«Бізде ғылым бар, өндіріс жоқ»

0
344

Талдықорған  қаласында  «Ауыл  шаруашылығы саласының қазіргі ахуалы және даму жолдары» тақырыбында облыстық семинар өтті. Оған облыс әкімі Бейбіт Исабаев, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылыми академиясының вице-президенті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің басқарма төрағасы, ректор Ақылбек Күрішбаев, Жетісу облысы  әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев,  қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының басқарма төрағасы,  ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, ҚР АШҒА академигі ШолПан  Бастаубаева, Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми зерттеу институтының басқарма төрағасы, биология ғылымдарының кандидаты Бақытжан Дүйсембеков, Қазақ мал шаруашылығы және жем-шөп өндірісі ғылыми зерттеу институты-ның басқарма төрағасы ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы  Айбын  Төреханов, Қаз ҰАЗУ халықаралық су инновациялық хабының басшысы  Анатолий  Рябцов қатысты.

Ғылыми-зерттеу институттарының жетістіктер көрмесімен танысудан бастау алған семинар ауыл шаруашылығы саласының қазіргі ахуалы мен  даму жолдарына арналды. Семинар-кеңесті Жетісу облысының әкімі Исабаев Бейбіт Өксікбайұлы ашып,  жүргізді. Ол өз сөзінде түгін тартсаң майы шығатын, жеріне шыбық қадасаң жеті күнде жеміс беретін Жетісу өңіріне  ғылыми зерттеу институттары мен ғылыми орталықтардың, әсіресе, аграрлық ғылымдағы жетекші рөл атқаратын белгілі академиктер мен профессорлардың  арнайы келуі – агроөнеркәсіп кешенінің дамуына тың серпін беретінін атап өтті.

«Ел Президентінің біздің өңірге қойған басты міндеті – халықтың әл-ауқатын жақсарту, адамдардың табысын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу. Жетісу облысы негізінен ауыл шаруашылықпен айналысатынын жақсы білесіздер, яғни, өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, аграрлық саланы әлеуметтік-экономикалық дамудың драйверіне айналдыруды жалғастырудамыз. Өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашу, сүт-тауар фермаларын, жылыжайларды және басқа да шаруашылықтарды құру саласындағы жұмыстар қолға алынуда. Шұрайлы жеріміздің мол байлығын әлі де толық игеру үшін тек инвестиция тарту ғана емес, өндірістің, қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібінің инновациялық дамуын қамтамасыз ету қажет екендігін атап өтіп, «Мен бүгін отандық ғылымның көш басшыларымен кездескеніме қуаныштымын. Сіздердің пайдалы кеңестеріңіз, жаңашыл ғылыми әзірлемелеріңіз ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің қол жеткізген жетістіктерін одан әрі еселеуге айтарлықтай ықпалы тиетініне сенемін!», – деген Бейбіт Исабаев өңірдің өзекті мәселелеріне қысқаша тоқталып өтті. Бұдан кейін сөз алған Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің басқарма төрағасы, ректор Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы Жетісу облысының ауыл шаруашылығы соның ішінде мал өсіру, көкөніс-жылыжай шаруашылығы, егіс және жайылымдарды жаңғыртуға, инновациялық суару технологиясын енгізуге, басқа да салаларды ғылыми тұрғыдан қолдауға отандық ғалымдардың дайын екендігін жеткізді. «Жетісу өлкесінде ауыл шаруашылығы дақылдарын және малдың гендік қорын жинақтау,  қалыптастыру,  зерттеу,  құжаттау  оларды тәжірибеде пайдалану, биотехнология мен гендік инженерияның қазіргі заманғы жетістіктерін енгізе отырып, ауыл шаруашылығы дақылдарының бәсекеге қабілетті сорттары мен будандарын шығару, мал тұқымдарын асылдандыру, ғылыми әзірлемелерді даярлау және өндіріске енгізу, АӨК мамандарын оқыту және ғылыми-консультациялық қызметтер көрсету мәселелерін ауыл шаруашылығында тікелей қызмет атқаратын мамандармен бірлесе талқылау үшін арнайы келдік», – деген Ақылбек Қажығұлұлы «бізде ғылым бар, өндіріс жоқ» екенін атап өтті. Сондықтан  шаруа қожалықтарындағы қызметкерлерге ғылыми-консултация беретін «Білім тарату орталығын» ашу туралы ұсынысын білдірді. Келелі кеңесте сөз алған облыс әкімінің  ауыл шарушылығына жауапты орынбасары Әлібек Әскербекұлы Жақанбаев «Жетісу облысы ауылшаруашылығы саласының қазіргі таңдағы ахуалы мен дамуы перспективалары» туралы баяндама жасады.

