Бағындырар белестер, келешекке жоспар

0
296

Талдықорған – өркендеп, өсіп келетін болашағы жарқын қала. Қазіргі таңда облыс орталығында барлық бағытта жемісті жұмыстар атқарылуда.  Қаланың бүгінгі тыныс-тіршілігі, жетістігі мен межеленген міндеттері  туралы  өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте Талдықорған қаласының әкімі Әсет Масабаев  баян етті.

«Талдықорған қаласы: бағындырған белестер, келешекке жоспар» атты тақырыпта өткен кездесуде Әсет Дүйсебекұлы 2022 жылғы баспана, инженерлік инфрақұрылым, электр жүйелері, абаттандыру және жол жөндеу жұмыстары мен өзге де өзекті мәселелер бойынша атқарылған істердің нәтижелерімен таныстырып, алдағы жылы жүзеге асуы тиіс жоспарларымен бөлісті.

Алдымен ел  көкейіндегі күрмеуі шешілмей келетін баспана мәселесіне тоқталды.

 – Бүгінгі күні облыс орталығында баспаналы боламын деп үміттенген 15 мыңға жуық адам пәтер кезегінде тұр. Баспаналы болуды армандап жүрген қала тұрғындарына көп ұзамай жаңа пәтерлердің кілтін табыстайтын боламыз. Нақтырақ айтсақ, осы жылдың маусым айында 1000-нан астам талдықорғандық баспаналы болады. Олардың жартысына жеке құрылыс компаниялары есебінен салынған 275 пәтерлі 6 көпқабатты тұрғын үй пәтерлерінің кілі табыс етіледі. Сондай-ақ ағымдағы жылы 9-шағын ауданда 218 пәтерлі 6 үйдің құрылысы басталып, Әлімжанов көшесіндегі 60 пәтерлі екі тұрғын үй қолданысқа беріледі, – деген қала әкімі жаңа  баспаналардағы  жылыту  жүйелері  туралы да айтты.

Жылыту маусымы басталғалы жылу жүйелеріне қатысты көптеген арыз түсті. Оның басты себебі мердігерлер іске қосқан жылыту жүйелерінің жұмысының нашарлығы болып отыр. Мәселен, «Болашақ» шағын ауданының №12,13,14 тұрғын үйлерінің жылыту жүйелері бітелген, осы себептен жылу тоғызыншы қабаттан жоғары көтеріле алмаған. Дегенмен мәселеге қатысты барлық арыздар уақытылы қаралып, 23 көпқабатты үйде орын алған ақаулар жөнделді.

Оған қоса «Бірлік» шағын ауданында іске қосылған екі тұрғын үйде қараша айында техникалық қабатта ыстық су краны істен шығып, 9 пәтерді су басты. Бұл ақауды мердігер  компания кепілдік  міндеттемісі  есебінен  өзі қалпына келтіріп, жөндеу жұмыстарын жүргізді. 2022  жылы қала бойынша құрылыс нормаларын бұзғаны үшін 3 мердігер компанияға 2,5 млн. теңге қаражат көлемінде әкімшілік салық салынып, «Лидер НК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі лицензиясынан біржола айырылды,– деді шаһар басшысы.

Әкім сөзінше, қалада  көгілдір отынға қосылу жұмыстары да кауырт жүргізілуде. 2023 жылдың аяғына дейін 69,3 шақырым газ құбыры тартылып, қала маңындағы саяжайлар да көгілдір отынмен қамтамасыз етілмек. 2022 жылдың қыркүйегінде басталған Үйтас саяжайына газ құбырларын тарту жұмыстары биыл аяқталып, екі мыңнан астам тұрғын көгілдір отынға қол жеткізеді. Сонымен қатар наурыз айында 8-шағын аудандағы газ құбырын тарту жұмыстары аяқталып, 16 тұрғын үй көгілдір отынға қосылуға мүмкіндік алады.

Дей тұрғанмен қалада  әлі күнге дейін көгілдір отынмен қамтылмаған 4 мыңға жуық тұрғын үй секторлары бар. Атап айтсақ,  Қаратал, Қызылтас, Мерекелік, Балықты, Сарыбұлақ, Алмалы, Ащыбұлақ, 1-бөлім саяжай қауымдастықтары. Бұл учаскелерге газ тарту бойынша жобалау жұмыстары биыл басталады. Сонымен қатар қала әкімі өңірдегі көгілдір отынға қосылу құнының қымбаттағанына шағымданған халықтың талап тілектері қаралып, газ қосу жұмыстарын қолжетімді ету үшін «Жетісу Газ Сервис» КММ мен арнайы келісімшартқа отыру жұмыстары атқарылып жатқанын да айтып өтті.

