Есірткі саудасы екпіндеп тұр

0
369

Адамзаттың есін алған есірткі тасу мен сату тиылмай тұр. Жастың да, жасамыстың да санасын  улап жатқан улы зат әлем елдерінің мазасын алуда.  Есірткіге еліткендердің өмірлері күл-талқан болып, өздері  де адам  санатынан шығып қалуда. Әу баста қызығушылықпен дәніккендер бара-бара өздерін өздері тежей алмай үйдегі дүние-мүлкін сатып, одан қалса қылмысқа баруда. Емдегені емделіп, ем-дом қонбағандары жынды көбелектей шыр айналып, есірткіден естерін жия алмай жүр. Ал мұнымен сауда көзін жасағандар пайда табудың басты құралына айналдырып алған. Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезімізде (кеңестік дәуір ғой) «Апиын алтыннан да қымбат» деген фильм көріп едік. Апиын бұл да есірткінің аса қымбат түрі. Бір кездері Ауғанстанда кеңінен өсірілген. Фильмде оны тасымалдаушылармен кеңестік полицейлердің күресі туралы баяндалады. Одан кейінгі Италияның «Спрут» деген жемқорлармен байланысты киносында да осы есірткі өнімінің бір ұшығы көрініс тапқан.

Бұл кесапаттың адам денсаулығына аса зиянды екенін біле тұра бүгінгі қоғамда оған тәуелділердің қатары сиреп тұрған жоқ. Есірткімен күресті Мемлекет басшысы болып қолға алып, полиция және Қауіпсіздік комитетінде  арнайы бөлімдер жұмыс жасайды. Алайда жылдан-жылға етек алып бара жатқан бұл қылмыстың жолын кесу де оңай болып тұрған жоқ. Жақында  Жетісу облысында «Ұлттық ұлан» сарбаздары мен кинологтар Талдықорған қаласының 45 жастағы тұрғынын ұстаған. Ол «Болашақ» шағын ауданындағы өзінің пәтерін есірткі саудасына айналдырған. Бұл қолға түскені. Ал түспей көлеңкеде жүрген қанша нашақор  және оны саудалаушы барын бір құдай білсін.

Қолына кісен салынған азамат шамамен 14 грамм марихуананы сату кезінде тұтылған. Күдіктінің тұрғылықты жерін тінту кезінде синтетикалық есірткіге жататын 83 грамм  пирролидин  табылған. Сондай-ақ полицейлер одан атыс және травматикалық қарудың оқ-дәрілерін тәркілеген. Бұл қырық бес жастағы азамат болса, тағы бір 24 жастағы қала тұрғыны синтетикалық есірткімен ұсталған. Бұл күдіктіден 1,46 грамм болатын «а-ПВП пирролидин» синтетикалық есірткінің бірнеше дозасын тапқан. Түр-түрге бөлінетін улы өнімнің неше түрлі атаулары бар. Марихуана деп аталатын түрімен Талдықорған қаласында күдікті ұсталған. Бұл күдікті есірткі партиясын  сатумен айналысқан көрінеді. 30 жастағы азамат Алматының тұрғыны болып шыққан. Арнайы операция кезінде тұтылған азаматтың сөмкесінен 44 сіріңке қорабына оралған марихуана табылған. «Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 125,35 грамм құрайды», – дейді Ішкі істер органдарының арнайы хабарламасында.

Өткен жылы Талдықорған қаласында пәтерін есірткі жасайтын фито-зертханаға айналдырған 34 жасар азамат қолға түскен. Ол өз лабораториясында жарық шамдарының астында бақша құмыраларына 10 түп марихуана отырғызған. Зертхана  көпқабатты үйдің екінші қабатында орналасқан. Күдікті ер адам бұрын жауапқа тартылмаған. Пәтердің тағы бір бөлмесін тінту кезінде тәртіп сақшылары белгісіз саңырауқұлақтарды тапты. Саңырауқұлақтар тәркіленіп, олардың құрамында есірткі барын анықтау үшін сараптамаға жіберілген. Жыл басынан бері өңірде құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсірудің 10 фактісі тіркеліп, 20-дан астам есірткі сатушы жауапқа тартылып, заңсыз айналымнан 40 келіге жуық түрлі есірткі тәркіленді.

Өткен жылы облыстық Есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері өздеріне жүктелген арнайы операция кезінде 49 жастағы Талдықорған тұрғынын құрықтаған болатын. Ол синтетикалық есірткі сатумен айналысқан. Күдікті есірткінің  біршама  дозасын өткізу кезінде қылмыс үстінде қолға түскен. Аталмыш азаматтың тұрғылықты жерін тінту барысында полиция қызметкерлері синтетикалық есірткінің 5 пакетін тапқан. Бұл қылмыскер бұған дейінде осы сипаттағы қылмысы үшін істі болған.  Ол 2016 жылы есірткі сатуға байланысты құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылып, жазасын түзеу мекемесінде өтеген. Алайда түзеу мекемесінен оралған соң баяғы әдетіне қайта басқан. Жетісу облысында заңсыз айналымнан 28 келі түрлі есірткі, оның ішінде 3 кг синтетика тәркіленіп,  22 есірткі сатушы ұсталған.