Ауыл шаруашылығы – өңірдегі маңызды экономикалық салалардың бірі. Қазіргі уақытта облыстық  агроөнеркәсіп кешенінің алдында бірқатар ауқымды міндеттер тұрғанын, ауыл шаруашылығы өндірісін тұрақты дамытуға  басымдық беріп, дақылдардың көлемін арттыру, қайта өңдеу саласының әлеуетін ұлғайту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайлы кеңінен баяндап, ауыл шаруашылығының даму көрсеткіштеріне тоқталды.  Мәселен өткен жылы жалпы  өнім көлемі 2,4% ұлғайып, 510 млрд. теңгені құраса (2021ж. – 421,5 млрд. теңге), биыл 544 млрд. теңгеге жеткізу жоспарлануда (2023ж. 5 ай-ында – 70,4 млрд. теңге, НҚИ – 101,5%). Азық-түлік өнімдерін шығару көлемі 2022 жылы 8,2% өсті (72,5 млрд.теңге). Жалпы облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен 150 кәсіпорын айналысатынын тілге тиек етті.  Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығын дамытуға бюджеттен 45,6 млрд. теңге қаражат қарастырылды, оның ішінде өндірісті субсидиялауға – 23,3 млрд. теңге және су шаруашылығы объектілерін жөндеуге – 6,8 млрд. теңге (жобалардың жалпы құны – 25,6 млрд. теңге), «Аграрлық несие корпорациясы» мен «ҚазАгроҚаржы» ұйымдары арқылы тауар өндірушілерді несиелендіруге – 15,5 млрд. теңге бағытталды (Аграрлық несие корпорация – 10 млрд. теңге, ҚазАгроҚаржы – 5,5 млрд.теңге).  Биыл егін шаруашылығында дақылдардың егіс көлемі 1,9 мың гектарға артып, 519 мың гектарға жеткізілді  деген Әлібек Әскербекұлы,  егіс алқабын әртараптандыру шеңберінде  дақылдардың көлемі артқанын атап өтті.  Атап айтқанда, қант қызылшасы 2 есеге (2022 ж. – 4,2 мың га, 2023 ж. – 8,5 мың га), дәндік жүгері – 15 пайызға (2022 ж. – 44,4 мың га, 2023 ж. – 51,2 мың га), көкөністер мен картоп – 2 пайызға (2022 ж. – 19,1 мың га, 2023 ж. – 19,5 мың га) ұлғайтылды. Егінге қажетті   56,2 мың тонна ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымдары толық қамтамасыз етілді (1,8 мың тн. – элита, 54,4 мың тн. – жоғары репродукциялы). Оның ішінде: отандық тұқымдардың үлесі 13 пайызды құрайды  деді. Жетісу, облысында 14 аттестатталған шаруашылық субъектілері жұмыс істейді, оның ішінде 8 элиталық (1-і көшеттік), 6 жоғары репродукциялы тұқым өндіруші қызметін жүзеге асырады.  Жыл сайын аталған шаруашылықтар 6,3 мың тонна масақты дәнді дақылдардың, 941 тонна жүгерінің, 5 тонна қант қызылшасының, 14 тонна күнбағыстың элиталық және жоғары репродукциялы тұқымдарын өндіріп, сорт жаңарту үшін ауыл шаруашылық тауар өндірушілеріне өткізеді. Соңдай-ақ, 4 атестатталған тұқым өткізушілер шаруашылықтардың өтінімдері бойынша қажетті шетелдік тұқымдармен қамтамасыз етуде. Сонымен қатар, алдағы уақытта картоп және майбұршақ дақылдарының тұқым өндірісін ұлғайту бағытында жаңа тұқым өндіруші шаруашылықтар қызметін жүзеге асыру жоспарлануда. Дегенмен, соңғы жылдары облыс шаруашылықтары ауыл шаруашылығы дақылдарының шетелдік тұқымдарына басымдық беріп жатқандығын айтып, ғылыми-зерттеу институттары, тұқым өндіруші шаруашылықтар мен сортсынақ уческелері отандық тұқым өндірісін ұлғайту, жаңа сұрыптарды қолданысқа енгізіп, сынақтан өткізу жұмыстарын бірлесе жүргізуі қажет,  – деді Ә. Жақанбаев. Бұдан кейін Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының басқарма төрғасы,  ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, ҚР. АШҒА академигі Шолпан Оразқызы Бастаубаева баяндама жасап, ауыл шаруашылығындағы түйінді мәселелерді баяндады.

«Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты шарттарының бірі »,  –  деп ҚР АШ министрі Е. Қарашөкеевтің сөзінен мысал келтірген Шолпан Оразқызы: –  Қазақ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының миссиясы ішкі және сыртқы нарықта өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібінің инновациялық дамуын ғылыми қамтамасыз ету болып табылады, деді.   Жиын барысында  институт өсімдік шаруашылығы және мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу; жаңа тамақ өнімдерін, жемшөп қоспаларын және құрама жем жасау саласында іргелі-қолданбалы зерттеулер жүргізу; азық-түлік және құрама жем саласына арналған микро организмдердің гендік қорын пайдалана отырып, препараттардың, БАД және ашытқылардың биотехнологиясы; тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар: ет және сүт саласы мен сою цехтарына арналған жабдықтардың үлгілерін аймақтық ерекшеліктерін ескере отырып, конструкторлық  құжаттама дайындау және сынау туралы айтылды. Қазақ қайта өңдеу және тағам  өнеркәсіптері ғылыми зерттеу институтына қаладағы бес институт кіреді. Алматы, сондай-ақ Астана және Семей қалаларындағы филиалдар. Бес институт пен оның филиалдарында ғылыми-зерттеу зертханалары, эксперименттік өндірістер бар. Институттың ғылыми зерттеулер жүргізуде, ғылыми қызмет нәтижелерін енгізу мен коммерцияландыруда мол тәжірибесі және қызметкерлердің біліктілігінің жоғары деңгейін атап өтіп, слайд көрсетілген етті мал шаруашылығын дамытудың 2027 жылға дейінгі бағдарламасына сәйкес ірі қара малдың саны 7 млн-нан 15 млн басқа дейін артуы тиіс екеніне тоқталды. Сиыр және қой еті өндірісі 600 мың тоннадан 1,6 млн тоннаға дейін ұлғаюы керек. Ал саланың экспорттық кірісі 2,4 млрд долларға дейін көбейеді. Ет өнеркәсібінде мал шаруашылығы шикізатын өңдеу үдерісінде негізгі өнім (ет және ет өнімдері) және қайталама шикізат (қан, сүйек, екінші санаттағы қосалқы өнімдер, шикі май, мүйізді тұяқты шикізат, тері шикізаты, тағамдық емес шикізат) алынады. Жыл сайын Қазақстанның ет саласында 200 мың тоннаға жуық қайталама ресурстар түзіледі, оның 20% — ы өнеркәсіпте қайта өңделеді деді. Біз енгізу және комерцияландыру үшін экспортқа бағдарланған өнімді өндіру мақсатында ішектерді қайта өңдеу технологияларын әзірледік деп тағы да слайд арқылы шұжық өнімдеріне, ет-сүйек,  тағамдық субөнімдерге, ферментативті препараттарға, құрама жемге және т.б. терең өңдеу кезінде құны шамамен 1600,0 мың теңгеге 1 тонна ірі қара мал сою жиынтығының жалпы сомасы 4800,0 мың теңгеге экспортқа бағдарланған өнім алуға болады. Яғни, өңделген ет өнімдерін сатудан түскен түсім 3 есеге ұлғайтылуы мүмкін.

