Сайлау әділ өтті ме?

0
2948

Күні  кеше  елімізде  Мәжіліс  және   мәслихат   депутаттарының  сайлауы өтті.  Болғанынан   боладысы  қызық   бұл  сайлаудың  қалай өткені  туралы ел  ішінде  сан  түрлі  әңгіме желдей есіп жүр. Тәуелсіз бақылаушылар  сайлаудың   әділетсіз өткенін, заң  бұзушылықтардың көп болғанын   айтып   наразылық   білдіруде.  Ал  саясаттанушы, кандидат  Санжар   Боқаев   сайлаудың  заңсыз   өткенін   хабарлап,  Орталық сайлау   комитетінен   және    президент  Қасым-Жомарт   Тоқаевтан сайлау   нәтижелерін   жоюды   талап  етті.

…Отыз жыл бойы әділетті сайлау өткізуді армандаған Қазақстанда осы жолғы сайлау ең әділетсіз сайлаудың бірі болып тарихта  қалды деушілердің қатары көп.  Жалпы  сайлаушылардың  54,19 пайызы ғана дауыс берген. Бұл бұрынғы жылдардағы  саяси науқандарға  қарағанда халықтың сайлауға деген селқостығын көрсетсе керек-ті. Осы тұрғыдағы «Атамекен бизнес.кз»  сайты жариялаған  «Халықтың сайлауға селқос қарауы нені аңғартады?» деген сауалнамаға орай  оқырмандардың  48 пайызы  елдің  құрғақ  уәдеден шаршағанын айтып жазса, 44 пайызы билікке сенімнің жоқтығын, ал  4 пайызы бір жылдың ішінде 3 сайлау халықты  қажытты  деген пікір білдірген.

Сайлаудың қалай өткендігі туралы ойын білдірген Қазақстан заңгерлер одағы РҚБ Төрағасының орынбасары Әбдікерім Ақжанов былай дейді.

Өздеріңіз жақсы білесіздер, бұрын өтіп жүрген сайлауларда  көрсеткіш  80-90 пайыз болатын  болса, осы   сайлауда  54 пайыз қатысты. Меніңше бұл жаман көрсеткіш емес. Политехнологтардың айтуынша, дүниежүзінде  сайлауға қатысушылар 30-70 пайыздың арасында қатысады екен. 

Жеті партиядан кемінде 5 партия өтіп отыр. Бұрын үш қана партия болатын. Орталық сайлау комиссиясының қорытындысынан кейін нақты кім қанша алғаны анықталатын болады. Бес жылда әр партияның бағдарламалары қалай орындалатынына  куә  боламыз  деген ойдамын.

Өкінішке орай  кейінгі 25 жылда бірде-бір бағдарлама жүз пайыз орындалған жоқ. Ендігіде мұндай жағдай орын алмайтын шығар деп сенеміз. Кемінде 5 партия өтетін болса, олар бір-бірімен жарысып, фракция құрып, арада бәсеке күшейіп, бағдарламалардың тоқсан пайызы  орындалар  деп  ойлаймын.

Сайлау әділ өтті ме, жоқ па? Меніңше, сынаудан бұрын, әр адам өзі үшін жауап беруі тиіс. Мәселен, сол сайлауға барып өз дауысымызды берген болсақ, сайлаудың қалай өткенін көзбен көрер едік. Ал дұрыс өткен жоқ деп айту да жарамас. Бұған  сайлауға бармаған халықтың өзі кінәлі. Негізі заңнама бойынша бір жылдан кейін сайланған депутаттар өзінің бағдарламасын орындамаса, сайлаушылар оны орнынан алып тастауға құқы бар, – деген Әбдікерім Арынұлы Жаңа Қазақстанды, Әділ Қазақстанды бір күнде, бір жылда құру  мүмкін емес екенін айтты. Ол үшін кемінде үш-төрт жыл уақыт керек.