Сондай-ақ  есірткі  жарнамалайтын 1 600-дей электронды сайт бұғатталған. Бұл туралы ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов  айтқанын ҚазАқпарат тілшісі хабарлаған болатын. Өткен жылдың 11 қарашадағы мәліметі бойынша есірткі саудасы бойынша жыл басынан бері  2500-ге  жуық  қылмыс анықталған. Есірткі мен нашақорлық бүгінгі таңда шекара талғамайтын жағдайға жеткен. Бұрын өнерде шекара жоқ деуші едік. Енді есірткіде шекара болмай тұр. Қазақстанда есірткі ахуалына 3 негізгі қауіп барын өткен жылы  ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов айтқан-ды. Оның біріншісі, Орталық Азия, Қазақстан, Ресей әрі қарай Еуропа елдеріне қарай жүретін есірткінің трафигін тасымалдау.

Екіншісі, кең таралып отырған синтетикалық есірткінің түрлері. Ал үшіншісі мемлекет ішіндегі шикізаты көп есірткінің канабис түрінен жасалынатын марихуана секілді түрлері барын мәлімдеген.  Полицейлердің айтуынша, жыл басынан бері құқық қорғау органдары мен арнайы құзырлы органдар 2500-ге жуық қылмысты анықтаған. Оның 60%-ы сатумен байланысты болса,  2168 қылмыс ішкі істер министрлігінің үлесінде болған. Жалпы  көлемі 12,7 тонна есірткі тәркіленген. Жеке айтар болсақ, героин  – 33 кг, апиын – 68 кг, синтетикалық түрлері – 507 кг, гашиш  – 705 кг, марихуана  –  4 тоннадай тәркіленіп, 4 қылмыстық топтың белсенділігі тоқтатылып, 32 белсенді адам құрықталып, 13 адамға ауыр есірткі түрлері бойынша  қылмыстық  іс қозғалған. Осы айғақтардың өзі Қазақстанда есірткі таратушылар және оны өсірушілер жаңбырдан кейін қаулаған саңырауқұлақтай қаулап тұрғанын байқауға болады.

Бұл әсіресе, жасөспірімдердің санасын улап, теріс жолға түсіп кетуіне аса қауіпті. Құқық қорғау органдары арнайы есірткімен күрес бөлімдері білек сыбана күресіп жатса да, бір басын шапсаң екінші, үшінші басы сопаң етіп шыға келетін жеті басты айдаһардай жұмыртқалап жатқан есірткі қылмысын тежеу оңайға түсіп тұрмағанын аңғаруға болады. Бұндай ауыр қылмыстар қоғамдағы адамзат өміріне зор қауіп қана тудырып қоймай, мемлекеттің де өсіп-өркендеуіне үлкен кедергі жасайды. Мұны бір ғана құқық қорғау органдарына итеріп қоймай, мұнымен халық болып күресу қажет.

Себеп, қазіргі үлкен қалаларда, түнгі клубтарда құмырсқадай өріп жүрген жастардың осы кесепатқа ұрынып қалмауын қадағалау аса қажет. Қадағаланып та жатыр. «Оң көзің, сол көзіңе қарауыл болсын» десек, есірткінің синтетикалық түрлерін сату белең алып бара жатқанын, берілген және қолға түскен күдіктілерден тәркіленіп алынған айғақтардан аңғаруға болады. Демек  есірткіні саудалаушылар оған сұраныстың барын білгендіктен жеке пәтерлерін есірткі өнімін өндіретін лабораторияға айналдыруы да тегіннен-тегін емес-ті.

Тағы бір мысал, Жетісу облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері» «ДӘРМЕК» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде аймақтағы ірі кәсіпорындардың біріне тексеру жасап, 20 тоннадан  астам «күкірт қышқылын» сақтау тәртібінің бұзылғанын анықтаған. Заң шеңберінен шығып кеткен кәсіпорын басшысына қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 427-бабы, 1-бөлімі бойынша әкімшілік хаттама толтырылған. Күкірт қышқылы да адам денсаулығына зиян. Ал оның есірткіге қаншалықта қатысы барын құзырлы орган өзі анықтай жатар.  Алматы облысы бойынша сот жүйесінде қаралған қылмыстық көрсеткіштеріне  зер салсақ, қылмыстық кодекстің  296-бабымен 71 тұлғаға қатысты іс қаралған. Оның  67-іне  үкім шығарылған. Ал қылмыстық кодекстің 297-бабымен  сотқа – 37  іс тіркеліп,  24-не  үкім кесілген. Жетісу облысы бойынша  2022  жылы  ҚР Қылмыстық Кодексінің 296-бабы бойынша 71  іс түсіп, оның 43-і  үкім шығарумен аяқталды, ал 297-бап бойынша 35 іс түсіп, 19  іс бойынша үкім шығарылған.

