Он бір айдың қорытындысы

0
318

Әр азамат мейлі ол мемлекеттік қызметкер, не кәсіпкер, не шаруа болсын тазалықты, адалдықты өзінен бастау керек. Сонда ғана қоғам ішектей бір-бірімен байланысқан жемқорлықтан және түрлі қылмыстан ада болады.

Бүкіл қоғам заң аясында тәртіпке бағынып, қылмыс атаулыдан арылу үшін Грузияны басқарған экс-президент Михаил Саакашвили сияқты қылмыс әлеміне түбегейлі реформа жасалу керек. Ол аз десеңіз, Халық қаһарманы батыр Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп айтып кеткен. Ал біздің қоғамда тәртіпті қадағалайды деген құқық қорғау органдарының өзі қылмысқа шатылып жүр. Оны абақтыға тоғытылып жатқан прокурор, сот, полиция, қауіпсіздік комитетінің лауазымды тұлғаларынан көруге болады. «Өзің дүмшесің  кімге тұтқа болғандайсың» демекші, мемлекеттік қызметтің тұтқасын ұстап тұрып, ант-су  ішіп, ақ жолдан адасқан мемлекеттік қызметкерлер жайлы жемқорлыққа қарсы қалың роман жазуға болады. Біз бәріне бірдей топырақ шашудан  аулақпыз, бес саусақ бірдей емес. Алайда халықтың бет айнасы кірлеп тұр. Кірлеткен де, жаман атқа қалған да мемлекеттік қызметкерлер. Өздері заңды қадағалап, бұрмалап, көз жұмбайлыққа барса, халықтың құқық қорғау органдарына деген сенімінің жоғалуына теріс әрекет жасаған  судья,  прокурор,  полиция, қауіпсіздік комитеті, одан қалса әкім-қаралар мен министрлер болса қалың бұқара кімге сенеді. Бұл бөлек әңгіме. Бұған алдағы мақалалардың бірінде толығырақ тоқталатын боламыз. Ескі жыл аяқталып келеді. «Ескі жылдың есіркеп тастағаны да шамалы. Жыл жаман емес, сол жылдарда ғұмыр кешкен пенделердің қолымен жасалған қылмыстар жаман. Барыс жылында балтырымыз сыздады, басымыз ауырды. Елдің мүддесінен гөрі өздерінің қара бастарының қамын күйттеген, бір әулетті ғана билеп төстеген, әміршіл жүйенің 30 жылғы менменшілдігі бас көтерген қалың бұқараны атып-шауып, қорқытып-үркітіп, елдің сөзін сөйлеген ерлерді түрмеге тоғытып, оққа байлап, билеп төстегенге шыдамаған қалың бұқара ақыры бас көтерді.  Ескі жүйенің жұлынын үзіп, қылмыскерлерді жазалауды «Жаңа Қазақстанның» тізгінін ұстаған Қасым-Жомарт Тоқаевтан табандап тұрып талап етті. Бұл босағадан шығып бара жатқан ескі жылдың жазылмас жарасы.

Жаңа жыл «қоян» жылы есік қағып тұр. Өткенге есеп беріп, атқарылған жұмыстарды түйіндейтін сәт туындады. Мақала арқауы қылмыс жайлы болғандықтан Алматы облыстық сотының 2022 жылдың 11 айының қорытындысын жариялауды жөн  көрдік. Азаматтық істер бойынша Алматы облысының аудандық және оған теңестірілген соттарында 21 922 азаматтық іс қаралып, оңың 12 601 ісі бойынша шешім шығарылған.

2059 азаматтық іс медиация тәртібімен, 82  іс бітімгершілік келісім жасауға байланысты және 5 іс партисипативтік тәртіппен тоқтатылған. Ең даулы істердің көбі осы азаматтық істерде болып жатады. Жер, баспана, мүлік бөлу, неке бұзу, мемлекеттік құрылымдар  мен  жеке азаматтар арасындағы дау-дамайдың барлығы осы азаматтық істерде қаралады. Жоғарыдағы көрсеткіштерге қарасақ, медиациялық тәсілмен және бітімгершілікпен келісім арқылы қаралған істердің сандық көрсеткіші төмен екенін аңғаруға болады. Демек қоғамдағы азаматтық дау-дамайлардың басымдығын әрі сотта қаралған сандық көрсеткішке қарап, ақиқатты іздеп сот табалдырығын тоздырып жүрген азаматтардың көптігін айтуға болады. Әсіресе мемлекеттік құрылымдар мен жеке азаматтар арасындағы дау-дамай бәсеңдемей тұрғанын, екі күннің бірінде көгілдір экран арқылы жер телімдеріне қатысты ұлардай шулаған халықты көресің. Бұл бір ғана Алматы облысына ғана тән құбылыс емес-ті. Республиканың барлық аймағында болып жатқан дау-дамайлар.

