Барыс жылы несімен есте қалды,  қоян жылы қолайлы бола ма?

0
1392

Күллі  мұсылман  қауымы  үшін жаңа  жыл басы наурызда басталады. Григориан күнтізбесі  бойынша барыс  жылы босағадан шығып, қоян жылы есік қағып тұр. Өткенге өкініш жоқ десек те қуанышы мен қайғысы қатар жүретін келте өмірде барыс жылы несімен есте қалды.

Айбаты мен қайраты сес көрсетіп тұратын бұл аңның тағылық мінезі бар. 12 жылда бір қайталанып тұратын барыс сақтардың ұғымында қасиетті аң болған. Қазақ жорамалдарында барыс жылы күрделі бетбұрыстар алдындағы тыныштық жылы болып саналған.  Ал, ежелгі түркі тайпалары мүшел есебін біздің жыл санауымыздан мың жылдай бұрын қолдана бастаған. Григорий күнтізбесі бойынша Барыс жылы 1998 жылдың 22 наурызы мен 1999 жылдың 21 наурыз аралығына келді. Және ол 2010, 2022, 2034  жылдары қайталанады. Оңтүстік-шығыс Азия  елдерінде Барыс жылын жолбарыс жылы деп те атайды. Барыс жылы халық түсінігінде жайлы жыл саналған. Ал тарихи деректерде барыс жылы соғыс басталып, ел көтеріліп, біраз адам құрбан болғанын көзімізде көрді. Біз барыс жылы мен қоян жылы туралы төмендегі ғалымдардың зерттеулерін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Өткен тарих беттерін парақтасақ, барыс жылы халықтың басынан бірқатар қиындық  өткен. Sputnik қазақстан тілшісі тарихшылардың пікіріне сүйеніп, бұған дейін барыс жылы қалай өткенін, халық дүниетанымында бұл жыл несімен ерекше екенін жазған-ды. Қазақша жыл қайыруда жыл санаудың негізіне мүшел алынады. Бір мүшел 12 жылдан тұрады. Жыл есебін жүргізу ерте кезде басталса керек, зерттеушілер мұны дінмен байланыстырмайды. Мүшел бойынша жыл санауда жылдың басы – тышқан. Одан әрі қарай сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз жылы аталады. Тіпті халық ұғымында әр жылға бір шумақ өлеңмен сипат та берген.

Тышқан жылы – тыныштық

Сиыр жылы – сыйлық

Барыс жылы – бірлік

Қоян жылы – қамбалы

Ұлу жылы – үлгілі

Жылан жылы – жайлы

Жылқы жылы – жұтсыз

Қой жылы – құтты

Мешін жылы – мерейлі

Тауық жылы – табысты

Ит жылы – игілік

Доңыз жылы – дүниелі деп, 12 жылдың қайталанып отыруын қазақ халқы  «жыл қайыру»  деп атаған.

Жиырмасыншы ғасырдан  бері қарай 1902, 1914, 1926, 1938, 1950, 1962, 1974, 1986, 1998,  2010,  2022  жылдардағы тарихи деректерге сүйенсек барыс жылы соғыс өрті тұтанған. Ол туралы тарих ғылымдарының докторы Болат Сайланның мына деректерін көлденең тартуға болады.

«1902 жыл қазақ халқында елеулі өзгерістер болды деп айта алмаймыз. Себебі ол кезде 20 ғасырдың басталған кезі, біз патшалық Ресейдің құрамында болдық. Ол кезде патша үкіметіне қарсы түрлі үйірме ашылып, күрестер басталды. Бұл жылды саяси ояну кезеңі деп атауға болады. Қазақтарда сауаттылық дамыды деп айтуға ерте, бірақ көзі ашық зиялы қауым білім алып, тәжірибе жинады. Сондай-ақ бұл жылды патшалық Ресейдің саясатына араласа бастау кезеңі деп атауға болады. Ал халық тек өзгеріс күтіп отырды», – дейді тарихшы.

1914 жыл – тарихта есте қалатын жыл, бұл дүниежүзілік соғыс басталған жыл. Ресей бұл соғысқа дайындықсыз кірісті. Қазақстан бұл соғысқа тікелей қатыспағанымен Ресей азық-түліктің барлығын Қазақстаннан алды. Түркістан өлкесінің өзінен 70 мың жылқы, 13 мың түйе жіберілген. Соғыста Ресейдің экономикалық жағдайын көтеру үшін көптеп жәрдем берді, халыққа ауыр тиді. Соның зардабы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне алып келді дейді.

