ЖЕТІСУДА 365 ДӘРІГЕРДІҢ ШТАТЫ БОС ТҰР

0
320

«Адам жанының арашасы» дәрігер деген мамандықты екінің бірі меңгере алмайды. Тәнге сіңген кеселмен алысып, ажалмен арпалысатын дәрігерді сатирик Оспанхан Әубәкіров те әзіл-оспағына қосқан. «Басымыз ауырып, балтырымыз сыздағанда» алдына барып жүгінетініміз де осы дәрігерлер.

Жасыратын несі бар, тәуелсіздік алып, жекешелендіру дәуірі басталғанда жеке емхана ашып әрі бизнесін дамытып адам емдейтін ауруханалар саны көбейді. Олардың арасында білік-білімі жетілмеген дәрігерлер де толып жүр. Қазір қоғамда дәрігерлердің емдомынан кейін мүгедек болып қалды, не болмаса ажал құшты деп аттандап жатқан халықты көресің. Мәселен, «Көреміз» атты телевизиялық хабарда біліксіз дәрігерлерден дертіне дерт жамап алған науқастардың бірі мүгедек болып, ақыры журналистерге жүгініп, солардың атсалысуымен Түркияға барып емделіп, таяққа сүйеніп келгенін айтады. Бұл нені көрсетеді, бұл білікті маманның жетіспеуін көрсетеді. Жетісуда да білікті дәрігерлер жетіспейді.
Бүгінде мемлекеттік және жекеменшік ауруханалар болсын маман тапшылығын сезініп отыр. Бір дәрігердің бірнеше ауруханада жұмыс кестесімен жұмыс істейтінін жасыруға болмас, медицина саласындағы бұл олқылықтарды жоюдың неше түрлі тәсілі жасалды. Жергілікті билік медицинадағы маман тапшылығын жою үшін әкімдік тарапынан арнайы гранттар бөліп келеді. Бірақ мұнымен медицина саласы бүтінделіп кеткен жоқ. Жетісу өңірінде білікті дәрігерлердің жетіспейтіні бүгін ғана айтылып жүрген жоқ. Кешегі кеңестік кезеңде бес жыл оқып елді емдеген дәрігерлер қазір тоғыз жыл оқиды. Оның бәрі білікті маман болып шығып жатқан жоқ. Қыл аяғы тіс емдейтін дәрігерлер де қателікке жол беріп, адам өлтіріп алған оқиғалар болған. Ол Қарағанды және Қостанай облыстарында осыдан жеті-сегіз жыл бұрын болған оқиға еді. Қазір қалтасында ақшасы барлар шетел асып емделіп жүр. Тіпті медицина саласында көрші Өзбекстан мен Қырғызстан мемлекеттерінің медицинасы бізден озық деп сонда барып емделгендер айтып жүр. Бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпыз. Білікті дәрігерлер бізде де жетеді. Хирургиялық, травматологиялық, терапиялық, неврологиялық, онкологиялық салада озық тәжірбиелерімен әрі шипалы емдерімен ел алғысына бөленіп жүрген дәрігерлер қаншама. Бар айыпты дәрігерлерге итеріп қойған дұрыс та болмас, бәр гәп дәрі-дәрмектердің сапасына келіп тіреледі. Өзімізде өндіріліп жатқан дәрі-дәрмектермен қатар, шет-мемлекеттерден тасмалданатын дәрілердің құрамына қатысты бір кездері қоғамда қызу әңгіме болған-ды. Күні кеше ғана болған 2020 жылы «ковид» індеті кезінде қоймадағы дәрі-дәрімектерді жасырып, болмаса жекелеп сатқан дәріхана қожайындары да жауапқа тартылғанын ел ұмыта қойған жоқ. «Бірді айтып, бірге кеткендей болмайық», жемқорлықтың ұясы өршіген саланың бірі осы – денсаулық саласы болып тұр. Қаншама дәрігер жауапқа тартылды. Елді емдейді, медицинаны көркейтеді деген бас дәрігерлердің өздері бюджет қаржысын талан-таражға салғанын, жемқорлыққа қарсы күрес мекемесінің қызметкерлері айғақтап, жауапқа тартқан болатын. Мұндай сыбағадан Жетісу облысы да кенже қалмаған-ды. «Айғайласам шығады ащы даусым» дегендей, маман жетіспей жатқан салада әрі жемқорлықтың да жойылмағанын айтамыз. Қала оралығын былай қойғанда ауылдық емханаларда маман тапшылығы жойылмай тұр. Жетісу өңірінде білікті дәрігерлердің жетіспеуінен 365 дәрігердің штаты бос тұр. Одан бөлек 223 орта медицина қызметкері тағы жетіспейді. Ауыл-аймақты айтпағанның