Журналист мәртебесі көтеріледі

0
384

Астанадағы «Қазмедиа» орталығында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі өткен жылды қорытындылап,  алдағы мақсат-межесін таныстырды. 

Жиында сөз алған ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі БАҚ туралы заңнаманы жетілдіру, талқыға салу жұмысы қалай жүріп жатқаны туралы  баяндады. Айтуынша, БАҚ туралы жаңа Заң жобасында оң өзгеріс көп. Мұнда журналистердің мәртебесін белгілеу, тұрғын үймен қамту, жалақысын көтеру, тілшілердің жұмысына кедергі келтірмеу секілді маңызды тақырыптар қамтылып, қазіргі журналистика мәселелерінің шешімі көрсетілген.

Сондай-ақ  баяндамада  онлайн  платформалар мен интернеттегі жарнама қызметі, жалған ақпараттарға тосқауыл қою, әлеуметтік желідегі сананы улайтын жазбалардың жолын кесу туралы  айтылды. Телеарналарда жеңіл, рейтинг қуған жобаларды тоқтатуды, орнына тағылымдық бағдарламаларды көбейтуді ұсынды. Рейтингке жұмыс істейтін телебағдарламаларға қыруар қаржы жұмсалады. Министр қаражатты шашау шығармай жұмыс істеу керектігін, өйткені, бұл халықтың ақшасы екенін қаперге салды.

Жаңа заң жобасының артықшылықтары туралы айтқан министр: «Заң аясында журналистердің мәртебесін көтеру, мемлекеттік ақпараттық саясатты қаржыландыру тетіктерін реформалау, өзін-өзі реттеу институттарын дамыту, телерадио хабарларын тарату саласындағы трендтерді өзгерту жоспарланған. Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері туралы заңға түзетулер әзірленді. Ұсынылған өзгерістер азаматтардың ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектейтін мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейтеді. Ақпараттық доктрина талқылаудан өтті, сондай-ақ, ақпарат саласын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын дайындауға кірістік», – деді.

Алқа отырысында дін, теолог мамандардың  тапшылығы, азаматтық қоғам құру, онлайн  петиция  ұйымдастыру тетіктері, журналистердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, медиа мен ұлттық қауіпсіздіктің байланысы, жастар саясаты, қоғамдық кеңес жұмысы тақырыбында маңызды мәселелер көтеріліп, қатысушылар тарапынан тың ойпікір, ұсыныстар айтылды.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