Сонымен сайлау қалай өтті? Бас прокуратура дауыс беру кезінде үш өңірде сайлау туралы заңнаманы бұзудың 9 фактісі тіркелгенін мәлімдеді. Ресми дерекке сәйкес Алматы облысында Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Райымбек және Ұйғыр аудандарындағы сайлау учаскелерінде; Жетісу облысында Қаратал және Кербұлақ аудандарындағы учаскелерде; Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау және Жамбыл аудандарындағы учаскелерде заңсыздықтар болған. Аталған сайлау учаскелерінде комиссия мүшелері дауыс берушілердің  өтініші  бойынша   туыстары үшін  дауыс  беруге бюллетеньдер беріліп, дауыс берудің тең құқықтылық талабы бұзылған.

Сайлауда заңсыздықтар орын алған учаскелердің қатарында Жетісу облысы да бар.  Бұл туралы  әлеуметтік желілерде небір бейнетүсірілім  мен түрлі жазбалар легі есіп жүр. Осы орайда Жетісу облысынан сайлауға түскен кандидаттар  арасында  саяси науқанның  әділ өтпегенін айтып, өзінің жанайқайын жеткізгендер де бар. Солардың  бірі  ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаттығына   кандидат   болған  Саят Нүсіпов.

Кешегі сайлау миллиондаған қазақстандыққа ескінің жаңаға ауысқанын көрсететін нақты құрал еді. Бірақ, кеше біздің үмітімізді өшірді. Жаппай заң бұзушылықтар мен бұрмалаушылықтар халықтың сеніміне селкеу түсіріп қана қойған жоқ, әрбір адам үшін әділеттілік пен заңның үстемдігі салтанат құратынына  күмәнді  күшейтті.

Сайлаудың өту тәртібі комиссия көрсетіп отырғаннан әлдеқайда өзгеше. Менің командам Жетісу облысы №17 бір мандаттық округ бойынша дауыс беруді бақылаудың интеллектуалды мониторинг жүйесін жасады. Біздің мониторинг нәтижесі бойынша сайлау дәрменсіздік танытты. Бұл сайлауға қатысушылар санының 2 есе ұлғаюы және дауыс беру нәтижесінің бұрмалануына қатысты. Интеллектуалды мониторинг жүйесі арқылы біздің бақылаушылардың санағы бойынша сайлаушылардың 25 пайызы ғана сайлауға келген. Сонымен қатар, біздің қолымыздағы  250 хаттамада 20 % участокте 90 %, кейбірінде 101,102 %-ға дейін сайлаушылар сайлауға қатысқаны көрсетілген.

Мен сайлауға қатысты жоғарыдан мұндай бастама болғанын не болмағанын білмеймін. Мүмкін бұл жергілікті шенеуніктердің ескі әдеттеріне басып депутаттар сайлануға тиіс емес, тағайындалуға тиіс деп шешкені шығар. Бірақ, сайлау нәтижесіне байланысты әрбір дауыстың ұрлануын «Сайлау туралы заң» шеңберінде құқықтық баға берілуін талап етіп сотқа беретінімізді хабарлаймын. Егер де аталған заңсыздықтарға немқұрайлы қарайтын болса, біз халықаралық құқықтық механизмдерге жүгінетінімізді де ескертеміз.

Біз – бұл мен, Саят Нюсупов және маған дауыс берген Жетісудағы он мыңдаған тұрғын, сонымен бірге менің оппоненттерім Сандуғаш Дүйсенова және Арман Сламжанұлы осыған куәлік етеміз. Біз Жаңа Қазақстан салтанат құратынына шүбәсіз сендік.

Біз бір мандаттық округ бойынша сайлауды жасанды демократия, құқық бұзушылық, заңсыздық және лигитимділік  емес  деп  түсінеміз.

Кандидаттың осы жазбасынан кейін біз оған  хабарласып, арнайы сауалымызды  жолдаған  едік.

