Араққа тәуелділік артты

0
599

Шеті шексіз ғаламда қанша адам болса, сонша тағдыр бары анық. Бар ғұмырын болмашы дүниеге арнап, өмірдің мәнін білмей кетіп жатқан азаматтар да аз емес. Әсіресе ішкілікке салынып, өзін тоқтата алмайтындардың легі көп. Арам суға қарсы сан түрлі акциялар өткізіліп  жатса да ішімдікке құмар адамдардың нәпсілерімен күресу өздерінен басқа ешкімнің қолынан келмейді. Осы арада журналист Бейсен ағамыздың айтып кеткен есті сөзі еріксіз еске түседі. Ол «Маскүнемдік деген: Ата-ана үшін ақталмаған үміт, жар үшін – жылаумен өткен ғұмыр, балалар үшін  – бақытсыз балалық шақ, достар үшін  – адасқан тағдыр, қоғам үшін – жоғалған адам. Не істеу керек, ішпеу керек», – деген еді. Алайда алкогольді сусынға тәуелді адам бұл сөздің парқына барып жатпасы анық.

Ащы судың арбауына түскен еркектердің кесірінен талай отбасының шаңырағы ортасына түсті. Сөзімізге жақында ғана  Жетісу облысында орын алған оқиға дәлел бола алады. Текелі қаласының тұрғыны Евгения есімді азаматша ұйықтап жатқан күйеуін пышақтап өлтірген. Ол 9 жыл бір шаңырақ астында өмір сүрген жолдасымды  пышақтауға ішімдік себеп болды дейді. Күнделікті ащы суға сылқия тойып, жанжал шығаратын күйеуінен әбден шаршаған Евгения сол сәтте өзін-өзі ұстай алмай қалғанын айтады.  

«Күйеуім екеуміздің арамызда  кикілжің  жиі  болатын. Ішімдігін ішіп алып, маған да, балаларымызға да күн көрсетпеді. Сөйлесем де, сөйлемесем де жақпадым. Үш баламмен бірге далада түнеген күндерім де аз емес. Полицияға  шағымдандым,  бірақ олар тек заң аясында оны әкімшілік жауапкершілікке ғана тартып, 10-15 күнге қамап  қайта жіберетін. Себебі, заң солай. Міне, отбасылық жанжалдың соңы осылай адам өлімімен аяқталып тұр. Жарайды, 15 жылдан кейін мен шығамын. Бірақ балаларымның тағдыры не болады?!», – деп күйінеді Евгения Киценко.  Ал әкесімен анасынан бірдей  айырылған балалар  Жетісу облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған  ауданаралық  сотының шешімі бойынша  балалар үйіне немесе басқа да мекемелер қамқорлығына берілетін болады. Міне, арам судың арам пиғылы іске асып, айрандай ұйыған бір отбасының шаңырағы шайқалды. Бұл тек бір мысал. Еліміз әлем бойынша ішімдік ішуден 10-шы орында тұрғанын ескерсек, осыған ұқсас жағдайлар әлі де кездесері анық. Оның алдын алу үшін ащы судан, зиянды әдеттерден ең алдымен жастарды алыстату керек. Әр отбасыда әуел бастан  дұрыс тәрбие берілетін болса, өміріміз өкінішке толмай, азапты арқалаған азаматтардың қатары сирейтін еді.

Қазақта «Арақ аздырады, өз көріңді өзіңе қаздырады» деген тәмсіл бар. Жастардың болашағы жарқын болып, бақытты ғұмыр кешсін десек ішімдікке қарсы екенімізді айтудан жалықпай, үнсіз қалмайық.

Айдана СМАҒҰЛ


ПІКІР ЖАЗУ