Әруаққа ақша аударған бухгалтер

0
477

Жемқорлық деген жегі құрттың жұлынға кіріп алғаны сондай  отамен сылып тастай алмадық. Жеті басты айдаһардай бір басын шапсаң екінші, үшінші, төртінші басы сопаң етіп шыға келеді. Жұмыртқасын кеңге жайғаны сондай  қыл аяғы мектеп пен денсаулық саласының тамырына ұрық шашып қара сорадай қаулап тұр. Отыз жылғы тәуелсіз елдің омыртқасымен жұлынына ұялаған кеселдің тамырын қиып тастайтын ем-дауа қазірге табылмай тұр. Жоғарғы эшалоннан бастау алған жегі құрт етектегі естілерді есірткідей еліртіп тұр. Көздері қызарғандар бюджет қаржысын миллиондап, миллиардтап жұтып жатыр.

Әу  баста  балық  басынан шіріген соң не дауа. Елді ауызбірлікке, тазалыққа, ысырапқорлыққа, бөтеннің мүлкіне көз алартпауға, адалдыққа баулиды деген көсемнің өзі ағайын туысын жарылқап, шексіз байлыққа кенелтіп, қара су ішіп қалған халыққа екі сиыр асыраңдар деп тепсінгенде «мың асқанға бір тосқан» түбі бір болады-ау дескен жұрт.  Бюджет қаржысымен қазба байлықты талан-таражға салғандардың алды бүгінде түрмеде отыр. Жемқорлықтан көздеріне шел бітіп, халыққа шекесінен қарағандар  тәлім-тәрбиесі «мұрның барда бір сіңбір», «қолыңнан келсе қонышыңнан бас» дегенге саяды. Жоғарғының қам-қарекеті, көзбояушылығы төменге жұғысты болды. Бүгінгі қоғамда жемқорлық пен былғанбаған мекеме жоқ. Айды аспанға шығарып мектеп пен медицина саласы жемқорлықтың алдына шығып кетті. Ебін тапқан есепшілер тірі түгіл әруақтардың атына ақша аударып, қара бастарының қамын күйттеген. Талдықорған қаласындағы білім жүйесіндегі  заңсыздықтан соң  республика көлеміндегі барлық білім ошақтары  жаппай тексеруге алынды. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, жемқорлықтың жеті атасы білім ошағы мен  медицина саласында жатқанын жемқорлықпен күресетін мекеме сыбайластардың сазайын тарттырып жатыр. Ақпарат құралдарының бетін бермей тұрған да осы екі сала. Күнде еститінің  мектеп пен балабақша, медицина саласындағы жемқорлықтың шегінен шыққаны. Мемлекеттік бюджетті май шелпекке айналдырғандар түрлі схема құрып, қаржы жымқыруды әдетке айналдырған. Мемлекеттен бұл салаға барлық әлеуметтік баптарының үштен бірі бөлінеді. Осыған байланысты жемқорлықтың үлкен фактісі де осы салада болып тұр. «Алатау» қоғамдық-саяси газеті ұдайы осы жемқорлық саласын нысанаға алып келеді. Жемқорлыққа қатысты соңғы бірнеше жылда  білім жүйесінде жемқорлық бабы бойынша 143 адам сотталған. Бұл республикалық масштаб  бойынша мемлекетке келтірілген шығын – 11 миллиард теңге. Бұл соманың жартысы өтелген дейді құзырлы орган өкілдері. Мәселен, Ақтөбеде оқу орнының қаржы қызметкері 1 жыл ішінде өзінің шотына 200 миллион теңге аударған. Алматыда да қалалық мектептердің бірінің бухгалтері 193 миллионға жуық ақша ұрлаған  деп хабарлаған болатын  «inbusiness.kz» сайты.

«Жымқыру фактілері анықталған объектілер бойынша мемлекеттік аудит органдары бұрын тексерулер жүргізген, бірақ қандай да бір себептермен мұндай заң бұзушылықтарды ешкім байқамаған. Алматы облысында тексеру комиссиясының мемлекеттік аудиторы ұсталды. Ол пара алғанын мойындады және қазір айыпталып жатыр», – деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали. Жемқорлардың арсыздығын  дәлелдеген сыбайлас жемқорлықпен күресетін мекеме қызметкерлері қайтыс болған адамдардың атына ақша аударып алып отырғандарды айғақтаған. Бұл қылмысты республика бойынша жемқорлыққа шатылған барлық мектептерде байқалған. Енді осы келеңсіздікті болдырмау үшін сарапшылар  қайтыс болған адамдардың жалақысын аудару қылмысына қатысты барлық мектептерде «Face-ID» жүйесін орнату арқылы шешуге болатынын айтуда. Мектептегі бухгалтерлік есеп жүйелерін оқу-ағарту министрлігінің базаларымен біріктіру білім беру саласын басқа сыбайлас жемқорлық схемаларынан арылтуға көмектеседі дейді.

«Білім басқармасы бұл бастамаларға қарсы шығады. Мен «Face-ID» жеткізетін нарық қызметкерлерімен сөйлестім. Олар білім басқармасы бұл нарыққа кіруге мүмкіндік бермейтінін айтты. Себебі білім басқармасының қызметкерлері мектептерде мұғалім қатарында тұр. Олар – уәкілетті орган, мектептерді бақылайды, тиісінше, бірде-бір директор оларға ештеңе айта алмайды»,  –  деді  «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов. Ал жоғары аудиторлық палата өкілдерінің айтуынша, сыбайлас жемқорлық проблемалары министрліктер мен әкімдіктердің жауапкершілігінің болмауынан туындайтынын айтуда.