Ғалымның айтуынша, 1926 жылдары қазақ халқы Кеңес үкіметінің құрсауына кіріп, большевиктердің жетегінде кетті. Бұл жыл 1921 жылдармен салыстырғанда қазақ халқының еңсесі көтерілген кезең болды. Себебі Ленин бастаған большевиктер жаңа экономикалық саясат қабылдап, азық-түлік салғыртын салыққа алмастырып, шаруаларға еркіндік берген. Қазақстанның егістік жері ұлғайып, мал басы көбейген. Сонымен қатар сауатсыздыққа қарсы күрес, әйел теңдігі мәселесі де осы жылдары көтерілді.

«Келесі барыс жылы 1938 жылы болған. 1937-1938 жылдар  –  қазақ тарихындағы қаралы жылдар. Өйткені Сталин бастаған әкімшіл-әміршіл жүйе өзінің репрессия саясатын жүргізді. 1938 жылы қазақ халқының  ішінен  шыққан қаймақтары репрессия құрбаны болып кетті. Бұл қазақ халқының үрейленген, қамауға алынған жылдар ретінде тарихта қалды. Сондай-ақ олардың түрмеге тоғытылып,  лагерлердің жүйелі жұмыс істеген жылдары», –  дейді Болат Сайлан.

Араға 12 жыл салып қайта келген барыс жылы 1950  жылға түседі. Бұл Сталин билігінің соңғы жылдары. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі шығынның орнын толтыру жылдары ретінде белгілі.

«Екінші дүниежүзілік соғыс орасан зор шығын алып келді. Елуінші жылдар – ауыл шаруашылығын қайта қалпына келтіру жылдары. Қазақ халқы соғыста қираған қала, колхоз, совхоздарды қайта тұрғызу үшін жатпай-тұрмай еңбек еткен, халық шаруашылығы үшін күрескен», – дейді тарихшы.

Ал 1962 жыл қазақ халқына оңай бола қойған жоқ. Бұл жыл қазақ халқының біраз жерінен айырылып қалуымен тарихта қалды. Хрущев қазақ жерін талан-таражға салу үшін күрес жүргізді. Соның салдарынан Оңтүстік Қазақстанның біраз аймағы Өзбекстанға өтіп кетті.

1974 жыл тоқырау уақыты деп саналады, бұл жылдары қазақ тарихында аса маңызды өзгерістер болмағанын тілге тиек еткен ғалым:

«1986 жыл – Желтоқсан оқиғасы болған жыл, биыл 36 жыл болды. Колбин билікке келгенге дейін біраз мәселе қордаланып қалған еді, оның ішінде экологиялық, әлеуметтік-экономикалық тоқырау, колхоз бен совхоздың шығынға батуы бар. Осының бәрі жиналып қалған кезеңде биліктегі адам ауысып, Желтоқсан көтерілісі болды. КСРО-ның іргесінің сөгілуіне алғашқы соққы болды деп атауға болады. Қазақ халқына тағы бір ауыр тигені – Желтоқсан оқиғасында қаншама адам құрбан болды, қаншама адам қуғынға ұшырады. Өйткені 99 адам сотталды, 12 жоғары оқу орнының ректоры қызметінен кетті,  қаншама жас оқуынан шығарылды, қаншама адам партия қатарынан шығарылды. Бұл қазақ халқы үшін мұңды жыл», – дейді ол.

Одан кейінгі барыс жылы Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде келді.

«1998 жылдары Қазақстан нарықтық экономикаға бет бұрған мемлекет ретінде танылды. Дәл осы жылы Қазақстан ордасы Сарыарқаның төріне қонды. Жаңа астанамен жаңа өмірдің басталған кезеңі. Ал одан кейінгі барыс жылы 2010 жыл келеді екен. Бұл жылдың ең елеулі оқиғасы Қазақстан Тәуелсіздік алғанына 20 жыл толмаса да, әлемге таныла бастаған мемлекет болды. Қазақстан ТМД мемлекеттері ішінде алғаш болып Еуропалық қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының саммитін өткізуге төрағалық етті», – дейді Болат Сайлан.