Осы көрсеткіштерге қарап-ақ, есірткі мен күрестің қай дәрежеде екенін аңғаруға болады. Өткен жылда тергеуден өтіп, сотта қаралған істерден бөлек ұзақ тергеуді қажет ететін мұндай ауыр қылмыстардың санын тізбелеп жатудың өзі артық. Мемлекет  үшін  де, қоғам үшін де аса қауіпті саналатын есірткі өнімін тамырынан қиып тастауда мүмкін болмай тұр. Өскелең ұрпақ үшін өмірде теріс қадам басып, есірткіге елтігендерді емдеп қатарға қосып жіберудің өзі бір бейнет. Қытайда өмірі күл-талқан болған Ақжарқын Тұрлыбай атты қазақтың қызы есірткі тасымалы үшін жат елдің заңымен өмір бойы абақтыға тоғытылды. Оны арбап абақтыға түсуіне себепкер болған нигериялық азамат ұзақ мерзіммен кейін «Интерпол» арқылы табылды. Бірақ оны Қазақстанға экстрадициялау мүмкін болмай тұр. Міне танымайтын адамның сәлемдемесін алып, пайда таба қоямын деп алдауға, арбауға түскен қазақ қызының тағдыры.

Ал осындай жолмен қаншама жастар бүлініп жатыр. Есірткінің бір рет дәмін татып, шырмауынан шыға алмай жүргендері қаншама. Жетісу облысы Полиция департаментінен 2022 жылдың қорытындысы бойынш облыс аумағында есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты 137 құқық бұзушылық тіркелген. Оның ішінде Қылмыстық кодексінің 297-бабының  1, 2, 3-бөліктерінде көзделген есірткі заттарын өткізудің 30 фактісі, 296-бабының 4-бөлігі бойынша аса ірі мөлшерде есірткі  құралдарын сақтаудың 14 фактісі, 300-бабқа  қатысты құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсірудің 8 фактісі, 296-бабының 1, 2, 3-бөліктерінде көзделген 81 есірткі әрекеті, заңсыз  айналымнан барлығы 141 кг. 735,28 гм тәркіленген. Мәселен (2021ж  – 14 кг. 543,16 гр.) әр түрлі есірткі құралдары, бұл өткен жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда 127 кг. 192,12 граммға көп. Атап айтсақ, «марихуана»  –  124 кг. 886,15 грамм , «гашиш» – 10 кг. 482,18 грамм, «синтетикалық есірткілер» –  2 кг. 827,274 грамм.

Жетісу облысы бөлінгеннен бастап (20.07.2022 ж. бастап) 76 есірткі құқық бұзушылық тіркеліп,  ҚК 297-бабы 1, 2, 3-бөлімдері бойынша есірткі өткізудің 14 фактісі, 296-бабының 4-бөлігі бойынша 8 факт (аса ірі мөлшерде сақтау), 300-бабы бойынша құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсірудің 5 фактісі, 299-бабы 1-1 бөлігі бойынша 1 факт (есірткі құралдарын насихаттау немесе заңсыз жарнамалау) 296-бабы 1, 2, 3-бөлігі бойынша 48 есірткі теріс қылық анықталған. Көрсетілген  кезеңде заңсыз айналымнан 117 кг. 414,08 грамм есірткінің әртүрлі түрлері алынды, оның ішінде:

– «марихуана»  –   102 кг. 971,18 грамм;

– «гашиш» – 8 кг. 356,37 грамм;

– «синтетика» –  2 кг. 473,33 грамм;

– «қарасора тұқымдас өсімдік» –  3 кг. 613,2 грамм тәркіленген.

Бүгінгі таңда есірткінің заңсыз айналымына байланысты 9 құқық бұзушылық тіркеліп, ҚК 297-бабы 1, 2, 3-бөлігі бойынша өткізудің 3 фактісі,  296-бабы 4-бөлігі бойынша аса ірі мөлшерде сақтау фактісі,  296-бабы 1, 2, 3-бөлігі бойынша 5 есірткі қылмысы әшкереленіп, 19 кг. 246,40  грамм есірткінің әртүрлі түрлері, «марихуана» 17 кг. 946,78 грамм; «гашиш» –  217,59 грамм; «синтетика» – 82,54 грамм тәркіленген. Есірткімен күресіп жатқан полициялардың айтуынша, жалпы жедел-іздестіру іс-шараларымен қатар нашақорлықтың алдын алу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.

Профилактикалық іс-шараларды өткізудің жыл сайынғы жоспары жасалды.

Нашақорлық феноменіне теріс пікір қалыптастыру, жасөспірімдердің, жастардың және олардың ата-аналарының нашақорлық мәселелері бойынша оның ішінде жалпы білім беретін, орта және орта білім беретін дәріханалар мәселелері бойынша білімдерін арттыру мақсатында нарколог дәрігерлердің, СӨС орталығының, облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының және басқа да үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен облыс ПД МКҚБ  бірлесіп есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері облыстың жоғары оқу орындарында түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз дейді.

Қылмыстың ірі, ұсағы болмайды. Алайда есірткі қылмысының жоғарыдағы көрсеткіштеріне қарап, оның жылдан-жылға етек алып бара жатқаны көңілді алаңдатады. Адам  жадын улап, ақыл-есінен тандыратын мұндай улы заттармен айналысып жүргендермен аяусыз күрес бір сәткеде тоқтамау керек.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