өзінде облыс орталығы Талдықорған қаласында 100-ге жуық маманның орны ойсырап тұр. Бұдан бөлек ауыл-аймақтарда дәрігерлердің жетіспейтіні жылда айтылады. Жетісу облысы жеке отау болып шыққалы дәрігер тапшылығы қатты сезілуде. Қазір өңірде 1696 дәрігер, 6740 орта медицина қызметкері жұмыс істейді. Ауыл-аймақтағы медицинаны жетілдіру мақсатында жыл сайын блокты-модульді медпункттар салынуда. Алайда, осы салынған мекемелерге қызмет жасайтын маман тапшылығы жанға батып тұр. Дертіне шипа іздеп, ауылдық емханаға барғандар маман тапшылығынан таксилетіп қалалық ауруханаларға шапқылауда. Онда бара қалғанда дереу қабылдай қойса жақсы, түске дейін, түстен кейін, болмаса ұзақ сонар кезекті күтіп, не талон алып, сарғайып кезек күтіп тұрған науқастар өкпе-реніштерін айтып жатады. «Ары-бері сабылудан шаршадық, емделеміз деп барып, дертімізге дерт жамап қайтамыз. Дәрі-дәрмектің де бағасы удай, жол ақысы ары-бері ол да қалтаға салмақ, тапқан-таянғанымыз дәрі-дәрмекпен таксиге кетеді. Бір күн ғана бара салғанымен мәселең шешілмейді. Ол жаққа қайта түрлі «анализдер» өткізесің, талон алып өліп-талып дәрігерге кіресің, араға екі күн салып не болмаса ертең қайта кел» дейді деп налиды ауыл тұрғындары. Міне, жергілікті емханаларда маман тапшылығы ауыл тұрғындарының бас ауруына айналған. «Амалсыз, халық емшілерін жағалаймыз. Олардың да кейде шипасы тиіп жатады. Оның өзінде ауылдың бәрінде халық емшілері жоқ, пәлен деген жерде емші бар, тамыр ұстайды екен, шөппен емдейді» дегенді естіп, бағасы удай дәрілерден қашқақтап, тәуіп іздеп кетеміз» дейді ауылдықтар.
Ауыл тұрмақ қаланың өзінде, гостролог, гематолог, вирусолог, инфектолог, нейрохирург, эндокринолог, эпелептолог, невролог, гастроэнтеролог секілді мамандар жоқтың қасы. Осы мамандарды алу керек дегелі он жылдың жүзі болыпты. Мәселе, әлі күнге күрделі күйінде қалып тұр. Осы түйінді шешу үшін, әрі қолда бар мамандардан айырылып қалмаудың жолын қарастырған облыс әкімдігі медицина саласына қажетті 44 маманға тұрғын үй мен қатар үстемақы төлеп, өңірлерде ұстап отырғандарын айтуда. Медицина саласындағы маман тапшылығы бүгін ертең шешіле салатын шаруа емес. Жоғары және арнаулы оқу орындарымен түрлі келісімшарттар жасап, маман тапшылығын жою мақсатында Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев та бұл түйткілді мәселенің түйінін тарқатуға күш салуда. Өңір басшысы басқарма басшылары мен орынбасарларына нақты тапсырма беруде. Нақты айтқанда, әлеуметтік қолдаудың қосымша шарасы ретінде аса тапшы мамандықтағы дәрігерлерге бес миллионға дейін төлем берілу шарасын қарастыруда. Бұл пікірді Бейбіт Өксікбайұлы халықпен кездесуінде айтқан-ды. 2023-2025 жылдары Жетісу облысының денсаулық сақтау ұйымдарын техникамен жарақтандыру үшін медициналық жабдықтарды сатып алуға 12,1 миллиард теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Бұл қаражат медициналық ұйымдардың жабдықтар мен медициналық техникаға қажеттілігін жабу үшін алдағы бес жылға жарақтандыру бағдарламасын бекіту жоспарланғанын айтты. Сон-дай-ақ, дәрігерлерді даярлаудың үздік сапасын қамту мақсатында Министрлік «Резиденттер ауылға және моноқалаларға» жобасын іске асыруға қатысты 377 резидент қатысып, 241 клиникалық тәлімдерді тарта отырып 156 клиникалық база іске қосылмақ. Бұл бағдарлама болашақ дәрігерлердің ауылдық денсаулық сақтау саласындағы жұмыстарын бір жүйеге түсіруге бағытталған. Бағдарлама туралы ойды Денсаулық сақтау министрі Жетісу облысына келген сапары барысында айтқан-ды.