2022 жыл қазақстандықтар үшін есте қаларлықтай жыл болды. Өйткені биыл түрлі оқиға болып, Қазақстанның түкпір-түкпірінде төтенше жағдай режимі жарияланды. 2022 жылдың басты оқиғасы қаңтар қасіреті болды десек артық емес. Жаңа жылдан кейінгі жаппай тәртіпсіздік көгілдір отынға байланысты мәселеден шыққан еді.  5 қаңтарда Үкімет отставкаға кетті, Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары, сұйытылған газ, бензин және дизель отынының бағасына мемлекеттік реттеу енгізілді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың 4 мамырдағы елдің жаңа өңірлерін құру туралы Жарлығы ресми түрде 8 маусымнан бастап күшіне енген болатын. Соған сәйкес, жаңа об-лыстар пайда болғаннан кейін ел әкімшілік түрде 20 аумаққа бөлінетіні белгілі болды, яғни 17 облыс және республикалық маңызы бар үш қала.

Биылғы ел күтпеген оқиғаның бірі сайлау болды. Күзде Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынған болатын. 20 қарашада Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтті. Бұл сайлауда алты кандидат болды.

22 қарашада Орталық сайлау комиссиясының отырысында Қазақстан президенті сайлауының ресми қорытындылары жарияланды.

Осылайша, Тоқаев кезектен тыс Президент сайлауында жеңіске жетті. 26 қарашада Президентті ұлықтау рәсімі өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстан халқына ант берді.

12  желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысты. Отырыста Мемлекет басшысы бірнеше мәселе көтерді. Соның ішінде шенеуніктерге ескерту жасап, келесі жыл қазіргіден де күрделі, қиын болуы әбден  мүмкін деп болжады. Ал премьер-министр Әлихан Смайылов министрлердің алдында жаңа жылда үлкен міндет тұрғанын айтып, қолдарынан келмесе, орындарын босату керегін мәлімдеді.

Тарихшының айтуынша, барыс жылы Қазақстан тәуелсіздік алғалы жаман өтіп жатқан жоқ. Қазақстан барыс жылында барыс секілді күрескерлігінің арқасында көздегеніне жетіп жатыр.

«Кеңестік кезеңде билік тізгіні өз қолымызда болмағандықтан, барыс жылының барлығы дерлік жақсы өтті деп айта алмаймын. Өйткені көптеген қиындық болды, қаншама қуғындау бастан өтті. Өз алдына мемлекет болмаған соң, сырттан басқарылғандықтан жылға, дәстүр, менталитетке қараған жоқ. Елді басқа тарап билегендіктен барыс жылында бәрінің басына бақыт қонды деу артық болады. Яғни, тарихи оқиғалар, елдің басынан өткен аумалы-төкпелі заман барыс, не сиыр жылы деп қараған жоқ», –  дейді тарихшы.

Барыс жылының қандай символдық мәні бар дегенге келсек, қазақ халқы және өзге де бірқатар халық үшін символдық мәні бар жыртқыш аң. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Мемлекет басшысы, Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаев «біз орта Азия мемлекеттері арасында «Барысқа айналамыз деген-ді. Бірақ қазба байлықтың үстінде отырып, Қазақстан экономикалық бағытта қарқынды дамып кете алмады. Оған басты себеп, елдегі жемқорлықтың және шағын ғана топтардың байып, қара халықтың күнкөрісі төмендеп, елдің басым бөлігі банктерге борышкер болып, белшесінен қарызға батуы, әлеуметтік саланың құлдырауы айғақ бола алады. Ашынған, күйінген халық 2022 – барыс жылы көтеріліске шығуға тура келді. Ал, бұл мақсатты теріс пайдаланып кеткендер өз мақсат-мүдделерін жүзеге асыруға жанталасты. Бұл барыс жылының зұлматы, қанды оқиғасы тарих бетінде «қаңтар қасіреті» деген атпен қалды.

Босағадан аттап кіргелі тұрған Қоян жылы несімен есте қаларын келер жылды қорытындылағанда айтатын боламыз. Жалпы қоян жылы қазақ үшін қандай жыл болғанын тарих парақтарынан ақтарсаңыз біраз мағлұматқа қанық боласыз.

