«Заман ағам толғайды, Жангелді ақын жырлайды» атты кеш өтті

0
466

Алакөл ауданына қарасты Көлбай ауылының Көлбай орта мектебінде осы ауылдан шыққан жазушы, драматург, өлкетанушы Заман Төлеуов, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Жангелді Немеребай атында  қазақ әдебиеті кабинеті ашылды.

Ашылу салтанатына  келген  жазушы, даңқты қолбасшысы Бауыржан Момышұлының атқосшысы болған полковник Бекдайыр Иманбаев, академик, Райымбек ауданының  құрметті азаматы, Мұқағали Мақатаев сыйлығының иегері Шаяхмет  Имашұлы, ақын, Абай атындағы журналдың бас редакторы Болат Шарахымбай, Ғабит Мүсірепов атындағы қордың төрағасы, Ұлы Дала Республикалық қоғамдық бірлестігінің басшысы Ғабиден Жакей, айтыстың ақтангері Айтақын Бұлғақов,  ақын, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты Қуат Қайранбаев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, Сарқан аудандық  газетінің бас редакторы Жомарт Игіман және тағы басқа да  қонақтар қатысып,  жүрекжарды тілектерін білдірді.

«Заман ағам толғайды, Жангелді ақын жырлайды» атты  игі  шараның өтуіне  Көлбай  орта мектебінің  директоры  Махаббат Нұрсоветқызы бастаған мектеп ұстаздары  Найман Нұғыманұлы,  Алдаңғор Тілеубайұлы, Ердәулет Тобағұлов пен Еркін Тәңірбергенұлы,  мұнымен  қоса ауыл белсендісі Сәрсен Жұмағалиұлы, Алакөл ауданының құрметті азаматы Ұлжалғас Бурасанова, кәсіпкер Қайрат Мұқашбаев секілді азаматтар мұрындық болып, белсене атсалысты.

Ал кабинетті заманауи жабдықтау үшін демеушілік етіп, мектеп ұжымына қолдау көрсеткен жазушы  Заман Төлеуовтың   асыл жары Гүлмира Ажиханова.

Салтанатты кеште  мектеп оқушылары қаламгер ағаларының шығармаларын жатқа оқып, қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Шара соңында Заман Самалбекұлының жары Гүлмира Ажиханова мен ақын Жангелді Немеребайға құрмет көрсетілсе,  марқұм Заман Төлеуовтың рухына құран бағышталып, ас берілді.

 ӨЗ ТІЛШІМІЗ


ПІКІР ЖАЗУ