«Жалпы сипаттағы трансферттер ретінде берілетін ақша, яғни, жергілікті бюджетке түсетін субвенциялардың иесі жоқ және ол жай ғана жергілікті бюджетке айналады. Өңір әкімдігі оларды кез келген мақсатқа жұмсауға құқылы. Тиісінше, жоғары аудиторлық палатаның өкілеттігі жоқ», – деді жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Наталья Годунова. Жыл сайын желіндеп, қоздап жатқан жемқорлықтың үлкен фактісі Жетісу облысынан шыққан-ды. Облыс әкімі ақпарат құралдары және блогерлермен кездескенде бұл сауалдың алдынан кесе көлденеңдеп шығатынын біліп, жемқорлыққа қатысты білім беру саласында қызмет еткен 16 адам ұсталғанын айтқан-ды. Қылмыстық топқа басшы және екі білім беру бухгалтері, сондай-ақ, 13 мектеп бухгалтері кірген. Бұлар білім беру жүйесіндегі қаражатты жымқырудың тұрақты қылмыстық схемаларын құрғанын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлаған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет білім беру жүйесіндегі жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізіліп, ведомствоаралық кеңесте талдау қорытындысын жариялаған. Агенттіктің мәліметінше  соңғы үш жылда мемлекет білім беру саласын дамытуға 12,1 трлн теңге бағыттаған. Бұл 2021-2023 жылдарға арналған мемлекеттік бюджеттің барлық шығындарының 28%-ын құрайды.Әлеуметтік қолдау шараларына қарамастан білім беру саласы ең көп жемқорланған жүйе екенін айтты. Қоғамды дүр сілкіндірген тек қана Талдықорған  қалалық білім бөлімі қызметкерлерінің өзі 2,5 жыл ішінде 4,4 млрд теңгені ұрлаған.  Білім саласындағы жемқорлықтың асқынғаны сондай республиканың барлық аймағында есепшілер мен мектеп директорларының жең ұшынан жалғасқан сыбайластар бюджет қаржысын жымқырып келген. Қылмыстық схемалар құрған  Алматы, Шымкент қалаларында, Қызылорда, Ақтөбе және Алматы, Жетісу облыстарында ең ірі жымқыру фактісі тіркелген.  Жемқорлар жегенде де жілігін шағып майын сорып отырған. Айла-тәсілді қолданып, қызметкердің жалақысына оның лауазымына қарағанда әлдеқайда көп ақша аударған. Жалақы мектепте мүлдем жұмыс істемейтін адамдарға аударылып, қызметкерлердің шоттарына жалақы есептеліп, ал төлемдерде басқа тұлғаның тегі көрсетілген. Бір адамға ақша аударымдарын бірнеше рет аударған. Олар ақшаны «өлі жандарға» – туыстары мен жақындарына аударған. Жоғарыда аталған барлық жымқыру әдістері бір схема арқылы жүзеге асырылған.  Алдымен есепші төлем құжаттарын ведомстволық есеп жүйелерінен түсіреді. Әрі қарай  қажетті түзетулер қолмен енгізіліп, бұрмаланған мәліметтері бар құжаттар кейін төлемге жіберілген. Мұндай манипуляциялар мектептің аталған бухгалтерлік есеп жүйелері, Ұлттық білім беру базасы және Қазынашылық-клиент базасы арасындағы интеграцияның болмауына байланысты жүзеге асқан. Осындай фактілерді болдырмау мақсатында кеңес қорытындысы бойынша уәкілетті органдар арасында білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою жөніндегі «жол картасына» қол қойылды. Айта кетейік, «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, мұғалімдердің жалақысы екі есеге, ал ғылыми дәрежесі мен сабақтан тыс сабақтары болған жағдайда – үш есеге арттыруға мүмкіндік берілді. Білім саласынан «кем соқсақ, бізді жер соқсын» дегендей, жемқорлықтан медицина саласы да кем қалып тұрған жоқ. Ақмола облысы Көкшетау қаласының аурухана есепшісі 42 млн теңге ақшаны ұрлап әкетіп, 1,5 жылдан кейін ұсталған. Ведомствоның мәліметінше  күдікті 2020 жылдың желтоқсаны мен 2021 жылдың шілдесі аралығында Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансерінде бухгалтер-кассир болып жұмыс істеген. Ол біреудің электрондық-цифрлық қолтаңбасын заңсыз пайдалану арқылы шотынан шамамен 42 млн теңге сомасында ақшаны шешіп алып, кейін қашып кетіпті. 2021 жылдың шілдесінде Көкшетау қалалық полиция басқармасы Қыл-мыстық кодекстің 188-бабы 4-бө-лігі 3-бөлімшесі (аса ірі мөлшерде ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған.  Іздестіру шаралары барысында күдікті биылғы жылдың 24 сәуірінде Павлодар қаласында ұсталған.  Ақша көрсе ақылынан адасып қалатын бұл неғылған бухгалтерлер  дейсің. Ақыретте жатқан әруаққа  да  маза бермей, сыбайластық жасаған жемқорларға дауа жоқ қой! Бүліктің бәрі бухгалтерлерден шығып тұр.

 А. БҰЛҒАҚОВ

Сурет ғаламтордан алынды.


ПІКІР ЖАЗУ