Медицина саласы туралы сөз қозғалғанда маман тапшылығымен қатар дәрі-дәрмектер жайлы мәселе қатар өрбиді. Кейбір ауыр науқастар қолданатын дәрілердің бағасы да удай. Жалпы дәріханалардағы дәрілердің бағасы да әртүрлі. Бұл дәрі-дәрмектердің көбі шет мемлекеттерден келетіндіктен әрі өзімізде өндірілетін өнімдердің бағасы төмендеп тұрған жоқ. Ковид кезінде жеңіл дәрінің қатарына жататын «аспириннің» өзі негізгі тауарға айналып, қолдан-қолға өтіп, бес алты есе қымбат бағаға сатылғанын халық әлі ұмыта қойған жоқ. Жылдан-жылға дәрі-дәрмектердің де бағасы аспандап барады. Басқа-басқа «шыбын жанға шипа болар» деп дәрігер жазып берген дәрілердің өзі дәріханалардан табыла бермейді. Қала ішіндегі дәріханалардан шарқ ұрып іздеп жүресің. Ал, дәрігерлер тапшылығын тежеу үшін Денсаулық сақтау министрі А. Ғинаят ханымның айтуынша биыл министрлік мемлекеттік білім беру тапсырысының шеңберінде әр өңірлердің сұраныстарына орай 64 грант бөліпті. Мәселен, анестезиологтар-реаниматологтар – 6, инфекционистер – 1, терапевттер – 3, педиатрлар – 3, акушер-гинекологтар – 7, травматологтар – 7, отбасылық медицина – 2, хирургтар – 1. Сондай-ақ, жергілікті бюджет қаражаты есебінен 60 бейінді маманды даярлауға қаражат қарастырылғанын айтуда. Жетісу облысы жеке дара бөлінбей тұрғанда, Алматы облысының құрамында болғанда экс әкім Амандық Баталов та ішкі істер органдарымен осы денсаулық сақтау саласына баса мән берген-ді. Медицина саласын озық технологиялармен жабдықтауда әрі ауруханалар мен емханалар салудан қаржы аямады. Алайда, маман тапшылығын жоя алмады. Бір ғана Талдықорған қаласындағы көпсалалы аурухана және ковидке жұқпалы індет-
ке қарсы жаңа аурухана пайдалануға берілді. Туберкулез және балалар ауруханалары күрделі жөндеулерден өтті. Жаңа технологиялар мен құрал жабдықтар алынды. Шалғайдағы ауру-ханалар да жабдықталды. Бірақ, маман тапшылығын қалыпқа келтіре алмады. Жылдан-жылға елді мекендердегі халық санының өсуіне байланысты ондағы шағын ауруханалар мен емханалардағы ахуал әлі күрделі күйде қалып келеді. Соның бір парасы жылжымалы медициналық технологиялар. Жетісуда қазір төрт жылжымалы медициналық кешен жұмыс істеуде. Осы технологияның арқасында биыл алпыс алты мың ауыл қамтылған. Жыл соңына дейін 120 мың тұрғынды қамту жоспарлануда. Өткен жылы ауыл тұрғындары үшін профилактикалық тексерулер енгізіліп, облыс ауылдарының 7,5 мыңнан астам тұрғыны тексеріліп, 278 адам динамикалық бақылауға алынған.
Қазір қоғамды және медицина саласының мамандарын алаңдатып тұрған кеселдер: жоғары қан қысымы, қант диабеті, бүйрек патологиясы белгілері анықталған. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру үшін аурулардың диагностикасын жақсартуға күш салып, ауыл тұрғындарына скринингтер санын 11 түрге дейін ұлғайту жоспарлануда. «Мемлекет басшысы тапсырмаларының шеңберінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бекітілді. Ұлттық жоба шеңберінде 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектісінің, оның ішінде Жетісу облысында 59 объектінің, оның ішінде 2023 жылы – 25 объектінің, 2024 жылы – 34 объектінің құрылысы қамтамасыз етіледі», деді министр А. Ғинаят. Жетісу өңірінде бүйрек, өкпе, бауыр аурулары көңіл алаңдатып тұрғанын министр ханым тіліне тиек етті. Өңірлік медицинада донорлық трансплантация, нейроинтервенция, жоғары технологиялық медициналық көмекті дамыту керектігін айтқан министр бүйрек, өкпе, бауыр сияқты ағзаларды алмастыруға кезекте тұрған тұрғындардың саны жыл санап көбейіп бара жатқанын да тілге тиек етті. Бұл тек қана Жетісу өңірінде ғана емес, жалпы республика көлеміндегі күрделі мәселелердің бірі. Егер бұл үрдіс бір жүйеге түсіп, мәселе шешілсе, трансплантация, реципиент, донор арқылы Жетісу өңірінде науқастардың санын азайтуға болатынын айтып өтті. Осы кеселге қатысты облыстық аурухананың директоры Анарбек Монголхан облыста нейроинтервенция емін дамытып, миына қан құйылған науқасқа уақытында жедел көмек көрсететін күшке ие болсақ дейді.
