Аяғымен тігін тігетін Анар
Қазақстанда алғаш болып Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесіне мүше болған қолөнерші кәсіпкер Анар Бексұлтан Жамбыл облысында қарапайым отбасында дүниеге келген. Дүниеге қолы жоқ болып туғанына қарамастан бұл табиғи кемтарлығы қайсар рухты қыздың балауса армандарын жүзеге асыруға кедергі болмаған. Өзінің табандылығы мен еңбекқорлығының, өмірге деген құштарлығының арқасында Анар танымал тігінші атанып, оның есімі елге әйгілі болды. Бұған Анардың Қазақстанда алғаш болып Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесіне мүше болғандығы және 2022 жылы Алматы қаласында өткен Born Nomad Power Awards көрмесінде «Атамекен» ҰКП-ның миллион теңгелік сертификатының иегері атанғаны жарқын дәлел болса керек.
Өмір сынағынан сүрінбей өтіп, кездескен қиындыққа бойындағы қайсарлығы мен төзімділігін қасқая қарсы қойып, тар жол тайғақ кешулерді бастан өткерген Анардың бүгінгі жетістікке жетуінің қыры мен сыры жайлы өз аузынан естудің сәті түскенде, ол әңгімесін былай деп бастады:
«Мен бала кезімнен тұйық әрі биязы болып өстім. Екі қолдың жоқтығы мен үшін көп нәрсеге үлкен шектеу қойды. Соған қарамастан жоғары оқу орнына түсіп, университет бітірдім де биология пәнінің мұғалімі атандым. Бірақ биология пәнінің мұғалімі болғаныммен де, еш жерде жұмыс істей алмадым. Себебі, бірінші топ мүгедегінде жұмыс істеу құқығы жоқ деп айтты. Алайда, жігерімді жасытпай, үмітімді үзбей әрі қарай жұмыс істеуге тырыстым. Ақыры арманым орындалып, Жамбыл облысы тарихи өлкетану музейінің экскурсия жетекшісі қызметіне орналастым. Сол қызметте табан аудармастан 22 жыл жұмыс істеп келемін»..
Шебердің айтуынша, ол тігін әлеміне тек 35 жасында аяқ басқан. Алғашында балаларына, кейін көрші-қолаңға тапсырыспен тіккен. Уақыт өте келе кәсібін ашады. Алғаш тапсырысы қыз жасауын тігуден бастау алған.
«Ештен кеш жақсы» дейді, бұл іске мен 35 жасымда кірістім. Қазір «Анар Бексұлтан: әдемі қыз жасауы» деген бизнесім бар. Жамбыл облысында жасау деген міндетті түрде жүреді. Сұраныс жоғары болғандықтан, осы істі бастап кеттік. Бастаған кезде айтарлықтай қиын болған жоқ, қатты қорыққан жоқпыз. Себебі бұл біздің ішіміздегі қайта жаңғыру, бала кезден көріп келе жатқан дүниенің сыртқа паш етілуі болды», – деп әңгімесін жалғады тігінші.
Осылайша, уақыт өте келе бұл кәсіптің «жұлдызды сәті туындай» бастаған. «Отыз тістен шыққан сөз отыз руға таралады» дегендей бір-бірінен естіген адамдар аяғымен тігін тігетін Анардың тірлігін көру үшін көптеп келе бастаған. Келгендер тігіншінің шеберлігіне тәнті болып, ол дайындаған дүниелерді көздерімен көріп, көңілдеріне тоқып, кейіннен көпшілігі оның тұрақты тапсырысшысына айналған екен. Қаржы жағынан туындаған кейбір мәселелер болмаса, бизнес жақсы дамып, өнімге деген сұраныс та арта түскен.
«Мемлекеттен екі рет грант алдым. Әр грант алған сайын, әр шеңберді жарып шыққан сайын мен үшін айтулы оқиға болды. Алға деген талпыныс, жаңа белестердің ашылуы, әр басқан қадамым – алдағы жеңістерге жетелеп келді. Қазіргі кезде «Әдемі қыз жасауы» цехым жұмыс істеп тұр. Аяғымдағы он кішкентай саусағымның істеген ісі соншалықты керемет жетістікке жеткізеді деп ойламадым», – деп тебірене еске алды кәсіпкер.
Аталған жұмыстардан бөлек Анар «Шебер шаңырақ: мүгедектер қоғамдық бірлестігін» ашқан. Бұл ұйымның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі әртүрлі жанның өнерімен бөлісу.
«Шебер шаңырақ: мүгедектер қоғамдық бірлестігін» аштым. Оның ішінде мүгедектігі бар қыздар, көпбалалы аналар, ерекше бала тәрбиелеп отырған аналар бар. Бірлестіктің мақсаты – өзіміздің өткен жолымызды үлгі ету, қиыншылықтарымызды жеңу, аналарға жәрдем беру, бизнесін дамыта алмай отырған аналарға жол көрсету. Тараз қаласы ежелгі қала қатарына кіретін кезде, Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің президенті Саад-аль Каддуми мырза келіп, ұйымымызға риза болды. Сол кезде мен Қазақстанда бірінші болып Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесіне мүше болып қабылдандым», – деп ақтарыла сөйледі Анар Бексұлтан.
Анар сөз арасында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жайлы да ойын ортаға салды.
«Біз үшін Кәсіпкерлер палатасы – үлкен көмек. Бизнес-жоспар жазу жолын көрсету, құжат жинауға көмектесу, көптеген жобамен жұмыс істеу, жаңа таныстар, жаңа мүмкіндіктер «Атамекен» арқылы келді. Байлық азаяды, ал қолөнер көбеймесе, азаймайды. «Атамекен» палатасына алғысымды білдіре отырып, біздің дамуымызға одан әрі үлес қосса екен дейміз», – деп жылы лебізін білдірді.
Әңгімесінің аяғында тігінші қыздар қауымына бір ауыз сөз арнады:
«Өзіңді ешкіммен салыстырма. Сен дарасың. Ешкімге өсекпен, әңгімемен, жаман нәрсемен жақпайсың. Не ексең, соны орасың. Біз балаларымызды тәрбиелеп отырмыз, ал балаларымыз біздің айнамыз. Бала не көреді, соны жасайды. Менің қыздарым ертең тігінші болып кетеді деп айтпаймын. Бірақ олар әр істі дұрыс бастауына, өмірде адам болуып қалыптасуына әсер ете аламын деген ойдамын», – деп түйіндеді Анар Бексұлтан.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