Ауыз судан тарыққан ауыл

0
298

Жетісу облысындағы Сарыөзек  елді мекенінің  тұрғындары ауыз су тапшылығын  тартып  отыр. Өңірде  күн  суытысымен жүйелер қатып, құбырларды  жібітуге  мәжбүр. Суы бар үйдің өзінде қысымы тым төмен, сыздықтап әрең ағатын көрінеді. Жалпы су проблемасы сарыөзектіктер үшін қаншама жылдан бері шешілмей келетін үлкен мәселе.

Тұрғындар бір сағатқа ғана келетін суды алып үлгермейтінін айтады. Тіпті, ол кейбір үйлерде мүлдем жоқ. Ал киім-кешек жуғанға  даладағы қарды ерітіп қолданып отыр. Судың  зардабы  өткен  ел  оны үнемдеп тұтынуға мәжбүр…

Тоғыз жолдың торабында  орналасқан  кентте 4  су жинау  қоймасы бар. Сала мамандары оның мөлшері жеткілікті екенін айтады. Бірақ су сорғыш қондырғылары тым ескі болғандықтан, жиі бұзылып тұрады, ал оны жөндеуге 5-6 күн уақыт кетеді. Сол себепті өшіруге тура келеді екен.

Қыстың күні қырауда су тапшылығы мал-жанға бірдей қиын тиген тұрғындар жергілікті атқарушы билік өкілдеріне осы мәселені түбегейлі шешіп беруін сұрайды.

Аудан әкімі Қанат Есболатов 2008  жылы орталық  құбыр жүйесін толығымен ауыстырғанын, бірақ, сапасы сын көтермейтіні айтады. Оның сөзінше, су құбырына ескі трубалар салынған. Жауапты мамандар мұнда  жұқа  қондырғыларды орнатып кеткен. Ескірген құбырлар бірінен кейін бірі жарылып жатқандықтан  халыққа су бере алмай жатқан көрінеді.

Ауылдағы құбырдың жалпы ұзындығы 87 шақырым болса, аудан басшылығы 2025 жылға дейін  73  шақырымы  толық ауыстырылатындығын  айтады. Ал биыл су  жинау қоймасындағы сорғыш қондырғыларды жаңартпақ. 

 Аймақта 14  мыңнан  астам  адам тұрады. Қазір аудан орталығындағы жұрттың  жартысынан көбі ішетін су таппай, оны таситын көлікті баласын күткендей, сарыла тосумен келеді…. Бұл мәселенің толыққанды   шешілуі үшін  билік  өкілдері жауапты  мамандарды  жұмылдырып,  істі аяқсыз қалдырмауда үнсіз қалмаулары тиіс. 

 А.БЕЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ.

 

 


ПІКІР ЖАЗУ