«Медицина саласы дамыған мемлекеттермен тәжірибе алмасып, дәрігерлердің білімін жетілдіру жұмыстары жалпы республика бойынша қарқын алып келеді. Соның жарқын көрнісі Жетісуда бар. Халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында, облыс әкімдігі де бар күш-жігерлерін жұмылдыруда.

Бұл ретте облыс әкімі мен денсаулық сақтау басқармасы да үлкен қолдау көрсетуде. Қазір бізге білікті мамандар ауадай қажет. Сондықтан оларға барлық жағдайды жасауымыз керек. Бұл ең алдымен халықтың денсаулығына құйылған инвестиция болмақ әрі аурухана имиджін көтеруде басты рөл атқарады», дейді облыстық аурухананың бас дәрігері А.Монголхан. Оның айтуынша, облыстағы денсаулық саласындағы басты нысан күрделі жөндеуді қажет етеді. Нысанға бірнеше жылдан бері толыққанды жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Кеңес өкіметі тұсында салынған ғимараттың тағаны мықты болғандықтан ғана іске жарап тұр. Бұл мәселемен облыс әкімі Бейбіт Өксікбайұлы да таныс. Бұған мемлекет пен жергілікті әкімдік тарапынан барынша қолдау көрсетілуде. Аурухана күрделі жөндеуден өтсе, жоғары жағынан жаңа консультативті-диагностикалық ғимарат салу жоспарлануда.
Облыстық емхананың материалдық-техникалық жағдайын заман талабына сай жасау маңыздылығын айтқан бас дәрігер алдыңғы жылы 700 млн теңгеге 4, былтыр 110 млн теңгеге 5 күрделі медициналық құрылғы алынғанын, биыл бұл ігілікті іс жалғасын табатынын айтты. Біртіндеп заманауи аппараттармен толығып жатқандарын, жаңа емхана салудың жобалық-сметалық құжатында санитарлық эпидемиологиялық талап-тарға сай дәлізде бірнеше дәретхана болады. Енді бір палатада 2-3 адамнан артық жатпайды. Ең бастысы, тікұшақ қонатын арнайы алаң да осы аурухана маңына орналастырылады. Бұл өңірдегі басты нысан болғандықтан аталған жұмыстардың болуы маңызды әрі сырттан медицина қызметкерлерін тартуға жол ашатын тағы бір амал болмақ. Бүгінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы мамандардың білімін жетілдіріп, әл-ауқатын жақсартуға барынша күш салуда. Бірақ, өкінішке қарай нақты ұсыныстар әлі жасалған жоқ деген бас дәрігер Анарбек Монголхан тәжірибесі мол мамандар немесе шетелден үздік бітіріп келген жас дәрігерлер Талдықорғанға келуге құлықсыз екенін, оның екі себебі барын айтты. Біріншісі айлықтың аздығы болса, екіншісі, әлеуметтік кедергілер.
Бұдан бөлек облыс орталығында балалар ауруханасы, перинаталды, кардиологиялық, онкологиялық орталықтар, Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханалары бар. Бұлардың бәрі облыстық статусы бар мекемелер санатында. Мәселен, санитарлық авиациямен жеткізілген науқастың жағдайы төмен болса, тікұшақпен облыстық ауруханаға әкеліп, реанимацияға кіргізіп, көмек көрсетуге болады. Осылайша сырқаттың жағдайы қалыпқа келген соң мамандандырылған ауруханаға жеткізуге ешқандай кедергі жоқ. Бірақ, қалалық әуежайдан ауруханаға жету ұзақ уақытты алады, оған сырқат шыдамауы мүмкін. «Жедел жәрдем» жеткізем дегенше түрлі жағдайлар болуы ықтимал, сондықтан бұл істің шешімі тікұшақ қонатын алаңмен сабақтасуда. Бұл кең көлемде қаралатын мәселе. Медицина саласының кенжелеуі осы мәселеге де келіп тіреледі. Себеп, өңірдің бюжеттік көлемі шектеулі. Аграрлы өңір болғандықтан бар мүмкіндік әуелі ауыл шаруашылығына жұмсалады. Ал, халықтың денсаулығы бірінші орында тұруы тиіс. Қала тұрғындары өңірде білікті мамандардың тапшылығынан шыбын жандарына шипа іздеп Алматы не Астана секілді алып шаһарларға баруға мәжбүр. Сол себепті осы салада маман тарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілсе деген тілегін министрге жеткізді.
Жалпы Жетісуда 361 денсаулық сақтау мекемесі бар. Онда 10 мыңға тарта медицина мамандары қызмет етеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында алдағы екі жылда аталған жоба шеңберінде облыс бюджеті қаражаты есебінен 17 млрд теңге бөлінбек. Оған 116 медициналық нысан салынады деп жоспарлануда. «Денсаулық зор байлық» деп ұрандатып айтқан бұл саладағы күрделі мәселелер кезең-кезеңімен шешілуде.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