Қоқыс  – қалауын тапса, кіріс әкеледі

0
471

Қоқысты сұрыптап, қайта өңдеу шарасы бойынша талдықорғандық эко-ерікті  Ғазиз Аманжолұлы  екі жылдан бері өз үйінде игі бастаманы іске асырып келеді.

Тұрғылықты мекен-жайындағы үйінде целлофан, қағаз, металл, тұрмыстық қалдықтар және пластик бұйымдарын бөшкеге бөлек сұрыптап жинау – барша тұтынушыларға аталған істен үлгі алуға шақырады.

Эковолонтердың айтуынша сұрыпталған қоқыс-шикізатты қабылдап алушы компанияларға өткізіп, түскен қаржыны қайырымдылық қорларына аударуда.

«Бұл бастама бір оқпен екі қоянды атқандай. Үйден шыққан макулатура, пластик, целлофандарын сұрыптап, бөшке толған кезде арнайы мекемелер келіп, килограммдап өлшеп, менен сатып алады. Ал түскен қаржыны мен қайырымдылық қорларына тікелей жіберемін. Бір келгенде орташа есеппен 2000 теңгедей болады. Әкем тасымалдаушы кәсіппен айналысқандықтан, көлік ішінен күнделікті жолаушылардан қалған кемінде 5-6 пластик бутылкасы жиналып, бөшкелер тез толады. Сонымен  қатар  денсаулыққа  қауіпті  саналатын шамдар мен батареяларды да бөлек сұрыптап, арнайы контейнерлерге тастаймын. Осы іспен экологияға да өз үлесімді қосамын, қайырымдылықты да назарымнан тастамаймын»  –  деген ерікті барша азаматты  пайдалы іске шақырып отыр.

Жалпы ел аумағында ғана емес, табиғаттың қоқыспен ластануы барлық мемлекеттің жерлеріне үлкен зардап тигізуде. Жанған қоқыстар улы химикаттар бөліп, адам денсаулығының асқынуына бірден бір себеп болып отыр.

Өкінішке орай, адамдар қоқысты сұрыптау мәдениетінен әлі де алшақтау болып тұр, керісінше қоқысты целлофанға салып тастай салу немесе жолда кетіп бара жатып, кез келген жерге лақтыра салу сынды жағдайлар азаймай тұр. Сондықтан табиғат таза болса, адамзаттың денсаулығы да сау болатынын естен шығармай, қоршаған ортаны ластаудан сақ болайық.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ


ПІКІР ЖАЗУ