«Текелі – Жетісудағы бірден-бір өндірістік қала»

0
280

Текелі – Жетісу аймағындағы бірден-бір өндірістік қала саналады. Мұнда есептік мерзімде өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 12,9 млрд. теңгеге жеткен. Ауыл шаруашылығында жалпы өнімнің көлемі 670 млн теңге. Осындай ақпаратпен Текелі қаласының әкімі Алмас Әділ Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында БАҚ өкілдерімен кездесуде бөлісті.

Жыл басынан бері инвестицияға 1,4 млрд. теңге тартылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге артық. Жалпы жыл соңына дейін 11,5 млрд. теңге инвестиция тарту көзделіп отыр.

«Текелі – Жетісудағы бірден-бір өндірістік қала. Сондықтан биыл 44 жаңа жұмыс орнымен 5 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Өңірде 40 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталып жатса, Қора көшесінде тағы да 40 пәтерлі тұрғын үй салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Ғарышкерлер көшесінде 40 пәтерлі тұрғын үй салуға қаражат бөлініп, Сейфуллин көшесінде 60  пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы бойынша жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде», – деді аудан басшысы.

Мемлекет басшысы Жетісуға іс сапары барысында халықты таза ауыз сумен жабдықтау мәселесін шешуді міндеттеді. Бұл бағытта қолданыстағы ұңғымалардан 15 км астам инженерлік сумен жабдықтау желілерін салу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде оның 46%-ы орындалды.

Ауданда 2022 жылдан бері газ тарату желілерінің құрылысы басталды. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының аяқталу мерзімі 2024 жылдың желтоқсан айына жоспарланған. Одан бөлек, қаланың үш шағын ауданында 10 мыңнан астам абонент пен 76 кәсіпорынды қамтитын газды кезең-кезеңімен іске қосу жоспарлануда.

Спикер қаланың өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға және экономикалық көрсеткіштерді жақсарту мақсатында алдағы 3 жылда бірқатар жобалардың жоспарланғанын жеткізді.

«Туризм және спорт саласынын дамытуға басымдылық берілмек. Атап айтсақ,  Бұрханбұлақ сарқырамасы, «Текесу» тау шаңғысы курорты және шаңғы биатлон кешені.  Шаңғы-биатлон спорт кешенін салуға жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу үшін 100 млн. теңге қаражат бөлінді», – деді Алмас Қабдулұлы.

«АЛАТАУ – АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