АЛАТАУ: – ҚР азаматы  ретінде өзіңіз осы уақытқа дейін елімізде өткізіліп келетін сайлауға қатысып, дауыс  бердіңіз бе? Бұл сайлаулардың әділ, ашық, таза өтіп жүргеніне сенетін бе  едіңіз? 

Саят НҮСІПОВ: –  Осы күнге дейінгі өткен Мәжіліс сайлауларына қатысқан жоқпын. Ал, соңғы өткен Президент сайлауына барып, Тоқаевқа дауыс бергенмін. Президент Тоқаевтың бастамасымен біздің Конституциямызға өзгеріс енгізіліп, саяси реформалар басталып, демократияға бет бұрамыз дедік. Сондықтан, бір мандаттық округ бойынша өзімнің туған жерімнен Мәжіліске кандидат болып саяси додаға шықтым.

АЛАТАУ: – Сіздіңше  Қазақстан  осы уақытқа  дейін  әділ  сайлау өткізе алды ма?

Саят НҮСІПОВ:  –  Осы күнге дейінгі қалыптасқан  саяси  жүйе  ашық, әділ болды деп айта алмаймын.

АЛАТАУ: – Өзіңіз биылғы сайлау бұрынғыдан өзгерек болатын болған соң кандидат ретінде тіркелдіңіз ғой?  Солай ма?

Саят НҮСІПОВ:  –   Иә, осыған дейін мұндай мүмкіндік болған жоқ. Яғни, можаритарлық сайлау жүйесі арқылы өзін-өзі ұсына алатын мүмкіндік болған емес. Бұл партиясыз-ақ, азаматтардың өзін-өзі ұсыну мүмкіндігі. Мен өзім партияға, басқаға тәуелді болғым келмейді. Егер Мәжіліске барсаң, онда саған сеніп отырған халықтың үнін билікке жеткізе алуың керек. Ештеңеге, ешкімге жалтақтауға хақың жоқ. Себебі, депутат деген халықтың сенімді өкілі, сондықтан  тек  халыққа қызмет етуі керек. Мен осындай мүмкіндік берілгендіктен, сайлауға  түстім.

АЛАТАУ: – Бұл саяси додадан нені байқадыңыз? Жалпы, кандидат ретінде ғана емес, қоғамның бел мүшесі ретінде көңілге түйген дүниелеріңізді бөлісе аласыз ба?

Саят НҮСІПОВ:  –  Кандидат ретінде байқағаным, халықтың билікке, сайлауға, саяси реформаларға сенімі аз. 30 жыл бойғы авторитарлы жүйе олардың еңселерін езіп болған. Көздерінде сәуле, көңілдерінде үміт жоқ. Олар өз-өзімен, еліміздегі саяси жағдайларға немқұрайлы қарайды. Әрине, барлығы бірдей сондай деп айта алмаймын. Бірақ, дені солай. Оны кеше сайлау күні сайлауға барған адамдардың саны көрсетті. Біздің есеп бойынша, Жетісу облысында 55 пайыз емес, 25 пайыз халық сайлауға қатысты. Тағы бір түйгенім, бізде саяси мәдениет қалыптаспаған екен. Ал, қоғамның бір мүшесі ретінде байқағаным, қарапайым халықтың әл-ауқаты нашар. Халықтың көбі тамағын кредитке алатын жағдайға жеткен.  Бұл  қорқынышты жағдай.

АЛАТАУ: –  Заңгер азаматтың  саяси додадағы әділетсіздікпен бетпе-бет келуі туралы не айтар едіңіз?

 Саят НҮСІПОВ: – Иә, мен заңгермін. Сайлауда дауыстардың ұрланып, бюллетеньдердің пачкалап жәшікке салынып жатқаны туралы фактілердің барлығын тіркеп отырып, тиісті органдарға тапсырдық. Осы сайлау кезінде, дауыстарды санау кезінде болған фактілер Конституцияға да, Заңдарға да қайшы. Сондықтан, оны қылмыс ретінде де бағалауға болады. Ол бір жағынан, екінші жағынан ол билікке де жақсы емес. Өйткені, ендігі жерде биліктің өзі ұрланған дауыстармен билігін жүргізеді. Ондай нәрсе халықтың сенімін арттырмайды.  Біз әр  нәрсеге  заң шеңберінде қараймыз.