Жылнамаға назар салсаңыз, қоян жылының да күнгей мен көлеңкесіне куә боласыз. 1723 жылы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл  Сұлама» тура осы қоян жылына тап келеді. Одан кейінгі 1867 жылғы қоян жылын қазақтар «жалпақ қоян жұты» деп атаған. Әсілі айналып келген қоян жылдарында жұт қайталанып отыр-ғанын тарихи деректерден көруге болады. 1879  жыл –  «үлкен қоян жұты», 1891 жыл  – «кіші қоян жұты», 1915 жыл – «тақыр қоян жұты» деп аталған. Көктен жаңбыр жаумай, қыста қалың қарға ұрынған шаруалардың малы қынадай қырылғанын ақын Майлықожа жырына арқау еткен. Кеңес дәуіріндегі 1963 жылғы қоян жылы да шаруашылық үшін ауыр  болған. Осы жылдар аралығында Қазақстанда мал басы көп қырылып, адам шығыны да болыпты. Бұдан бөлек, 1915 жыл Бірінші дүниежүзілік соғыстың екінші жылында, соғыс зардабынан  қазақ ауылдары көп ауыртпалыққа ұшыраған. Салықтың көлемі 15 есеге дейін өсіп, тіпті арнайы «соғыс салығы» енгізілген. Соғыстың алғашқы үш жылында бір ғана Түркістан өлкесінен майдан даласына 70 мың ат, 13 мың киіз үй «жылу» жиналған. Соғыс жылдарында қазақ шаруалары Қазақстанға әкелінген кірмелердің, қоныстанушылардың егінін орып, жерін жыртуға мәжбүр болған. 1927 жыл күштеп  ұжымдастыру, аштық орын алды.

Сәуірде Түркістан-Сібір (Түрксіб) темір жолының құрылысы басталды.

Желтоқсанда БКП(б) ХV съезінде ауыл шаруашылығын ұжымдастыру туралы шешім қабылданды. Голощекиннің басшылығымен белсенділер бұл міндетті жедел түрде жүзеге асыру үшін барын салды. Бұл науқан байлардың мүлкін тәркілеп, өздерін жер аударудың, 1932 жылғы адам айтқысыз аштықтың алғышарттарын жасап берді.

1939 жылғы аштықтың нәтижесіне қарағанда, Қазақстанда қазақтардың саны 2 миллион 313 мың адам деп есептеліп, ол барлық халықтың 38 пайызын құрады. 1926 жылы жүргізілген санақта қазақтардың саны 3 миллион 627 мыңға жетіп, ол жалпы халықтың 58 пайызын құраған болатын. Аштық пен босқыншылықтың салдарынан бар-жоғы 13 жылда қазақтар өсудің орнына керісінше 1 миллион 300 мыңға азайған. Осы жылдары Қазақстандағы қазақтардың үлесі 20 пайызға кемісе, орыстардың үлесі 20 пайыздан, 40 пайызға, яғни екі есеге артқан. 1987 жылы Желтоқсан ызғары, 1986 жылғы 17-18 желтоқсан күнгі Алматыдағы оқиғаға қатысушыларды жаппай жазалау шаралары басталды. Алаңда болған жүзге жуық азамат бас бостандығынан айыру,  ал, Қайрат  Рысқұлбеков  ату жазасына кесілді. Міне бұл қоян жылының көлеңке тұстары еді. Дәйім қоян жылы ауыртпалық жылдар болды десек, асыра сілтегеніміз болар еді. Жақсылығы мен жаманшылығы қабаттасқан әр жылдардың өзіндік тарихы бар. Әйтсе де босағадан шығып бара жатқан барыс жылы қазақтың көкірегін шерлендіріп бейбіт күнде боздақтар оққа ұшты. Табалдырықтан аттағалы тұрған қоян жылы берекелі де, мерекелі жыл болғай деп жақсы тілек тілейміз. Жаңа Қазақстанда әділеттілік орнап, ел ырысы талан-таражға түспей, жемқорлықтың жолы кесіліп, асты-үсті тұрған байлыққа толы жер қазынасы халыққа теңдей үлестіріліп, ел экономикасы қарыштаса, дербес мемлекеттің өнім өндіретін алып зауыттары құрылса, ауылшаруашылығы өркендесе, заманауи техникалармен жабдықталып, әскери күш-құрылымдар жетілдірілсе қараша қауымның басты арман тілегі де осы. Қоян жылынан күтеріміз мол. Нарық дейтін бәсекелестік дәуірде өзге мемлекеттермен иық тірестіріп, өнім өндіріп, оны экспорттайтын алып мемлекетке айналу үшін әділетті басшы жол бастау керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстанды» қалыптастырып, тамыр-таныстың тамырына балта шабып, әділетті қоғам жолында халықпен бірге боламын деген уәдесіне сеніп, қалың бұқара Президент сайлауында бір кісідей жұмылып дауыс берді. Енді сайлаушылар үдесінен шығу Президентке сын. Жаңа құрылған Жетісу облысы да келер қоян жылын берекелі табыстармен аяқтауға Алла нәсіп етсін.

А. БҰЛҒАҚОВ.


ПІКІР ЖАЗУ