Қылмыстық істер бойынша есепті кезеңде 1431 адамға қатысты 1193 қылмыстық іс өндіріспен аяқталып, соның ішінде 1037 адамға қатысты  877 қылмыстық іс бойынша үкім шығарылды. 1030 адам сотталып, 7 адам ақталған. Қоғамның тыныштығын бұзып тұрған да осы қылмыскерлер. Бөтеннің мүлкіне көз аларту, бопсалау, адам қанын мойнына жүктеу, зорлық-зомбылық көрсету, мал және көлік ұрлығы толастамай тұр. Адам баласының қатыгезденіп кеткені соншалық, аяушылық сезімдері өшкен. Айтуға аузың бармайтын, өмірде оң-солын танып болмаған бүлдіршіндерге қол жүгірту, арсыздық әрекетін жүзеге асырған соң құрбандыққа шала салу, қатыгез қылмыскерлерге  адам өлтіру – шыбын өлтіргеннен оңай болып кетті.

Екі күннің бірінде еститінің жауыздық жасаған қылмыскерлердің әрекеті. Алматы облыстық сотының баспасөз өкілдерінің берген 11 айдағы қылмыстық істерінің көрсеткішіне қарап, ақпарат құралдарына сұрыптап бергені тайға таңба басқандай көрініп тұр.

Зорлық-зомбылыққа қатысты тхэквондо тренері өзі жаттықтырып жүрген шәкіртін зорлап, кінәсі дәлелденіп 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған. Еңбекшіқазақ ауданындағы Есік қаласында 4 жасар қыз зорланды. Бұл оқиға 13 сәуірде болған-ды. Аса ауыр қылмысты жасаған Қызылорда облысының 43 жастағы тумасы ұсталған болатын. Желтоқсан айының 17-де Талғар ауданының полицейлері Кеңдала ауылының шетінен такси жүргізушісін 37 жерден пышақтаған  Ж-есімді азаматты Алматы қаласындағы Сейфуллин көшесінде «Мега» сауда орталығы ғимаратына қарама-қарсы жерде тұтқындаған. Қылмыс жасаушылар арасында Қазақстанға жұмыс іздеп келген жалдамалылар да бірі қолын қанға малса, енді бірі мал ұрлығымен айналысқан. Мәселен, Өзбекстан азаматы 105 малды ұрлаған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында аталған шаруа қожалықта малшы болып жұмыс істеген Өзбекстан азаматы күдікті ретінде анықталып, ұсталған. Күдікті сеніп тапсырылған 80 бас малды жүк көліктерін жалдап, көршілес Жамбыл облысының Шу қаласындағы мал базарында 78  басын 3 276  000 теңгеге саудалаған. Еңбекшіқазақ ауданы Ақбастау ауылында ер адам әйелін атып өлтірген. Бұл қараша айында болған оқиға. Міне, қылмыстық оқиғалардың желісіне қарап отырып, денең тітіркенеді, үрейің ұшады. Адам баласының қатыгезденіп бара жатқаны жаныңды ауыртады.

Мұндай қылмыстардың республиканың барлық аймағынан көрініс тапқанын ойға алудың өзі қорқыныш.

Статистикалық деректерге сәйкес, 2022 жыл 11 айында облыс соттары 1286 әкімшілік іс қаралып, 336 іс бойынша шешім шығарылған. Ал, әкімшілік құқық бұзушылыққа қатысты есепті кезеңде 12 178 адамға қатысты 12 172 әкімшілік құқық бұзушылық іс қаралған. Бұл он бір айдың қорытындысы, он екі айды толық есептегенде жоғарыдағы көрсеткіштер саны артатыны анық. Қоғамдағы әділетсіздікке тиісті баға беріп, жазалайтын да сот. Кез келген шешімін таппаған дау-дамай мен ауыр және орта дәрежедегі қылмыстарға нүкте қоятын да сот жүйесі. Күдікті деп қамалып, соттан ақталып шығып жатқандар да бар.  Қоғамның  бір тарапы сотқа  сенсе, екінші тарап әділдік болмады деп жатады. Бұл заңды құбылыс. Әйтседе, сот жүйесіне жиі-жиі реформалар жасалуда. Алайда сот жүйесіндегі ішкі тәртіптің өзі әлі күнге бір қалыпқа түспей келеді. Оған басты мысал судьялардың өзі жемқорлықпен шатылып жатуы. Жақында ғана Президент жарлығымен жоғары соттың төрағасына жаңа басшы тағайындалды. Бұқара халықтың сотқа деген сенімі жоғалмаса «Әділетті Қазақстан» құрамыз деген мемлекет басшысы сот саласына әлі де реформалар жасар.

Айтақын  МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