АЛАТАУ: – Жаңа Қазақстанды құ-рамыз дегенімізбен, бұл сайлаудан да жаңашылдықтың жалыны сезілмеді. Неге?

Саят НҮСІПОВ:  –  Жаңа Қазақстан бір күнде құрыла қалмайтыны анық еді. Ол сайлауда да көрінді. Себебі, сайлаудың әділетсіз өтуі әкімшілік ресурстардың әлі де болса, ескі әдеттерінен. Алайда, біз үміттендік, үміт өссе, жаңа мақсаттар пайда болады. Бастысы, мақсатымыз бар.

АЛАТАУ: – Кешегі сайлауда заң бұзушылықтар мен бұрмалаушылықтар орын алғанын инста парақшаңызда  жария еттіңіз. Яғни, айтқаныңыздай, сайлау әділ өткен жоқ. Солай ма?

 Саят НҮСІПОВ: – Иә, сайлау заң бұзушылықтар  болғаннан  кейін әділ өтті деп  айта  алмаймын.

АЛАТАУ: – Алайда, сіз Жаңа Қазақстан салтанат құратынына шүбәсіз сендіңіз?

 Саят НҮСІПОВ:  –  Сендім. Себебі, саяси реформалар жасалып жатыр. Мәселен, мен Мәжіліске өзімнің жылдар бойы өнеркәсіпте, инновацияда, білім және ғылым саласында жиған мол тәжірибемді пайдаланып, халықтың жағдайын жақсартуды жүйелі шешуге бағытталатын заңдарды ұсынатын едім. Біз «Жетісуда су жоқ, Жер жәннатында жайылымды жер жоқ, қоғамда жұмыссыздық, қымбатшылық» деп жанып тұрған отты өшірумен емес, мұндай мәселелер мүлде туындамайтындай етіп заңмен шегелеу керекпіз. Ол үшін біз көп заңнамамызды сараптамадан өткізіп, өзгертуіміз керек. Біз осы сайлауда жеңуге бар күш-жігерімізді салдық. Жеңдік деп те есептейміз. Аз ғана уақытта менің сайлауалды бағдарламама сеніп, сөзіме, өзіме сеніп, мені қолдап, мыңдаған адам бір ауыздан маған дауыс берді. Ол мен үшін өте үлкен жауапкершілік, абырой. Бұл маған деген халықтың сенімі. Бұл маған үлкен күш береді. Сондықтан, сайлауға қатысқаным да дұрыс шешім болды. Өйткені, саясатқа тікелей араласу арқылы Жаңа Қазақстан құру оңай болмайтынына көзім жетті. Ал, сайлауға келіп, өз таңдауын жасаған, оның ішінде маған дауыс берген барлық жетісулықтарға алғыс айтамын!

АЛАТАУ: – Сіздіңше, әділ сайлау өтуі үшін не істеу керек?

 Саят НҮСІПОВ:  –  Қазіргі уақытта, сайлау қалай өткені туралы мәліметтерге анализ жасап жатырмыз. Дайын болғанда сіздерге де хабарын береміз. Сайлау әділ өтуі үшін сайлауға байланысты заңнамамызды нақты және жан-жақты жүйелі түрде өзгертуіміз керек.

«САЙЛАУ ӘДІЛ ӨТПЕДІ» деген  кандидаттардың қатарында журналист  Сандуғаш Дүйсенова мен қорғаушы Арман Сламжанұлы да бар. Біз аталған кандидаттардың да ойын білмек болып, ұялы телефондарына хабарласып көрдік.  Әріптесіміз Сандуғаш Елубайқызымен  байланысқа шыға  алмадық, ал «халықтың адвокаты Арманмен»  сөйлескенде  ол  редакциямызға  келемін деген,  алайда  уәдесінде тұрмады.  Уәдесінде тұрмаған адамға  қайта хабарласуға  біз де  аса ыждаһат танытпадық.

