Спорт саласының үздіктері анықталды

0
1845

Биыл Жетісу облысының спортшылары үшін сәтті жыл болды. Өңір азаматтары түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып,  2280 -нен аса медаль жеңіп алды, оның 778-і  алтын. Жерлестеріміздің жетістіктері аймақтық спортшылардың бас қосқан қорытынды жиынында айтылды.

Мерекелік отырыста үздік өнерімен көзге түскен атлеттер мен олардың жаттықтырушыларына құрмет көрсетіліп, бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Аймақ  атлеттері биыл жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Жетісу жеке облыс болғалы алты  ай ішінде  жерлестеріміздің 17-сі  халықаралық дәрежедегі, 87-сі спорт шебері атанды.

Шараны салтанатты түрде ашқан облыс әкімінің орынбасары Рустам Али Жетісудың мақтанышына айналған, ел мерейін үстем етіп жүрген спортшыларға алғысын білдірді. Спорт саласына еңбегі сіңген азаматтарды төсбелгілермен және Алғыс хаттармен марапаттады.

Мәдениет және спорт министрлігінің  «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісін грек-рим күресінен елімізге еңбегін сіңірген жаттықтырушы, «Даулет-Жаркент» кәсіпқой спорт клубының директоры Агимов  Құдайберген  Құрманғалиұлы иеленді. Жетісу облысының «Спорт саласының үздігі» төсбелгісін «Намыс» спортты дамыту дирекциясының директоры Сүйеніш Ермек Сүйенішұлы және футболдан облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Абдрахманов Қайрат Меліұлы алды. Ал, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен Текелі қаласының олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен  жасөспірімдер мектебінің директоры Тұрсынбаев Мұхит Тұрсынбайұлы және «Өркен» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Мамыров Ұлан Әділжанұлы марапатталды.

Сондай-ақ  Жетісу облысының  «Үздік спорт қызметкері» төсбелгісі  мүгедектерге арналған облыстық мамандандырылған спорт мектебінің директоры Бақтыбаев Ерлан Шәкіртұлына берілді. Жетісу облысының «Құрметті спорт ардагері» атағымен жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, спорт ардагері – Биебай Тлемисов иеленді.

Сонымен қатар Әлем және Азия чемпионаттарында көк туымызды асқақтатқан жеңімпаздар мен жүлдегерлер 1 миллион, 300 мың, 200 мың теңге көлемінде ақшалай сертификаттармен марапатталды.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»

 


ПІКІР ЖАЗУ