Біздің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арналған әзірлемелеріміз өсімдік шикізатын, функционалдық шұжық өнімдерінің технологияларын және жануарлардан алынатын аз пайдаланылатын ресурстарды пайдалана отырып, ет консервілерін пайдалана отырып, жылқы етіне негізделген паштеттердің жаңа түрлерінің технологиясы, жылқы етіне негізделген табиғи ет өсімдіктен пісірілген шұжық өндіру технологиясын баяндап, отандық кәсіпорындар үшін ет экспорты өте тиімді болатынын айтты. Тек сиыр етін экспорттау есебінен тауар өндірушілер орта есеппен 27 млрд. теңге алды. Айта кету керек, мал шаруашылығы өнімдерінің шет елдерге экспорты артты. Қытайға барлық азық-түлік өнімдерінің импорты 28,8%-ға өсті. Бұл ретте ет өнімдері республика бойынша импортталатын үздік 3 өнімнің қатарына кіреді. Атап айтқанда, Иранға 5,5 есе, Өзбекстанға 20 есе, Арменияға – 17 есе, Ресейге 2 есе көбейді. Осылайша, Қазақстан экологиялық таза ет өнімдерін өндіруші ретінде танымал болып отыр. Бұл біздің сыртқы нарықтардағы артықшылығымызды отандық стандарттарды басым елдердің стандарттарымен үйлестіре отырып көбейту қажет. Органикалық және халал өнімдер бойынша ұлттық бренд өнімдерінің түрлерін кеңейту қажет.  Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында  ешкі сүті және қой шаруашылығы сүт нарығының шағын және баяу өсіп келе жатқан бөлігі. Қазақстанда ешкі мен қой сүтінен сүт өнімдерін шығару жеткіліксіз және тұтынушының ұсынылған нормаларына сәйкес келмейді. Сондықтан сүттің осы түрлерінен сүт өнімдерін өндіруді ұлғайту қазіргі кезеңдегі сүт өнеркәсібінің негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Біздің ғалымдар мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балаларды тамақтандыру үшін ешкі сүтінен пробиотикалық ақуыз өнімінің технологияларын, ешкі сүтіне негізделген балалар және диеталық тамақ өнімдерін, қой мен ешкі сүтінен ашытылған сүт өнімдерін өндіру технологиясын енгізді. Сондай-ақ, бие, түйе сүті негізінде дәстүрлі сиырдан функционалдық қасиеттерімен, тағамдық қасиеттерімен, оның ішінде лактозасыз және т. б. айтарлықтай ерекшеленетін тамақ өнімдерінің жаңа технологиялары әзірленді.