Тағы бір аса маңызды мәселе – халықтың таза ауыз сумен қамтылуы. Ағымдағы жылы қала бойынша 85,2 км сумен жабдықтау және су бұру желілерін салу жоспарланған. Қала әкімінің айтуынша өткен жылы Ащыбұлақ саяжайында сумен жабдықтау желілерінің жұмысы толығымен аяқталып, 700-ге жуық тұрғын таза сумен  қамтамасыз етілген. Биыл жоба бойынша 141 көшеде ұзындығы 71 км су және кәріз желілері салынып, Ұлан әскери қалашығында, Жастар 1 және Еркін ауылында реконструкциялау жұмыстары қолға алынбақ. Сонымен қатар, наурыз айында Қызыл тас және Қаратал саяжайының 6 мыңға жуық тұрғыны таза ауыз суға қол жеткізбек.

Жиында талай жыл шешімін таппай келетін жол мәселесі де айтылды. Биылғы жылы Талдықорған жолдарының 82 пайызы қанағаттанарлық жағдайға жеткен. 2022 жылы облыс орталығының 45,4 шақырымы жөнделіп, қаланың 20 көшесінде 10,5 км жаңа жол салынған. Дегенмен қала әкімі кейбір мердігер ұйымдардың жұмысқа салғырт қарағандарының кесірінен жоспардан артта қалушылықтың бар екендігінде жасырмады.

Баяндамада белгілі болғанындай,  көлік жүргізушілерінің жол ережелерін сақтауын қамтамасыз етіп, жолдағы қауіпсіздік мәселесін қадағалауда 5 көшеде:  Балпық би – Жансүгіров, Үштөбе тас жолының Батыс бөлігі мен Алматы тас жолына шыға берісте, Жансүгіров көшесіндегі Политехникалық колледж жанында және Біржан сал  мен Гаухар ана көшелерінің қиылыстарында «Сергек» бейнебақылау камералары орнатылған. Биыл арнайы құрылған комиссия мүшелері жол-көлік оқиғаларының жиі тіркелетінін алдыға тартып, қауіпті жол учаскелеріне қосымша 30 «Сергек» камерасын,100 жалпы бақылау камераларын және 25 жылдамдықты қадағалауға арналған бейнекамералар орнату керек деп шешіпті.

Сонымен қатар қала әкімі коммерциялық мақсаттағы пайдаланылмаған жерлер туралы да айтты. Оның сөзінше, қаланың оңтүстік-батыс бөлігінде 1997-2021 жылдар аралығында қолданысқа беріліп, игерілмеген 110 жер телімі анықталған. Мұндай заң бұзушылықтарға қатысты тиісті шара қабылдауда ақпаратты облыстық жер ресурстарын басқару департаментіне жолдаған. Алдағы уақытта меншік мемлекетке қайтарылса,  бос жерлерді тиімді пайдалану үшін дайын жобалардың да бар екені тілге тиек етілді.

Журналистермен кездесуде Әсет Масабаев қаланың  абаттандыру жұмысы туралы да айтты.

 –  Қаладағы барлық саябақ  пен  скверлерде автоматты суару жүйесі мен воркаут аймағын салу, орындықтар мен маф орнату, жасыл желектерді отырғызу жұмыстары қарастырылды. Сондай-ақ, ауылдық округтер де назардан тыс қалмайды. Жыл соңына дейін Еңбек ауылында шағын футбол алаңы мен балалар алаңқайы салынады. Ал, Өтенай ауылында жұмыс істеп тұрған шағын футбол алаңына жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жастар-2 шағын ауданында 330 шаршы метр аумақты құрайтын 380 орындық жаңа мешіт салынады. Облыс орталығында 1,3 гектар аумақты құрайтын Мұз алаңының құрылысы басталып, жоспарға сәйкес 2023 жылдың шілде айында аяқталады. Одан бөлек, Волейбол кешенінің құрылысының жобасы жасалуда. Кешен 6-шағын ауданда 1,2 гектар аумақ жерді қамтымақ, — деді  ол.

Сонымен қатар «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында қалада 4 жаңа мектеп құрылысы жоспарланған, олар Жастар-2 шағын ауданы, Көктал, Батыс шағын ауданы мен қаланың Шығыс бөлігінде орналасады. Жаңа мектептердің құрылысы қаланың өзге мектептерінің жүктемесін азайтып, оқушыларға сапалы білім алуға мүмкіндік беруге бағытталады.

Сөз соңында қала әкімі  облыс орталығы Талдықорған қаласының өсіп-өркендеуі үшін барлық бағытта жұмыс жасалып,  олқылықтардың алдын алатынын айтты.

А. МОЛДАЛІМ.


ПІКІР ЖАЗУ