Жетісу облысының экономикалық көрсеткіштері артты

0
238

Биылғы 5 айда Жетісу облысында оң динамикаға қол жеткізілді. Өңір бюджеті 486 млрд теңгеге жетіп, 16%-ға өскен. Бұл жайында Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі баспасөз конференциясында хабарлады.

Спикердің  айтуынша  облыста барлық негізгі нысаналы индикаторларға қол жеткізіліп,  аймақтар арасында төртінші орынға шыққан.

Алматы облысының құрамынан бөлінгенде өңірімізде экономиканың құрылымына, бюджет кірісінің аз бөлігі қалуына, тағы басқа объективті факторларға байланысты бірқатар көрсеткіштер төмендеген еді. Дегенмен 2022 жылдың қорытындысы бойынша облыста барлық негізгі нысаналы индикаторларға қол жеткізіліп, жағдайымыз анағұрлым өзгерді. Мәселен, облыста биылғы жылдың 5 айында оң динамика арта түсті. Сауда 1,8 есеге, республикалық бюджеттің түсімдері – 2,8 есеге, құрылыс көлемі – 31,3%-ға, өнеркәсіп өндірісі – 14,1%-ға өсті. Жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 39,3%-ға жетті (ҚР – 36,5%). Биыл облыс бюджеті 486 млрд. теңгеге жетіп, 16 пайызға өсті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Жетісу облысында пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару жұмыстары жүргізілуде. 2022 жылы аэроғарыштық түгендеу жұмыстары нәтижесінде пайдаланылмай жатқан 1,077 мың гектар ауыл шаруашылық жерлері анықталды. Қабылданған шаралар нәтижесінде жайылымдық жердің 327 мың гектары айналымға енді, 401 мың гектар жер иелеріне заң бұзушылықтарды жоюға 1 жыл мерзімге нұсқамалар берілді, 128 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды, – деп атап өтті Б.Исабаев.

Облыс әкімі жыл соңына дейін Жетісу облысында 213 км сумен жабдықтау желілерінің салынатынын   да  атап өтті. Нәтижесінде 2023 жылы 16 елді мекенде құрылыс пен қайта құру жұмыстары аяқталатын болады. Ал 2025 жылға қарай Кербұлақ ауданынан Талдықорғанға дейінгі барлық елді мекендер газдандырылады. Нәтижесінде 500 мыңнан астам тұрғын немесе жалпы халықтың 71%-ы  газға қол жеткізеді. Осы мақсатта «Талдықорған-Үшарал» магистральдық газ құбырын салу бойынша ЖСҚ әзірленіп жатыр.

2023 жылы атқарылуға тиіс шараларға жеке-жеке тоқталған облыс басшысы баспана мәселесін де шет қалдырмады. «Жетісу облысында тұрғын үй алуға барлығы 29 мыңға жуық адам кезекте тұр, оның 15 мыңнан астамы  Талдықорғанда тіркелген. Осы жылы 322 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруді  жоспарлап отырмыз. Жыл соңына дейін өңірде 2975 пәтер бөлінеді, оның ішінде Талдықорған қаласы бойынша – 1917.  Ал, апатты үйлер мәселесін шешу үшін 232 пәтер сатып алуға 2,8 млрд теңге қарастырылды. Текелі қаласы мен Сарыөзек ауылында 60 пәтерден тұратын 2 тұрғын үй салынуда», – деген  облыс басшысы  келесі жылы апатты үйлер мәселесі толығымен шешілетінін айтты.

Бейбіт Исабаев  баспасөз  конференциясында  білім  беру  саласындағы оң өзгерістерге де  тоқталып өтті.  Өңір басшысының айтуынша  Жетісу облысында 2025 жылға дейін 21 жаңа мектеп салу жоспарланған.  Оның ішінде 2 мектептің  құрылысы биыл басталады. Ал  8700 орындық 10 мектеп «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде  салынатын болады. Өңір басшысы бұдан бөлек, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде 2025 жылға дейін 11 млрд.  теңгеге 59 объект салу көзделгенін де атап өтті.

«АЛАТАУ – АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