Осылайша біз функционалды қасиеттері жоғары және дәрумендер мен минералдарға бай диеталық сүт өнімдерін алып,  ұлттық брендтің түрлерін кеңейттік. Қазақстан Республикасы көкөніс, жеміс-жидек және бақша өнімдерін өндіру үшін айтарлықтай өндірістік және климаттық әлеуетке ие. Көкөністер мен жемістерді өңдеу саласы ел экономикасының басым секторларының қатарына кіреді. Республикада 2022 жылы 5 266 мың тонна жемістер мен көкөністер, оның ішінде көкөністер – 4 059 мың тонна, жемістер мен жидектер – 206,7 мың тонна өндірілді. Егіс алқаптарын әр тараптандырудың арқасында жоғары рентабельді дақылдар өндірісі ұлғайды: көкөніс дақылдары 3,9% – ға, бақша дақылдары 14,6% — ға ұлғайды. Елдің шикізатпен қамтамасыз етілуіне қарамастан жемістерді, көкөністерді және бақша дақылдарын өнеркәсіптік өңдеу үлесі елеусіз қалып отыр. Жеміс-көкөніс консервілерін өңдеуде өндірісті ұлғайту және импорттық алмастыру үшін айтарлықтай перспективалар бар. Сондықтан біздің институт осы бағытта белсенді айналысады. Стресстік жағдайлардың өсуінің және экологиялық жағдайдың нашарлауының қазіргі жағдайында адамның тамақтануында өсімдік шикізатын, атап айтқанда, жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеудің биологиялық құнды өнімдеріне маңызды орын беріледі, бұл аурулардың деңгейін төмендетуге және адам ағзасының өмірлік белсенділігінің иммунитетін арттыруға ықпал етеді. Біз функционалдық қасиеттері бар жеміс-көкөніс шырындарының технологияларын, функционалдық қасиеттері бар жеміс-көкөніс джемдерін, бақша дақылдарынан кондитерлік өнімдердің (мармелад) технологияларын әзірледік, бақша дақылдарынан (қарбыз, асқабақ, қауын) шырындар өндіретін шағын желі құрғандарын  слайд арқылы көрсетті.  Нан пісіру саласын дамыту мақсаттары  нан және нан-тоқаш өнім-дерінің сапасын арттыруды көздейді, халықты белсенді және салауатты өмір салты үшін белгіленген ұтымды тұтыну нормаларына сәйкес келетін көлемде және ассортиментте нан-тоқаш өнімдерімен қамтамасыз ету. Алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін мынадай міндеттерді шешу қажет  деп ауылшаруашылығындағы актуалды мәселелерді тілге тиек етті. Инновациялық технологиялар мен заманауи ресурс үнемдеуші жабдықтар негізінде нан-тоқаш өнімдерін шығаруды жолға қою; шығарылатын нан-тоқаш өнімдерінің ассортиментін кеңейту, оның ішінде өнімдердің тағамдық және биологиялық құндылығын арттыратын инновациялық технологияларды енгізу есебінен кеңейту, – диеталық және микроэлементтермен байытылған, оның ішінде ұзақ сақтауға болатын нан-тоқаш өнімдерін өндіруді ұлғайту. Жемшөп өндірісі бойынша, Рес-публиканың құрама жем өнеркәсібін дамыту мүмкіндігі зор. Әлемнің барлық елдерінде азық-түлік шығындары жыл сайын артып, оларды өндіруге арналған ресурстар азаяды. Сонымен қатар, құрамажемнің көптеген компоненттері тапшы болды, ал кейбіреулері басқа мақсаттарда қолданылады. Дәстүрлі энергетикалық ресурстардың қымбаттауы мен қысқаруы диетаға 80% немесе одан да көп астық компоненттерін қосу қажеттілігін туғызды, бұл теңгерімсіз құрама жемге әкеледі және биологиялық толыққанды өнімді қамтамасыз етпейді. Осыған байланысты жаңа жемшөп өнімдерін іздеу және шикізат ресурстарын тиімді пайдаланудың ұтымды технологиясын құру өте өзекті болып табылады. Бұл мәселелердің өзектілігі соңғы жылдары жануарлардың өнімділігінің өсуі азық-түлік базасының нашарлығына, ақуыздық және энергетикалық жемдердің, биологиялық белсенді заттардың жет-іспеушілігіне байланысты айтарлықтай тежелген кезде айқын бола бастады, нәтижесінде диеталар мен құрамажем құрамындағы өрескел ауытқуларға жол беріледі.

Біз әзірлеген түйіршіктелген құрама жем технологиялары жануарларға арналған жемді өзіндік құны төмен толыққанды және биологиялық байытылған өнімдермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ірі қара малға (сүт бағытындағы) арналған құрама жем технологиялары жемшөп қоспасы негізінде  «Азия Агрофуд» АҚ-ға енгізілді деді. Семинарда, Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми зерттеу институтының басқарма төрағасы, биология ғылымдарының канди-даты Дүйсембеков Бахытжан Әлішерұлы «Жетісу облысының негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарының зиянды организмдеріне қарсы қолданатын тиімді күрес шараларының технологияларын өндіріске ендіру»; Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми зерттеу  инс-титутының басқарма төрағасы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Төреханов Айбын Әдепханұлы – Жетісу облысында мал шаруашылығы мен жемшөп өндірісін дамытуды ғылыми қамтамасыз ету; «ҚазҰАЗУ Халықаралық су инновациялық Хабының басшысы Рябцев Анатолий Дмитриевич – «Жетісу облысында сумен қамтамасыз етуді арттыру және суармалы жерлерді ұлғайту перспективалары» тақырыбында сөз етті. Жиынды қорытындылаған Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев ҚазҰАЗУ басшылығының тың ұсынысын қолдайтынын, Талдықорған қаласында фермерлерге қызмет көрсететін «Білім тарату орталығын» немесе университет филиалының ашылуына барынша мүмкіндік жасауға дайын екендігін  мәлім етті.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