикалық жобасы еліміздегі мемлекеттік тілді меңгеруге ерекше қызығушылық танытқан өскелең ұрпақты ынталандыру, қолдау мақсатында 2015 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Биылда өз жалғасын  тапқан байқау облыс орталығы Талдықорған қаласындағы Достық үйінде Қоғамдық даму басқармасы ММ «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен өткізілді.

Аталған байқауға «Өнер алды – қызыл тіл», «Өнерлі өрге жүзер», «Жарқыра, жас дарын!» номинациялары бойынша екі  қала, жеті  ауданнан жалпы саны 22 оқушы қатысып, өнерлерін ортаға салды.

Аудан аралық жарыстардан жеңімпаз болған кіл мықтылар арасында өткен сайыс тартысты өтіп, әр номинация бойынша өнерлерін көрсеткен өрендер, атап айтсақ, Алакөл ауданынан келген Абдулло Сиддиков, Аружан Сұлтан, Мұхаметқали Нүркенов, Панфилов ауданынан қатысқан  Жания Қанат, Текелі қаласынан  келген  Реалина Тохтахунова, Артем Матковский, Кербұлақ ауданынан – Нұрай Кенжебек және Жантөре Жігер жүзден жүйрік шығып, жеңімпаз атанды. Жүлдегерлер арнайы дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Байқаудың мақсаты – этнос топтарының жастары арасында мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, шешендік өнердің мұраларын насихаттау, тілге шешен сөз шеберлерінің өнеріне қолдау көрсету.

* * *

«Ортақ шаңырақ» жобасы аясында  Достық үйінде  облыстық «Үздік отбасы» байқауы да  өтті.

Байқау шымылдығын «Ақ отауға ақ бата» жобасы бойынша ерекше еңбек етіп жүрген Алакөл аудандық Аналар кеңесінің төрағасы Ұлжалғас Бурасанқызы ашып, жылы лебізін білдірді.

Мұнан кейін байқауға қатысушы 140 шаңырақтың ішінен оза шапқан, кіл мықты 6 отбасы жеке-жеке таныстырылып, ортаға шақырылды. Атап айтсақ, Ақсу ауданынан – Қыдырмановтар отбасы, Алакөл ауданынан – Кариповтар отбасы, Кербұлақ ауданынан – Жармұхамбет отбасы, Көксу ауданынан – Асқаровтар отбасы, Панфилов ауданынан – Еликбаевтар отбасы және Сарқан ауданынан – Нурпейісовтар отбасы өз бақтарын сынады.

Үш кезеңнен құралған байқаудың алғашқы бөлімінде жарасымды жанұялардың алдын ала дайындаған бейнероликтері көрсетілсе, екінші кезеңде әр әулет өздерінің отбасылық фотоальбомдарын қорғады. Ал шешуші кезеңде тапқыр отбасылар әділ қазы алқаларының қойған жағдаяттық сұрақтарына жауап берді. Облыстық байқауға қатысқан барлық отбасы  үздік атанып арнайы дипломдармен қатар 15 мың теңгелік сертификаттарға ие болды.

Қоғамдық келісім КММ директоры Марат Тайлақұлы бірлігі жарасқан отбасыларды  жеңістерімен құттықтап, ізгі шара келесі жылыда өз жалғасын табатынын айтты.

– Өнегелі отбасы – елдің тұтқасы! Жарасымды жанұя мен ізгілікті қасиеттерге толы әулет қашан да көпке үлгі болуы тиіс. Бүгін өздерін түрлі қырларынан көрсетіп, жеңіске жеткен барлық отбасыларды құтықтаймын. Осындай үлгілі отбасылар көбеюі үшін «Үздік отбасы» байқауын келер жылы да міндетті түрде  ұйымдастыратын боламыз, – деді М.Тайлақұлы.

Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласып, шығармашыл отбасылар  әннен шашу шашты.

Айдана СМАҒҰЛ


ПІКІР ЖАЗУ