Мәрмәр ұнтағын шығарады

0
348

Жетісу өңірінде мәрмәр ұнтағын алғашқылардың бірі болып шығара бастаған кәсіпорын – Текелідегі «Art-KZ» ЖШС. Серіктестіктің өнімі құрылыстағы түрлі құрғақ қоспаларға, бояуларға қосылады. Бұл туралы Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жалпы Текелі өңіріндегі кәсіпорындар еліміздегі мәрмәр ұнтағының сұранысын 80 пайызын  жауып отыр. Бұған дейін бұл өнім шет елдерден тасымалданатын.

Серіктестіктің атқарушы директоры Евгений Майерленің айтуынша, кәсіпорын 2008 жылы құрылған, дегенмен мәрмәр ұнтағын шығару бастамасы «Алатау мәрмәр» ұйымынан басталған. Бүгінде «Art-KZ» ЖШС 15 мың тонна шикізат өндіреді, сонымен қатар айына 300 тонна дайын құрғақ қоспа шығарады.

«Біз шығаратын мәрмәр ұнтақ «AlinEX» брендінің өнімдері «Белоснежка», «Радуга», «Selena» сияқты танымал бояулардың құрамына қосылады. Ал дайын құрғақ қоспаларды өзіміз өндіре бастадық. Біздің шикізаттарымыз бен өнімдеріміз негізінен Талдықорған, Алматы және астанаға жіберіледі. Инвестор осыдан 3 жыл бұрын өз қаржысына құрал-жабдықтарды жаңартты»,  – дейді Евгений Майерлен.

Оның сөзінше, зауыт 15 адамды жұмысқа алуға дайын, кәсіпорындағы диірменге машинист керек. Машинистер 214 мыңнан 218 мың теңгеге дейін жалақы алады. Зауытта 3 бригада бар, ондағы әр жұмысшы айына 15 күн жұмыс істейді, еңбек демалысы 30 күн. Оған қоса кәсіпорын өз тарапынан жұмысшы жалақысының 5 пайызы  көлемінде жұмыс беруші есебінен қосымша зейнетақы жарнасын төлейді. Нысанның өз карьері бар. Қазір зауытта 50 адам еңбек етеді, ал жалпы мәрмәр кластерінде 500-дей адам жұмыспен қамтылған.

«Бүгінгі жастар қол еңбегінен қашады, одан гөрі блогер болып, интернетте отырғанды ұнатады. Бірақ біздің жаңа құрылған облысымызға өнеркәсіпті көтеріп, құрылысты ұлғайту керек. Экономика үшін оның маңызы зор. Біз өз тарапымыздан қолымыздан келгенше отандық құрылыс саласын дамытуға үлес қосып келеміз, жұмыс орындарын ашып, өндірісті жолға қойдық. Қазір кәсіпорынның ең жас маманының жасы 22-де, ең үлкені мен, 72 жастамын. Мен өмірімнің елеулі бөлігін осы салаға арнадым»,  – дейді Евгений Эмильевич.

Текелі моноқаласының облыс өнеркәсібі өндірісіндегі үлесі 13,1 пайыз  болып отыр. Мұнда құрылысқа қажетті құрғақ қоспалар, ашытқы, бордюр, таурит, сүт өнімдері  шығарылады. Өткен 7 айда қала экономикасына 2909,6 млн. теңге инвестиция тартылған. Сол сияқты Текеліде шағын және орта бизнестің 1500 субъектісі бар, оларда 3800 адам жұмыс істейді. Өткен 7 айда шағын және орта бизнесте 6425,0 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, қызметі көрсетілген.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