Сайлаудың әділ өтпегенін айтып,  ФБ парақшасында  пікірін  жазған Ауыт ағамыз (Мұқибек)   бүй депті.

– Меніңше, бір мандатты сайлау жүйесімен сайлауға түскен тұлғалар сайлаудан көңілі қалған жұртты жиып, «Аманаттың» 22-депутаты үшін бір ай бойы далақтады.

Сіз (Ерлан Қарин мырза!) бас болып жобасын жасаған саяси реформа тағы бір мәрте халықты алдап соқты!

Конституциялық реформаға сай, 7 конституциялық заңға, 15 кодекске және 29 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді дедіңіз.

7 556,7 мың адам ауылда тұрады.

Бірақ, ауыл халқы ЖЕРСІЗ отыр әлі;

Гранттар ауылға жетіп жатқан жоқ;

Халық сайлаған ауыл әкімдерінің ауылдағы коммуналдық нысандарды күзетуден басқа құзыреті жоқ…

Демек, Сіз бас болып жобасы жасалған саяси реформаның лебі ауылға жетпеген!

Дұрысы, Сіз, ең құрығанда, бір ауыл әкімі немесе ауыл тұрғынымен сөйлесіп көрместен, Ақордада отырып Саяси реформаның жобасын жасадыңыз.

Айтпақшы, Ерлан Тынымбайұлы!

Сіз бас болып жобасын жасаған конституциялық реформаның аясында Сайлауға түскен партиялар мен партиялық тізімдегі үміткерлердің сайлауалды бағдарламасын бір тыңдап көріңізші!

Сізге ес қататын бір ауыз сөз табылар ма екен?!!

AMANAT – 40

«Ауыл» – 8

«Ақ жол» – 6

Республика – 6

ЖСДП – 4

ҚКП – 5

КЕЛЕСІ ЖАЗБАСЫ  былайша өрбиді:

– Депутаты әлсіз парламентті ықпалды тұлғалар билейді.

Қазақ  Парламенті 2007 жылдан бастап бүкіл заңды Темір Құлыбаевтың ықпалына жығыла отырып қабылдап келді. Кешегі Қазыбек Исаға дейінгі депутат атаулы Құлыбаевтың құлы болды.

Ал, қаңтар   оқиғасынан  кейінгі  жерде заң қабылдау үрдісіне  Ерлан  Қарин  ықпал  ете  бастағаны  анық сезілуде.

Бір ғана «Сайлау туралы» заң соның дәлелі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақсы ниетпен жолға қойған бір мандатты сайлау жүйесін Ерлан Қарин билік партиясының депутаттар санын көбейтіп алудың құралына айналдырып жіберді.

Сөйтіп, өз адамдарының Мәжіліске баруына кең жол ашып берді…

Сондықтан, Президентіміздің кадрлық өзгерісті алдымен Президент Әкімшілігін түгелімен жаңалаудан бастауын сұраймын!

ҚАЛАЙ ДЕСЕК  те бұл сайлау  да өтті.  Ақын Мыржақып Дулатұлы айтқандай-ақ: «Халыққа қызмет етемін деген кісіге бәрібір: депутат бол, газет шығар, бала оқыт. Өзгеміздің бәріміз сай болып, жалғыз депутаттыққа қарап тұрған іс жоқ». Олай болса, ары қарай да  қолдан келгенше халыққа қызмет қылудан шаршамайық.  Ал,  бұл сайлау туралы Сіз нендей ойдасыз, көзі қарақты оқырман?!

Сарби ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ

Суреттер ғаламтордан алынды.


ПІКІР ЖАЗУ